Accessibility links

Шымкент соты Маятастағы қылмыстық оқиғаға айыпты деп таныған 16 жастағы бозбаланы 8,5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды


Осыдан бір жарым ай бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданына қарасты Маятас ауылында орын алған оқыс оқиғаға орай 16 жасар жасөспірімге Шымкент соты үкім шығарды. 4 жасар сәбиге зорлық көрсетті деп айыпталған жасөспірім 8,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Маятас елді-мекенінде 4 жасар балаға зорлық көрсету оқиғасына орай қозғалған қылмыстық істі қараған Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты үкім шығарды деп хабарлады желтоқсанның 13-і күні «Азаттық» радиосына Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер басқармасының баспасөз-хатшысы Салтанат Қаракөзова:

«Жасөспірімді 8,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы соттың үкімі желтоқсанның 12-сі күні шықты».

Сотта айыптаушы прокурор айыпталған жасөспірімді 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сот сотталушының бұрын сотталмағанын және кәмелеттік жасқа толмағанын ескеріп оны 8,5 жылға бас еркінен айыруға үкім шығарған. Жасөспірім жазасын жалпы тәртіптегі түзеу мекемесінде өтейтін болады деп хабарланып отыр.

Биылғы жылы қазан айының 28-і күні осы облысқа қарасты Төлеби ауданының ішкі істер басқармасына Маятас елді-мекенінің тұрғыны арыз жазып, қазанның 20-сы күні күндізгі сағат 2-лер кезінде өзінің 4 жастағы кішкене ұл баласын әлгі ауылда тұратын 16 жасар жасөспірімінің зорлап, жәбірлегенін айтады. Бастапқыда баланың шешесі оқиғаны жасырып қалуға тырысыпты, бірақ әкесі бірнеше күн өткен соң естіп, полицияға шағымданған.

Осыдан кейін қарашаның 1-іне қараған түні әлгі ауылға 25-50 жастағы бір топ адам жиылып келіп, күдікті жасөспірім тұратын үйдің ауласындағы шөбін, қора-жайын өртеп жіберген. Сонымен бірге олар сол үйдің көршісінің саз балшықтан жасалған үйіне өрт қойған. Осы оқиғалардан кейін іле-шала облыстың полиция қызметкерлері облыста күрд отбасылары тұратын аудандардағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, бақылауға алған болатын.

«Жасөспірімнің істегені, әрине, жақсылық емес. Қай ұлт болмасын - бәріміз Қазақстанның заңына бағынамыз. Сот үкім шығарса, кінәсі заң бойынша дәлелденсе ол адам жазасын таруы керек», - деген пікірін білдірді Қазақстандағы күрд қауымдастығының мүшесі Үсен Амиров.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының полициясы Маятас аулындағы күрд отбасыларының үйін өртеп, мүлкін жойды деп күдіктелген 7 адамға қылмыстық іс қозғаған болатын.

«Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дос Көшім:

«Соттың тез үкім шығарғаны мені таңғалдырып отыр. Бұл жерде 8 жылға кесілген қылмыскерге қандары қайнаған қазақтың жеті жігітіне одан да көп жыл бере ме деген менің каупім бар. Ши қай жақтан бірінші шықты деген мәселеге назар аударып, тараптарды тең ұстамауы, шынында көңілге күдік ұялатады. Бізге белгілісі, қазірге күрд отбасыларының үйін өртеп, мүлкін жойды деп күдіктелген 7 жігітке қылмыстық іс қозғалғаны, олардың ешқайда кетпеу жөніндегі қол хатпен жүргені ғана мәлім», - дейді.

Амир Үсенов қоғамда мұндай келеңсіз оқыс оқиғалар Қазақстанда тұратын ұлттар арасына сызат түсірмеуі тиіс деген ой айтады.

«Соңғы уақытта бой көтере бастаған мұндай оқиғаларға сыртқы күштер әсер етуі мүмкін. Өйткені, бірінші ұйғырлар мәселесін, одан кейін шешендер, енді күрдтер мәселесін шығарды. Бұл ұлттар арасына іріткі салуды көздейтін белгілі бір топтардың әрекеті. Олар бұрын да болған, қазір де бар», - дейді Амир Үсенов.

Дос Көшім бұл істе биліктің атқарып жатқан іс-әрекеттеріне сын айтады:

«Қазақстанның әр түпкірінде болып жатқан ұлттар арасындағы жанжалдарды бүгінгі билік тек заң арқылы басып тастаумен ғана шектеліп отыр. Осы ұлтаралық мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бұл - үлкен қателік».

Ресми мәліметтер бойынша, Оңүстік Қазақстан облысында 7,5 мың күрд ұлтының өкілі тұрса, оның тең жартысы Төле би ауданын мекендейді. Жалпы, ресми деректерге сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанда 100-ден астам ұлт пен 40-тан астам конфессия өкілдері өмір сүреді.
XS
SM
MD
LG