Accessibility links

АҚШ агенттіктерінің жаңа баяндамасынан кейін Теһранға қарсы қысым күшейе ме, әлде әлсірей ме?


АҚШ барлау агенттіктерінің жаңа баяндамасында Теһран, бұған дейін Вашингтон ойлағандай, ядролық бағдарламасын дамытып отырған жоқ, ол оны 2003 жылы халықаралық қысым күшімен тоқтатқан деп жазылған. Бұған байланысты Батыс елдері енді Иранға қарсы уран байытудан бас тарту қысымын әрі қарай жалғастыра бере ме, болмаса Вашингтонның еуропалық одақтастары қауіп-қатер бұрынғыдан азайды деп Иранға қатысты қысымын тоқтата ма деген тәрізді сауалдар туындай бастады.

АҚШ-тың 16 барлау агенттігінің деректері жинақталған жаңа хабарламада Иранның ядролық бағдарламасын 2003 жылы халықаралық қысым күшімен тоқтатқандығы турасында жазылған. АҚШ барлау агенттіктерінің Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мұндай қорытынды жасап, жариялауы бірінші рет.

Мұның өзі Теһран уран байыту технологиясын жетілдіруді жалғастырып жатқандықтан Иранның ұмтылысын ақтай ала ма? АҚШ президенті Дж.Буштың ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Стефен Хадли барлау агенттіктерінің хабарламасын былайша суреттеді:

- Мұның өзі Иран ядролық қару алуды дамытып жатыр деген біздің мәлімдеулеріміздің дұрыс болғандығын көрсетеді. Екінші жағынан алғанда хабарлама оны, демек қарулануды, болдырмау жолында біздің алға басқандығымызды білдіреді. Бірақ та бұл бізге Иранның ядролық қаруға ие болу мүмкіндігі күрделі проблема болып қала беретіндігін де көрсетіп тұр.

Хадлидің сөзіне қарағанда, Иранға ядролық қару бағдарламасын тоқтатып, келіссөздерді жалғастыру туралы талап қойғанда Вашингтонның стратегиясы дұрыс болған.

Мұндағы басты мәселе Иранға қарсы АҚШ-тың қысым жасауына қосылған Еуропа елдері Америка барлау агенттіктерінің мұндай баяндамасына енді қандай реакция жасауы мүмкін дегенге саяды. Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Николя Саркози екеуі де Еуропа елдері мен компанияларын Ирандағы инвестицияларын кері алып кетуге шақыратындықтарын айтқан болатын.

Гамбургтағы Германия Таяу шығыс институтындағы Иран бойынша маман Хеннер Фуерти өз ойын былайша білдіреді:

- Мұнда канцлер Меркель мен оның сыртқы істер министрі Франк Валтер Штейнмайер арасында пікір қайшылықтары бар. Осы таңертең ғана берген сұхбатында Штейнмайер өзінің Иранға қатысты сыртқы саясаты дұрыс болғанын айтты, онда келіссөз бен ұсыныс, қысым көрсету бәрі де аралас болған. Ол белгілі бір деңгейде канцлермен қайшы келеді. Канцлердің саясаты қысымға көбірек бағытталған.

Ал Францияда болса көпшілік бұқара арасында Иран саясаты турасында талқылаулар жиі бола бермейді. Дегенмен де Францияның халықаралық қатынастар институтындағы аймақтық талдаушы Денис Баучардтың айтуынша, АҚШ барлау агенттіктерінің жаңа хабарламасы Францияда өзіндік резонанс тудыратын болады. Баучард ең алдымен бұл баяндамадағы барлық ақпарат-деректер мұқият зерттеліп, тексерілетін болады дейді.

Сарапшы сондай-ақ баяндамада берілген деректер нақты болған күннің өзінде Иранда шын мәнінде не болғандығын түсініп-білудің өзі тым қиын-күрделі екендігін аңғартады деп атап көрсетеді.

Ал бұл аралықта Иран мемлекеттік телеарнасы сөз болып отырған баяндама Иранның ядролық бағдарламасы тек қана бейбіт мақсатты көздеген бағдарлама екендігінің дәлелі деген тұрғыда хабарлар тарата бастаған. Иран сыртқы істер министрі Манучер Моттаки АҚШ-тың көзқарасы енді шынайлыққа жақындап келеді деген пікірін білдірді.

Тағы бір айта кетерлігі баяндама Иранға қарсы бағытталатын санкциялардың үшінші айналымына қатысты Ресей мен Қытайға жаңа уәждер айтуға мүмкіндік береді. Міне осындай себептерден де алдағы күндерде АҚШ-тың өз ішінде де, одан сырт жерлерде де бұл баяндамадағы дерек-ақпараттарға жіті назар аударылары айқын.

Мәселен барлау агенттіктерінің мұндай хабарламасы Америкада Буштың Иран дағдарысы жайындағы пікірталас пен талқылауларға негіз болды. Дүйсенбі күні АҚШ сенатындағы демократтар жетекшісі Харри Рейд әкімшілік енді Иранға қатысты дипломатиялық бағытты басшылыққа алады ғой деп үміттенетіндігін айтқан.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG