Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.30.2007 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген басылымдарда Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2009-шы жылы төраға болу мәселесінің Мадридте қалай шешілетіндігіне түрлі болжамдар жасаған сараптамалық мақалалар мен алдағы жылдары Қазақстанда ВИЧ індетінің өсуі қаупі барлығын айтып дабыл қаққан мақалалар топтамасы жарық көріпті.

«Республика» апталығы жұма күнгі санында Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төріне шығу мәселесінің дүдәмал жағдайда екендігін жазыпты. «Мадридте бейсенбі күні басталған ОБСЕ ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кезекті мәжілісі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ары қарайғы тағдырының қалай болатындығын да сөйлеспекші. Бұған себеп - Ресей бастаған осы ұйымға мүше ТМД-ның жеті мемлекеті бұрынғы кеңестік кеңістігінде демократияның қалай болатындығы жөніндегі өз көзқарастарын алға итере отырып, жалпы осы ұйымның іс-қызметін жүргізуге кедергі жасайтындығын ашық айтып, қорқыту тактикасына бармақшы. Ал бейресми ақпараттар Қазақстанның 2009 жылы ОБСЕ-ге төраға болу мәселесінің кейінгі жылдарға қарай, бәлкім 2010 не 2011 жылға қалдырылуы мүмкін екендігін жарыса хабарлауда» деп жазады «Республика» апталық басылымы.

Қазақстан үшін аса маңызды мәселе болып тұрған осы тақырыпты көтерген «Егемен Қазақстан» газеті «Беделді ұйымының беті бері қарар ма екен?» деген сұраулы мақаласында Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық ету мәселесінің бүгін, яғни жұма күні Мадридте өтіп жатқан осы ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлер кеңесінің отырысында шешілетін болғандығын хабарлапты. «Сәрсенбі күні Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин осы кеңеске қатысу үшін Мадридке келді, осы кеңесте көптен бері түрлі әңгіменің арқауына айналған түйткілді жайға нүкте қойылмақшы» деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

«Жас қазақ» апталығы жұма күнгі санында Қазақстанның 2009-шы жылы ОБСЕ ұйымына төрағалық ету мәселесінің кейінгі бірер жылда Қазақстанның сыртқы саясатында басымдыққа айналғанын айта келе, кешелі-бүгін Мадридте бас қосқан ОБСЕ-ге мүше елдер енді Қазақстанның осы ұйымға төраға болу, болмауын талқылап жатқандығын жеткізіпті. «Қазақстанның осы ұйымға төрағалық ету ниетін, жасыратыны жоқ, әркім әрқилы қабылдап жатыр. Ұйымға мүше кейбір мемлекеттер мен ел ішіндегі саяси күштер, соның ішінде оппозиция Қазақстанның ондай таққа, атаққа лайық еместігін дәлелдеп бағуда, олар осы жылғы тамыз айындағы парламент сайлауы мен конституцияға енгілген өзгерістердің демократиялық принциптерге сай еместігін алға тартып отыр» деп жазады «Жас қазақ». Ал ендеше Мадридте қандай шешім қабылдануы мүмкін деген сұраққа газет тілшісі «шамасы, Қазақстанға таңдау жолы ұсынылатын тәрізді, яғни Қазақстан ОБСЕ-ге төраға бола алады, бірақ ол 2009-шы емес, сәл кейінірек, ал бұған Қазақстан келісетін сияқты» деп жауап қайтарыпты.

«Айқын» басылымы жұмалық санында Қазақстанда ВИЧ індетін жұқтырғандар саны 2010 жылға қарай бес есеге дейін өсіп, дәрігерлер тізіміне іліккен науқастардың жалпы саны 50 мың адамға таяп қалуы мүмкін деп дабыл қағыпты. «Расында да бұл көрсеткіш қазақстандықтарды қатты үрейлендіріп отыр, елде қазір осы індеттің таралуы өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге көбейген, тек биылғы жылы ВИЧ індетін жұқтырды деп 1683 адам есепке алынса, республика бойынша 9083 адам жұқпалы дерттің шеңгеліне ілігіпті, олардың 35 пайызы тепсе темір үзетін 20-39 жас аралығындағы қыз-жігіттер» деп жазады «Айқын» басылымы. Осы басылымға сұқбат берген республикалық орталықтың эпидемиологиялық бақылау бөлімінің меңгерушісі Лолита Ганина «иммунитет тапшылығы науқасының республика бойынша барлық аймақта біркелкі еместігін, биыл Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының пайыздық үлесінің артқанын, сондай-ақ ВИЧ вирусын жұқтырғандардың 73 пайызының жұмыссыздар екендігін» айтыпты.

«Экспресс-К» газеті жұма күнгі санында Шымкент қаласында жаңадан салынып жатқан облыстық қан орталығына қатысты тағы да айқай-шудың шыққаны туралы хабарлапты. «Бұл жолғы айқай-шуды осы стратегиялық нысанды салып жатқан германияның MMMGroup компаниясы көтеріп отыр» дейді газет тілшісі. «Батыс компаниясы ВИЧ індетінің тарауынан талай жүз сәбидің тағдыры тәрік етілген осы Оңтүстік Қазақстан облысындағы жаңа қан орталығына қойылатын технологиялық құрал-жабдықтардың бүгінгі талапқа сай еместігін айтып дабыл қағып, тіпті бұл туралы президент әкімшілігіне дейін жазған болатын. Ал осы мәселенің анық-қанығын тексеру мақсатында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, жаңадан салынып жатқан қан орталығындағы технологиялық процестердің жағдайын тексеруді тапсырды. Ол комиссия болса қан орталығына қойылатын технологиялық жабдықтар талапқа сай деген қортынды шығарды, ал неміс компаниясы болса шу көтеруін тоқтатар емес» деп жазыпты «Экспресс-К» газеті.
XS
SM
MD
LG