Accessibility links

Қашаған мұнай кен орны бойынша Қазақстанның жобадағы үлесін көбейтуге шетелдік инвесторлар келісетін сыңайлы


«Қазмұнайгаз» компаниясының мәліметінше, «Eni» компаниясымен қатар жобадағы барлық дерлік инвесторлар «Қазмұнайгаздың» жобадағы үлесін арттыруға келісіп отыр. Ал, энергетика министрлігі, келіссөздер әлі бітпегендігі себепті, әзірге ақпарат беруден бас тартып отыр.

Қашаған мұнай кен орны бойынша шетелдік инвесторлар Қазақстанның жобадағы үлесін көбейтуге келіссе, инвесторлар өз үлестерінің бір бөлігін жергілікті компанияға беруге тиіс болады. Бірақ, әзірге қандай шетелдік компанияның қарсылық білдіріп отырғандығы және «Қазмұнайгаздың» қандай пайыздан дәмелі екендігі жөнінде ашып айтылмады.

Қазақстанның энергетика министрі Сауат Мыңбаевтың кеңесшісінің айтуынша, эфирде айтылған кез-келген сөз Қазақстан позициясына әсер етуі мүмкін.

«Келіссөздер әлі өтіп жатыр, осы жыл соңына дейін жалғасады және ол құпия», - дейді өзінің толық аты-жөнін атағысы келмеген кеңесші «Азаттық» тілшісіне.

Бұл даулы мәселе биыл жазда «Eni» компаниясы Қашағаннан мұнай өндіру мерзімін 2010 жылға дейін шегергеннен кейін басталды. Және бірінші жоба құны 19 миллиард долларға дейін қымбаттайды деп хабарланған-ды. Қазақстан жағы 40 жылға ескерілген жалпы жоба құны 57 миллиардтан 136 миллиард долларға дейін қымбаттағандығын жеткізді. Өнім бөлісі жөніндегі келісімге сәйкес, мұнай өндіруге кеткен шығын өссе, яғни кен орнына кеткен шығын толық өтелмейінше, Қазақстан қазынасына төлемдер түспейді.

О бастағы жобалық мерзімнің кейінге шегерілуі салдарынан республика қазынасы жоспарлы қаржыдан қағыл,анын алға тартқан Қазақстан үкіметі италияндық «Eni» компаниясы жетекшілік ететін консорциумның Қашаған мұнай кен орнын игеруін уақытша тоқтатқан болатын. Ал, операторлардың мердігерлерге сілтеме жасап айтуынша, Қашаған мұнай өндіруге өте ауыр кен орыны. Және мұнай саласында қызмет көрсететін компаниялардың жұмысы барған сайын қымбаттап барады.

Ал ресми Астана жергілікті «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы бұл жобаға «Eni» сияқты толық құқылы екінші ортақ оператор болуын қалайтындығын жеткізді. «Рейтер» агентігінің есімін жасырған мұнайшыға сілтеме жасап хабарлауынша, Қашаған мұнайы теңіз түбінен тереңде жатыр. Және үлкен қысым кесірінен жарылыс болуы ықтимал. Яғни, техникалық және қаржылай мүмкіндігі төмен «Қазмұнайгаз» компаниясы бұл мұнайды бәрібір игере алмайды, дейді мұнайшы.

Енді Қазақстан үкіметі мен шетелдік компаниялар консорциумы арасындағы 30 қарашада аяқталады деген көліссөздер 20 желтоқсанға қалдырылғаны айтылып жатыр. Қазақстан тарабы, егер келісім болмаса, онда біржақты шара қолданамыз деп отыр.

Биыл жазда Қазақстан парламенті «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өзгеріс енгізегеннен кейін жер қойнауын пайдаланушылармен жасалатын келісім-шарттарды бұзу үшін Қазақстан тарабына, яғни Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне сотқа шағымданудың қажеті жоқ. Және барлау және өндіру саласындағы стратегиялық маңызы бар Кен орындары бойынша заңның кейінгі күші болады.

Бұған алаңдаушылық білдірген ЕуроОдақ өкілдері болса бұндай ахуал Қазақстан экономикасына шетелдік инвестициялардың азаюына әкеп соғуы мүмкін дейді. Консорциум өкілдерінен ақпарат алуға мүмкіншілік болмады. Геологтар Қашағанда 5 миллиард тоннаға жуық мұнай қоры бар деп пайымдайды.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG