Accessibility links

Қазақстан президенті Қашаған мұнай кенорнына қатысты даулы мәселенің шешу жолдарын ұсынды


«Қашаған мұнай кенорны бойынша мұнай табу мерзімін кешіктірген шетелдік инвесторлармен келісім-шарт бұзылмайды». Бұл туралы Астанада желтоқсанның 7 күні шетелдік инвесторлармен өткен кеңестен кейін президент Назарбаев журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде хабарлады. Ал Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Жан Лемьер заңдылық пен әділдік сақталса келісім-шарттарды қайта қарауға келісуге болады деген көзқарасын жеткізді.

Президент Назарбаевтың айтуынша, Қашаған мұнай кенорны бойынша мұнай табу мерзімін кешіктірген шетелдік инвесторлармен келісім-шарт бұзылмайды.

«Олар Қазақстанға шығынды өтеп береді немесе Қазақстан жобадағы құнды қағаздар үлесін ұлғайтады. Бұл жөнінде қазір келіссөздер өтіп жатыр», - деді президент Назарбаев.

Бірақ, бұл жолы «Қазмұнайгаздың» қандай пайыздан дәмелі екендігі жөнінде хабарланбады. Бұл мәселе биыл жазда «Eni» компаниясы Қашағаннан мұнай өндіру мерзімін 2010 жылға дейін ысырған соң басталған-ды. Президент Назарбаевтың айтуынша, 1997 жылы келісімге келген кезде консорциум бірінші мұнайды 2005 жылы береміз деп уәде берген.

«Бір рет мерзімді кейінге қалдыруға келістік, себебі, кенорны ауыр, шығындар өсіп келеді, ал екінші рет мерзімді кешіктірген кезде біз Қазақстанның қанша жоғалтатындығын есептей бастадық», - дейді президент.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Eni» компаниясымен қатар жобадағы барлық дерлік инвесторлар «Қазмұнайгаздың» жобадағы үлесін арттыруға келісіп отыр. Тек бір компания – американдық «ExxonMobil» ғана қазақстандық «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының осы жобаға ірі қатысушы болуына қарсы болып отырғаны айтылған болатын. Ал Еуропалық қайта құру және даму банкісінің президенті Жан Лемьер келісім-шарттарды қайта қарауға қалай қарайсыз деген сұраққа заңдылық пен әділдік сақталса келісімге келуге болады деген көзқарасын жеткізді.

Қазақстан тарабы Қашаған жобасы бойынша келісім болмаса біржақты шара қолдануы мүмкін екенін ескерткен-ді. Оған биыл «Жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өзгеріс енгізілген соң мүмкіндік туды. Бұл өзгерістерден кейін барлау және өндіру саласындағы стратегиялық маңызы бар кенорындары бойынша заңның кері күші болады деген норма енді.

Бірақ, президент Назарбаевтың айтуынша, мұнай саласында инвестиция азаяды деген қауіп жоқ, керісінше, инвестицияны ұлғайтамыз деген ұсыныстар өте көп.

«Жер қойнауын пайдалану туралы заңға енгізілген өзгерістердің бұған дейінгі жасалған келісімдерге кері күші болмайды, - деп сендірді президент Назарбаев. - Бізге жаман инвестициялық климат жасаған тиімсіз, ал шетелдік инвесторларға бұрынғы контрактілерден бас тарту жағдайы тиімсіз. Осы екі жақты адамдар ойлаған соң келісімге келеді. Біз біреудің табысын әділетсіз тартып алғымыз келмейді. Бір нәрсені қайтарып алғымыз келмейді. Біз бұл түзетулерді қолданайын деп жатқан жоқпыз».

Сондай-ақ президент Назарбаев болашақ контрактілердің қалай жасалатыны екі жақтың келісіміне байланысты болатынын атап айтты. Сарапшылар бұл жобаға Батыс пен Ресей қарап отыр, дейді. Ал, Қашаған мұнайы «Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнайқұбыры арқылы өте ме деген сұраққа президент Назарбаев:

«Біздің саясатымыз көпвекторлы. Егерде Ресей жағы көбірек мүмкіншілік берсе, біз сол жаққа барамыз, егерде басқа жол болмаса, онда біз Кавказға барамыз. Бұл жерде саясат жоқ - таза экономика», - деп жауап берді.
XS
SM
MD
LG