Accessibility links

Астанадағы бір жатақхана тұрғындары наразылық шарасын өткізді


Астанада Темірбетон комбинатына тиесілі жатақхана тұрғындары жер дауына байланысты өз үйлерінің алдында наразылық шарасын ұйымдастырды. Олар өздерін жатақханадан комбинат басшылығы қыстың күні бала-шағасымен далаға қуып шықпақ, себебі комбинат басшылығы жатақхананың әр шаршы метрін нарықтағы бағасымен сатпақ дейді. Бірақ тұрғындар ешқайда кетпейтіндерін, Алматыдағы Шаңырақ елді мекеніндегідей теке-тіреске баруға дайын екендерін айтып отыр.

Астанадағы Угольная көшесінде орналасқан жатақханада тұрып жатқан 12 отбасынан 60 адам қарашаның 29-күні осы жатақхананың алдына шығып, наразылық шарасын ұйымдастырды. Бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес қаланың ішінде митинг ұйымдастыруға билік рұқсат бермейтіндіктен осындай шарамен шектелуге мәжбүр екендерін айтқан олар «Баспанамызды қайтар!» деген ұранды жатақхананың қабырғасына іліп қойды. Заң бойынша өз үйлерінде олар мұндай шара жүргізуге құқылы. Тұрғындар қазігі баспаналарын тастамаймыз, деп отыр.

Олардың айтуынша, кезінде 9 түрлі анықтама жинап Астананың тұрғын үй департаментінен осы жатақханада тұру құқын беретін ордердің көшірмелерін алған екен. Содан соң заңға сәйкес, осы құжаттың негізінде жалға беру келісімдерін жасаған. Осылайша, 10-20 жыл бойы комбинатта жұмыс істеген тұрғындар жатақханада тек коммуналды төлемдерін төлеп тұрып келген. Ал елде жекешелендіру басталған кезде комбинат басшылығы бұрынғы «Темірбетон комбинаты акционерлік қоғамының» атауын өзгертіп жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде қайта тіркеуден өтіп, кәсіпорынды жекешелендіріп алған.

Бірақ, жатақхана әлі жекешелендірілмепті. Екі қабатты ғимаратқа таласқан кәсіпорын бастығы Үстембеков пен тұрғындардың соттасып жатқанына 3 жылға жуық болды дейді жатақхана тұрғыны Жұмабай Қасенов.

Тұрғындардың жатақхана бөлмелерін жекешелендіріп алғысы келетіндігін естіген комбинат басшылығы бұл жатақхананы өзіне алып қалғысы келетіндей амалға көшті, дейді тұрғындар. Комбинат басшылығы тұрғындарды шығара алмай қиналса, тұрғындар құжаттарын толықтыра алмай отыр. Себебі, Астананың тұрғын үй департаменті жатақхана тұрғындарының ордерлерінің бір бөлігін белгісіз себептермен жоғалтып алыпты. Жатақхана тұрғыны Жұмабай Қасеновтың айтуынша, қалалық мекемелер бір-біріне сілтейді.

Алғашқы сот отырыстары болған кезде тұрғындар жеңіп шыққан болатын. Ал сот шағымдарының яғни, талаптардың бұрынғы мерзімі өтіп кеткен соң «Темірбетон комбинаты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің» бастығы Үстембеков қайтадан сотқа шағымданып, тұрғындарды заң бойынша сот арқылы шығармақ болды.

«Сендерде ақша жоқ, менде ақша бар, мен сотта жеңіп шығамын деп қорқытты», дейді тұрғындар. Осыған наразы тұрғындар аулаларына шықты. Олардың айтуынша, кәсіпорын басшылығы тұрғындарды шығарып жіберген соң оларға жатақхананың әр шаршы метрін 400 доллардан сатып алуға мүмкіншілік беремін деген. Жатақхана тұрғыны Жұмабай Қасенов өзінде мұндай ақша жоқ екенін айтады.

Сонымен бірге темірбетон комбинатының бастығы Үстембеков жатақханада тұратын адамдардың бәрін комбинаттан жұмыстан шығарып тастаған дейді тұрғындар.

«Өз еріктеріңмен кетпесеңдер еңбекақы төлемеймін, тіпті маған қарыз болып қаласыңдар деп қоқан-лоқы жасады», дейді комбинаттың бұрынғы жұмыскерлері. Ал жатақхананың өзін электр қуатынан ағытқан. Дәретханасы, ваннасы, телефоны жоқ жатақханада жарты жыл шамсыз отырғанына шағымданған тұрғындар өздерімен дауласып жүрген Үстембековтің сотқа өз келмей, тек өкілдерін, күзетшілерін жіберетінін де наразы.

Соңғы наразылық шарасы туралы да хабарлама жасалғанымен, Астананың тұрғын үй департаменті өкілдері де, Темірбетон комбинатының бастығы Үстембеков те бұл жиынға келмеді. Бұл жайтқа қатысты түсініктеме алу мақсатымен оларға телефон шалғанымызда кәсіпорын және мекеме басшылары орнында жоқ болып шықты.
XS
SM
MD
LG