Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.11.2007 жыл


«Нұрбанктің» жоғалып кеткен банкирлеріне қатысты сот ісінде сол банкирлердің бірі Айбар Хасеновтің әйелі Шолпан Хасенованың «Әсем» сауда үйіне қатысты мәлімдемесі республикалық басылымдарда әртүрлі болжамдар мен тұжырымдар тудырып отыр. Сонымен бірге Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев - сейсенбілік газеттердің назарында. Басылымдардың бірі оның мекемесінің мәдениетке көп көңіл бөліп отырғандығын баяндаса, енді бір газеттер, керісінше, қазақстандық суретшілерді шетелге танытуда министрліктің ешқандай іс тындырмай отырғандығын сынға алады.

Қоғамда «Рахатгейт» деп аталып жүрген Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктеріне қатысты соттың жүруі және онда жаңа деректердің ашылуы республикалық басылымдардың назарын аудартып отыр. Мысалы, «Время» газеті жоғалып кеткен банк қызметкері Айбар Хасеновтің әйелі Шолпан Хасенованың Алматыдағы «Әсем» сауда үйіне қатысты істе соттан өзін жапа шегуші ретінде танымауды сұрап, өзінің талап-арыз қайтарып алғанын жазады. «Сонда сіз сауда үйі туралы келісім-шартты заңды деп есептейсіз бе?» деген сұраққа ол: «Күйеуім келген соң өзі шешеді. Соттың тезірек біткені жақсы», - деп жауап берген. Сонымен бірге ол қандай негізде сауда үйіне қатысты істің тоқтатылуын талап ететіндігін айта алмаған. Оған қоса «Әсем» сауда үйінің мұрагерлері болып табылатын балаларының мүддесін неге ойламайсыз?» деген мемлекеттік айыптаушылар сауалына да жоғалған банкирдің әйелі мардымды жауап таба алмаған.

«Айқын» газеті де сотта жоғалған банкирдің әйелінің өзін ұстауы назар аудартқанын жазады. «Осы уақытқа едйін ешқандай нақты ұстанымын айтпаған Хасенованың өзінен гөрі сотта оның сенімді өкілі көбірек сөйледі. Хасенованың көп сөзі түсініксіз болғанымен, «маған ешкім қысым жасаған жоқ. Мен өзім солай шештім» дегенді бірнеше рет қайталап айтты», - дейді «Айқын» газеті.

Сондай-ақ ол «Рахат Әлиевтің кінәсін кешірмейтінін, оның Хасеновтар отбасына келтірген материалдық шығындардың, жоғалған мүліктердің орнын толтыруын талап ететіндігін айтты», - деп жазады газет тілшісі. «Литер» газеті «Сот аяқталып, менің күйеуім келеді» деген мақалада Айбар Хасеновтің әйелінің сауда үйіне қатысты тек үш адамға қарсы істің тоқтатылуын қалағанын екшелейді. «Адвокаттың неліктен мұндай «амнистия» тек тек үш адамға қатысты қолданылды дегенде, Шолпан: «Өйткені, мен солай қалаймын», - деді. «Ол соттың тезірек аяқталуымен оның күйеуінің оралу мерзімі тікелей байланысты екендігін айтты», - дейді «Литер» газеті.

Бұл уақытта «Жас алаш» газеті «Әсемнің» қожайыны кім: Құлыбаев па, Әлиев пе?» деген мақала жариялады. Онда мақала авторы «Әсем» сауда үйіне қатысты былық-шылық өте көп болып шықты. Рахат Әлиевтің нұсқауымен қылмыстың ізін жасыру үшін сауда үйі бірнеше адамның атына аударылған. Солардың бірі – Серкеев» дей келе, оның осы саудадан түскен ақшаны Рахат Әлиевтің бір қалтасынан алып, екінші қалтасына салып бергендігін» тілге тиек етеді. Әрі қарай газет тілшісі интернет сайтарда жарияланған тағы бір ақпаратқа назар аударады. Онда «Әсем» сауда үйіне қатысты президенттің келесі бір күйеу баласы Асқар Құлыбаевтың аты аталғанындығын баяндайды «Жас алаш» газеті. «Сайтта жарияланған ақпараттарға сенсек, Рахат Әлиев ауыз салғанға дейін «Әсем» сауда үйінің қожасы «БиЛаКом» ЖШС болған. Оның қожасы – Асқар Құлыбаев екен. Тек 2006 жылы құрылтайшылардың бірі болып Айбар Хасенов тіркеліпті. Сонда бұл не? Нән құдалардың «төс соғыстыруы» ма? Әлде...», - деп ойын аяқтайды «Жас алаш» газетінің тілшісі.

Сейсенбі күні жарық көрген газеттер сонымен бірге Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың соңғы мәлімдемелеріне және оның мекемесінің жұмысына назар салады. «Литер» газеті «Сөз үшін емес, бостандық үшін» деген мақалада министр «БАҚ туралы» заңға өзгерістер енгізу мәселесі парламентте 2008 жылы қаралатындығын мәлімдеген. Сонымен бірге мақалада министрдің 2012 жылға қарай мәдениетті қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің 1 пайызын құрайтындығын және бұл алдыңғы қатарлы әлемнің 50 елінің қатарына енудегі шарт екендігін айтықандығы жазылған.

«Ертісбаевтың шетел тәжірибесін үйреніп, 50 ел клубына кіргісі келетіндігі қуантады, бірақ ол министр қызметі барысында бірде бір рет Қазақстан суретшілер жобасын шетелге таныстыру жұмысымен айналысқан емес», - дейді «Время» газеті. Әрі қарай мақалада бүгінгі күнге дейін отандық суретшілерді шетелге танытумен айналысып келген Алматы Сорос қазіргі өнер орталығының ғимаратынан айрылып, оған Мәдениет және ақпарат министрлігінің назар салмай отырғандығы жазылады.

«Айқын» газеті «БАҚ-тың бағы ашылады» деген мақалада Қазақстанда жақын уақытта «Интернет туралы» арнайы заң қабылдануы мүмкін екендігі жазылады. «Парламентте өткен Үкімет сағатында Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев халық қалаулыларынан Интернет туралы заңды Мәжіліске әкелгенде қолдауды сұрады. Министрдің айтуынша, осының арқасында қандай сайттың артында қандай олигарх тұрғандығы жария болмақ», - дейді «Айқын» газетінің тілшісі.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG