Accessibility links

Атырау халықаралық әуежайында оқыс оқиға орын алды


Қазақстанның Төтенше жағдай жөннідегі министрлігінің баспасөз қызметі желтоқсанның 10-ы күні таңертең Атырау халықаралық әуежайында Атыраудан Алматыға ұшар алдында ішінде 129 жолаушысы «Эйр Астана» әуекомпаниясының «Бойнг-767» ұшағының ұшу жолында оқыс оқиғаға ұшырағандығын хабарлады. Сондай-ақ осы оқыс оқиға салдарынан зардап шеккен жолаушылардың жоқ екендігін және ұшақтың зақымданбағаны хабардар етілді.

Оқиғаға байланысты сейсенбі күні «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілдері Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және журналистер қауымымен кездесіп, болған оқиғаның себебін түсіндіруге тырысты. «Эйр Астана» әуе компаниясының әуе оқиғаларын тексеру жөніндегі менежері Серей Шиповскихтің айтуынша, «Боинг 767» ұшағы ұшуға бағыт алған сәтінде жолдан кенет тайып, әуе кемесі 180 градусқа оқыс бұрылып, аударыла жаздаған. Тәжірибелі ұшқыштар басқарған «Боинг» ұшағының бұндай оқыс оқиғаға душар болуына Атырау әуежайындағы ауа райының қолайсыздығы әсер еткен болуы керек, өйткені оқиға болардан бұрын күні-түні қара аралас жауған жаңбырдан соң келесі күнгі 8 градус суықта ұшу алаңындаға жол үсті қатып, көк тайғаққа айналған дейді «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілі.

«Атырау – Алматы» бағытымен ұшқалы тұрған ұшақ ішіндегі 129 жолаушы мен экипаждың 10 мүшесі дін аман екен. Қазір болған оқиғаның себебін тексеру жұмыстары жүріп жатыр дейді компания өкілі.

Ал осы «Эйр Астана» әуе компаниясының қоғамдық байланыс департаментінің бастығы Зухра Сұлтанованың айтуынша, Атырау халықаралық әуежайы ауа райының қолайсыздығынан ұшақтарды қабылдай алмайтын жағдайда болғандықтан, уақытша әуежайды жауып отыр.

Оқыс оқиға салдарынан ұша алмай қалған жолаушылар тиісті ережеге сай қонақ үймен және ас-сумен қамтамасыз етілді, қалай ауа райының жағдайы жақсарады ұша алмай қалған жолаушыларды жолдарынан қалтырмай тиісті жерлеріне жеткіземіз дейді ол.

«Эйр Астана» әуе компаниясының ұшақтарының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі компанияның негізгі мақсаты болса да жолаушылар арасында осыны түсінбейтін ұшу қауіпсіздігіне тікелей әсер ете алатын оқиғалар саны азаймай отыр дейді әуе компаниясының өкілі Зухра Сұлтанова. Оның айтуынша, жуырда, яғни қарашаның 29-ы күні, Астанадан Стамбұлға ұшып бара жатқан осы компанияның «А-320» ұшағы ішінде екі жолаушы сөзге келісе алмай ұрысып, оның соңы үлкен төбелеске айналған. Төбелеске екі жақтан оншақты адам қатысқандықтан ұшқыштар ұшақты жол-жөнекей Атырау халықаралық әуежайына төтенше жағдайда қондыруға мәжбүр болған. Соның салдарынан әуе компаниясына 2 млн 414 мың теңгенің шығыны келген. Компания өкілі ол шығынды төбелесті бастаған азаматтар есебінен төлетуді сұрап сотқа арыз-өтініш дайындап жатқанын хабарлап отыр.

З.Сұлтанованың айтуынша, биылғы жылдың өзінде 70-тен астам осындай оқиғалар болыпты. Бұның тең жарымдайы жолаушылардың ұшақ ішінде темекі шегіп ұшу қаупісіздігі ережелерін бұзуы болса, қалғаны көп жағдайда ұшақ ішінде спирттік ішімдіктер ішіп алғандардың тарапынан ұшақ қызметкерлеріне жасалатын түрлі дөреклік және қоқан-лоқылық жағдайлар екен. Ал осындай тәртіп бұзушыларға тиісті шара қолдануға қазіргі қолданыстағы заңның солқылдақтығы кедергі келтіріп тұр дейді әуе компаниясының өкілі.

«Эйр Астана» әуе компаниясының әуе паркінде «Боинг» және «Айрбус» үлгісіндегі 18 ұшақ бар. Компания Қазақстанның мемлекеттік «Самұрық» холдингісі мен Англияның BAE System компаниясының біріккен кәсіпорны болып саналады.
XS
SM
MD
LG