Accessibility links

Алматы полициясы «Нұрбанктың» жоғалған қызметкерлерінің өлтірілгені туралы жаңадан қылмыстық іс қозғады


Алматыдағы Алмалы аудандық сотында «Нұрбанктың» бұрынғы басшылары Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың ұрлануына байланысты Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен қозғалған іс бойынша өтіп жатқан сотта қазір үшінші эпизод бойынша куәлардан жауап алу басталды. Бұл эпизодта «Нұрбанк» сейфінде сақтаулы жатқан банктың бұрынғы шаруашылық бөлім басшысы Айбар Хасеновтың жеке жинағы мен қымбат заттары сақтаулы сейфті кім, қалай ашқаны туралы күдіктілерден жауап алынып жатыр. Сонымен қатар Қазақстанның бас прокуратурасының аға пркуроры Владимир Кириленко Алматы қалалық ішкі істер департаменті Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың өлтірілгені туралы жаңадан қылмыстық іс ашқанын хабарлады.

«Рахатгейт» тағы бір қылмыстық іспен толығып отыр. Енді, жедел іздестіру шаралары туралы заң талаптарына сәйкес, әзірге өлі-тірі екені белгісіз Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың өлтірілгені туралы жаңадан қылмыстық іс ашылды.

«Заң талабына сәйкес, егер жоғалған адамдардан үш ай бойы хабар болмаса, қылмыстық іс ашылуы керек. Бірақ, қылмыстық істің ашылуы сол іс бойынша сот ісі болады дегенді аңғартпайды. Алдымен ол адамдарды табу керек, одан соң, егер өлгендері рас болса, оған кімнің қатысы бар екенін анықтау керек. Содан соң барып сот болады деуге болады. Ал заң талаптарына сәйкес екі айға дейін осы қылмыстық іс ашық болады. Егер оған дейін адамдар табылмаса, онда бұл іс жабылады, бірақ жедел іздестіру шаралары жалғаса береді», - деді «Азаттық» тілшісіне аға прокурор Владимир Кириленко.

Аға прокурор Владимир Кириленко осыған дейінгі сот тыңдауы барысында Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің 31-ші қаңтар күні «Нұрбанктан» ұрлап әкетілгені толығымен және осы ұрлыққа қатысты деген 12 адамның айыбы да толық дәлелденді деп есептейтіндігін айтты.

Сейсенбі күнгі сотта алғаш рет Еуропалық, яғни Австрия-Германияның телевидениесінің өкілдері келіп сот барысын түсіріп кетті. Сонымен қатар сот барысында айыптылар қатарында отырған Рахат Әлиевтің жеке күзетінің басшысы Айдар Бектібаевтың жүрегі қысылып қалған соң, сот үзіліс жариялап, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болды.

Ал «Нұрбанк» сейфіндегі Айбар Хасеновке тиесілі деген жеке жәшікті ашуға және ондағы сақтаулы қаржыны Рахат Әлиевтің алуына жәрдем берген «Нұрбанктың» ішкі қауіпсіздік қызметінің басшысы Ерлан Сәрсенбеков екендігі анықталды. Бірақ ол сотта «ашуын ашқанмен онда қанша қаржы барлығын және оны Рахат Әлиевтің алғанын көргенім жоқ» деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG