Accessibility links

Қазақстандық арақ-шарап өндірушілер үкіметтің бұл іске толық мемлекеттік монополия енгізу жоспарына қарсы


Қазақстан үкіметі жақын арада алкогольдік ішімдіктер өнімін толығымен өз бақылауына алу туралы шара қарастырып жатыр. Оған Қазақстандағы алкоголь ішімдіктерін өндірумен айналысатын компаниялардың басын біріктірген «КазАлко» бірлестігі наразылығын білдіріп, үкіметке бұл мәселені ешкімге зияны тимейтіндей жолмен қалай шешуге болатынын айтып өз ұсынысымен шығып отыр. Екі жақтаың да ұсыныстарын талқылау комиссиясы қаңтардың аяғында өз шешімін айтуы керек.

Қазақстанда арақ-шарап өнімдерін шығару жеке кәсіпкерлерге берілген және Қазақстанда алкоголь өнімдерін шығаратын 35 кәсіпорын «КазАлко» ассоциациясына біріккен. Олардың өнімдері Қазақстандағы арақ ішімдіктерінің 96 пайызын, шарап ішімдіктерінің 35 пайызын құрайды екен. Енді міне осы ассоциацияны құрайтын кәсіпорындардың бәрі қайтадан мемлекет бақылауына көшуі мүмкін. Себебі, мемлекет осы салада монополия енгізу шараларын қарастырып жатқан көрінеді. Кейбір ақпарат көздері Қазақстанда шығарылатын алкоголь өнімдерінің жартысы дерлік көлеңкелі жолмен шығарылған акциздік және бақылау маркаларымен сатылуы себепті қазына жылына 4-5 миллиард теңге салық алмай жатқанын айтады. Мемлекет осы салада монополия орнатудағы мақсаты осындай келеңсіздіктерді реттеуді де көздеп отырса керек. Осы мәселені түсіндіріп беруді өтініп салық комитеті мен экономика министірлігімен байланысқанымызда ешкім мардымды мағлұмат бермеді. Десе де, салық комитетінің акциздер бөлімінің бастығы Нұржан Байғазиев елде үкімет басшысының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, қазір осы салада мемлекеттік монополия енгізген елдердегі тәжірибені зерттеп жатқандарын айтты.

«Ол жайлы есепті баяндамамыз ақпан айында дайын болады. Монополия енгізудегі негізгі мақсатымыз - халықтың денсаулығы, көлеңкелі бизнеске тосқауыл қою», - дейді салық комитетінің өкілі.

Ал «КазАлко» ассоциациясы президентінің орынбасары Әміржан Қалиев монополия енгізудегі үкімет мақсатын былай деп түсіндірді:

«Үкіметтің бұл саланы мемлекеттік меншікке алу мақсаты, біріншіден, көлеңкелік бизнеске тосқауыл қойғысы келеді. Ол жағынан біз өзіміздің ұсыныстарымызды беріп отырмыз. Екіншіден, үкімет мемлекеттік меншікке алу арқылы үкімет тарапынан қадағалау күшейеді деп есептейді. Ал біз ол өте қате ұғым деп отырмыз. Мысалы, Совет үкіметі кезінде де мемлекеттік меншік болды, бірақ ол кезде де маскүнемдік жағдай не ішімдікке берілу жағдайы қазіргіден көп болмаса, аз болған жоқ».

Кейбір басылымдар үкіметтің бұл қадамын ішімдікке қарсы күрес шарасы ретінде деп те түсіндіріпті. Алайда қазақстандықтардың қазіргі күндері қанша арақ-шарап ішетіні туралы «КазАлко» ассоциациясы президентінің орынбасары Әміржан Қалиев былай дейді:

«Бізде жылына, адам басына шаққанда, 12-13 литр арақ ішіледі екен. Ал енді бізде, арақ-шарап өндірісінде, абсолюттік спирт, яғни 100 пайыздық спирт деген ұғым бар. Егер сол өлшеммен өлшесек, адам басына 7-8 литр спирттен келеді. Ол, біздің ойымызша, өте көп емес. Мысалы, Францияда жылына әр адам 63 литр шарап ішеді екен. Оны орташа күшін он градустан есептесеңіз, шамамен 6-7 литр абсолютті спирт боп шығады. Ол да біздің елде ішілетін ішімдіктер шамасында. Бірақ Францияда біздегідей у-шу көтеріп, маскүнемдер көбейіп кетті, бақылауды күшейту керек, мемлекеттік меншікке алу керек деп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан, біздің жағдайда асықпай, барлық мәселені қоғаммен ақылдасып шешкен дұрыс деп ойлаймыз».

Мамандар Қазақстанда осы алкоголь өнімдері саласының маңында бір миллиондай адам жұмыс істейтіндігін айтады. Сондықтан алдағы уақытта өз жұмыстарынан айрылып қалу қаупі төнген арақ-шарап шығарушылар ассоциациясы Қазақстан президеніне арнайы хат-ұсыныс жолдаған. Президент үкіметке осы ұсыныстар ескерілуі тиіс деген тапсырыс та беріпті. Ол ұсыныстарда алкоголь өнімдерін шығаратын кәсіпорындар да зиян шекпейтіндей және бюджет те шығын көрмейтіндей бірқатар нақты шаралар айтылыпты.

Кеңестік билік дәуірінде алкоголь өнімдеріне монополия жариялау бірнеше рет болғаны мәлім. Олардың ешқайсысы да нәтижесіз аяқталғанымен, ел қазынасы осы шара арқылы әжептеуір қаржы жинап қалған екен. Осы орайда Қазақстан үкіметінің де шарасы осындай мақсат көздеп отырған жоқ па деген көкейде сауал туады.
XS
SM
MD
LG