«Мысалы, Қазақстанның бұрынғы Австриядағы елшісі Рахат Әлиев ұзақ жылдар бойы өзінің қызметін пайдаланып, қылмыстық әрекеттер жасағанда жанындағы президенттің күзет қызметі қайда қарап отырды?» дейді.
Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясының мүшесі Сәт Тоқпақбаев Алматы шатқалындағы Шымбұлақтан заңсыз берілген жерлерді анықтау тек президенттің тікелей араласуымен ғана шешілгенін айтады:
- Алматының түбіндегі жер мәселелері жайында қаралды емес пе? Ол тек Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысынан кейін ғана тексерілді. Неге құқық орындарының қызметкерлері қателіктері үшін жауап бермейді. Австриядағы Қазақстанның бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің заң бұзушылық жасаған істеріне біраз уақыттар болыпты. Неге арнайы органдар көріп, уақытында шара қолданбады?
«Азаттық» радиосы: - Сөзіңіз аузыңызда, Рахат Әлиевке қарсы, оның қылмыстық әрекеттерін, жемқорлықтарын әшкерелеп, 2001 жылдың аяғында үкімет құрамындағы жас шенеуніктер қарсы шыққан жоқ па? Бірақ олардың өздері қуғынға ұшырап, түрмеге жабылды ғой? Бұған не айтасыз?
Сәт Тоқпақбаев: - Мен оны білмеймін. Сіз не деп отырсыз? Кешіріңіз менің уақытым жоқ.
Экс-депутат Серікбай Әлібаев мәжіліс мүшесі Сәт Тоқпақбаевтың бұл үндеуі президенттің тапсырмасымен жасап отыр деп санайды:
- Бұл кісінің өзі де министр болды. Бұл кісі де талай жылдардан бері лауазымды қызметтерде болды. Сол кезде өзі неге үндемеді? Менің ойымша, қазір депутаттардың арасында бір адам осы мәселені көтеріп, елді тазалау мәселесін қозғап жатыр. Расында да 2001 жылы үкіметте жүрген жас азаматтар Рахат Әлиевке қатысты бәрін айтып, президенттің көзін ашқан сияқты болды. Бірақ ол кезде президент ешкімді тыңдамай, Рахат Әлиевті кешіре салды. Сол кезде шара қолданып, босатса, онда ел осы кезде басқа жағдайда болар еді. Онда мүмкін Заманбек Нұрқаділов те, Алтынбек Сәрсенбайұлы да аман болушы ма еді?!
Қазақстаның Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Астана филиалының жетекшісі Серікбай Әлібаевтың пікірінше, бұл үндеуден таяу арада қазіргі үкіметтің отставкаға кететіндігін болжауға болады:
- Соңғы кезде, менің естуімше, әсіресе Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қызметтен кетіп жатқандар көп екен. Олардың саясатына, бүгінгі жағдайларға қарсылық білдіріп, ашық айта алмай кетіп жатыр екен. Барлық мәселені президент ғана шешеді. Егер әрі қарай шара қолданбаса, біздің елдің басына қауіп келіп тұр.