Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.29.2007 жыл


Бейсенбі күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары және ақпараттық саясаттың бүгінгі жай-күйі туралы, сондай-ақ төртінші сайланған мәжіліс және оның жанынан құрылып отырған қоғамдық палата туралы мақалалар жарияланыпты.

«Түркістан» апталығы Қазақстандағы ақпараттық жағдайдың бүгінгі жай күйіне арнаған мақаласын «Бағдарсыз кеме» деп атапты. «Соңғы кездері Қазақстанның медиа-кеңістігінде «сатылады, сатылды, сатылыпты» деген сыпсың әңгімелер көбейе түскендей, бұған мысал саусақпен санарлық республикалық телеарналардың бірін ресейлік «СТС-медиа» телекомпаниясы сатып алғанына көп бола бермей енді міне тағы бір телеарнаның қожайыны ауысатын болыпты деген хабар ел ішіне тарап кетті. Әңгіме КТК коммерциялық телеарнасына қатысты болып тұр» деп жазады газет тілшісі. Қазақстанның «БАҚ туралы» заңына сәйкес шетелдік инвестор қазақстандық БАҚ-тың тек 20 пайыз акциясына ғана иелік ете алады. «Қағаз жүзінде 31-ші телеарна да, КТК да одан артық акциясын шетелдікке сата алмайды, ал 31-ші арна сатылғаннан кейін бұл ресейлік медиа алпауыттарының Қазақстанға келуінің басы деген пікір айтылған болатын» деп жазады «Түркістан» газеті. Осы басылымға пікір білдірген саясаттанушы Әзімбай Ғали ұлттық идеяның мүлдем айтылмайтын болғандығын тілге тиек етіп, «соңғы кездегі ақпарат кеңістігіндегі жағдай - олигархтарды бәсеңдету саясаты» деген пікір айтыпты.

Ал осы тақырып бойынша «Қазақстан-Заман» газеті бейсенбілік санында «Зиянды топтар және БАҚ» деген мақала жариялапты. Газет тілшісі Ахмет Аляздың айтуынша: «бүгінгі әлемдік БАҚ-дары алпауыт ақпарат орталықтарына бағынады, ал қазақстандық БАҚ-дары болса көп жағдайда әлемде болып жатқан қандай бір оқиғалар туралы ақпаратты өз тілшісінің тікелей қатысуымен не көзімен көріп тікелей бағалауымен емес, Рейтер, ИТАР-ТАСС, Ассошейтед пресс секілді әлемдік алпауыт ақпарат орталықтарының көзқарасы тұрғысынан береді, демек кез-келген оқиғаға адал баға беру тұрғысынан бұл БАҚ-дарының тәуелсіз болу қағидасына қайшы болмақ».

«Айқын» басылымы «Төртінші мәжілістің тұрпаты» деген атпен жариялаған мақаласында осы мәжілістің жон омыртқасын құраған «Нұр Отан» партиясының нағыз билеуші партияға айнала бастағаны туралы жазыпты. «Бұл жолғы мәжілісте қатаң партиялық тәртіп орнағандықтан депутат мырзалар құдды мектеп оқушыларындай қаздай тізіліп, отырыстардан қалмауға тырысады, көпшілігі артық-ауыс сөзден аулақ, сауысқандай сақ бола тұра қойдай жуас мінез көрсетуге тырысады. Сөйтсе де парламент қабырғасында өзін халық мүддесін жоқтаушы ретінде көрсеткісі келетін, эфир мен теледидар бетін бермейтін ньюсмейкер депутаттар да бар екендігі байқала бастады. Ол көшті Уәлихан Қалижан, Бекболат Тілеухан, Нұртай Сабилянов сынды депутаттар бастап барады, ал нағыз ньюсмейкер болуға тиісті Бақытжан Жұмағұлов пен Сергей Дьяченко екеуі мәжіліс пен партияның жүгін қоса арқалауға мәжбүр жағдайда» деп жазады «Айқын» басылымы.

«Тасжарған» газеті бейсенбілік санында «Идеялар палатасы бар ма?» деген тақырыппен мәжіліс жанынан құрылған қоғамдық палата туралы жазыпты. «Бұл палата деген - аурухананың бір бөлмесі емес, парламент қасынан құрылған жаңа құрылым, жаңа құрылым болғанда бұл кезіндегі НКВД, ПДС секілді көп комиссияларға ұқсайтын бірдеңе. Олай дейтініміз - мәжіліс депутаты Камал Бұрқановтың айтуынша, бұл парламентке жаңа, тың идеялар дайындайтын құрылым көрінеді, сонда парламенттің қос палатасындағы 156 депутат ай бағып, шошқа тағалай ма? Егер билікке жаңа идеялар керек болса онда Әкежан Қажыгелдиннің «Қалау құқы» кітәбін бір ақтарып шықса жеткілікті емес пе?» деп жазады «Тасжарған».

Ал осы басылымға сұқбат берген белгілі саясаттанушы Дос Көшім қоғамдық палатаның ережесімен танысып, оның мақсат-мүдделерін әбден білгісі келетіндігін, жалпы осындай құрылымдарда жұмыс істеген тәжірибесінің бар екендігін айтыпты.

«Свобода слова» газеті бейсенбілік санында осы қоғамдық палатаға кіруден елдегі оппозициялық партиялардың бас тартқандығы туралы жазыпты. «Қоғамдық палата жұмысына қатысуға шақырылған «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов бірден бас тартқан болса, «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев өзіне жіберілген шақыруды қабылдамай қайтарыпты, ал Серікболсын Әбділдин ақсақалдың Коммунистік партиясы қоғамдық палатаға мүше болудан бас тарта отырып, алайда оның жұмысын бақылауға өздерінің бір адам жіберетіндіктерін айтыпты. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшісі Жармақан Тұяқбай қоғамдық палатаға жауап ретінде Демократиялық реформалар жөніндегі Халықтық коалиция құруды ұсыныс етті» деп жазады «Свобода слова» басылымы.
XS
SM
MD
LG