Accessibility links

Алашорда үкіметінің 90 жылдығын Қазақстан қалай атап өтті?


Осыдан тура 90 жыл бұрын, 1917 жылғы желтоқсанның 5-13 аралығында, Орынбарда 2-ші жалпықазақ құрылтайы өтті. Жиынның күн тәртібінде барлығы 10 мәселе қаралып, Қазақ автономиясы – Алашорда үкіметі құрылып, оның төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланған еді.

Биыл Алашорда үкіметінің құрылғанына тоқсан жыл толды. Алайда сол кездегі алаш қайраткерлерінің тәуелсіздікке ұмтылған еңбектері, өнегелі істері тәуелсіз Қазақстанда республикалық деңгейде атап өтілген жоқ. Оған қазіргі үкімет бюджеттен ақша бөлмепті де. Ал сол кездегі алаш қайраткерлерінің арман тілегі, тәуелсіз Қазақстан тұсында орындалып жатыр ма?

«Керегеміз ағаш, ұранымыз алаш» деп өскен қазақ даласының көкірегі ояу азаматтары екі ғасырға жуық отаршылдық санада өссе де, 20 ғасырдың басында демократиялық мақсатта екі бірдей автономия құрды. Олардың бірі Мұстафа Шоқай бастаған Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясы болса, екіншісі 1917 жылы 13 желтоқсанда жарияланған Алашорда үкіметі. Азаттыққа ұмтылған мемлекеттіліктің негізін жасаған екі оқиғаға да биыл тоқсан жыл толып отыр. Бірақ, қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күресі мен сол күресте құрбан болғандардың қасіретінің өшпек белгісі іспеттес осы атаулы оқиға өз деңгейінде атап өтілмпей, ескерусіз қалды. Бұл мәселені мәжіліс депутаты Жарасбай Сүлеймен осыдан бірер күн бұрын парламент мінберінен көтеріп еді:

- Отаршылдыққа қарсы күрескен, іргелі мықты дербес ел болу идеясын ұсынған алаштың қайраткерлері емес пе еді? Сол үшін жанын пида еткен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сияқты арыстарымыздың рухына тағзым етсек, бүгінгі ұрпақты алаш қайнарынан сусындатсақ артық болатын ба еді?

Үшінші шақырылымның депутаты болып тұрғанда «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов те үкімет басшысына Алашорда үкіметінің тоқсан жылдығын республикалық деңгейде атап өтуі жөнінде мәселе көтерген еді. Алайда қазіргі премьер министр Кәрім Мәсімовтің жауабы төмендегідей болды дейді ол:

Маған жауап жазып жіберіпті, әрбір 25 жыл сайын мерейтойларды атап өтеміз деп. Сонда, қазақ өзі қазақ болғалы тарихындағы жаңа ұғымдағы бірінші үкіметтің құрылғаны ұлы оқиға ғой?! Мұны әрбір жыл сайын атап өтсек те артық болмайды.

Алашорда үкіметін құруға атсалысқан алаш қайраткерлерін зерттеуші, белгілі тарихшы Дихан Қамзабекұлы сол кездегі алаш қайраткерлері ұмтылған тәуелсіздікке қазіргі ұрпақ қол жеткізгенімен, бірақ олар діттеген мақсатқа әлі де жете алмай отыр дегенді айтады «Азаттық» радиосына:

- Олар қазақ халқы әлемдегі басқа ұлттармен, елдермен терезесі тең тілі де, діні де, ділі де Конституцияға сай дамыған ел болса деп армандады. Ал ондайға біздің қазір тіліміздің жағдайы мүшкіл болып тұр. Елде түрлі діни секталар басып кеткен жағдай болып тұр. Білім, мәден кеңістікте де бәсекелестікке қабылеттілігін көрсететін жағдайлар аз болып тұрғанын көріп тұрмыз.

Қазақстан алғаш тәуелсіздік алған жылдары жоғары лауазымды қызметтерде болған, қазір «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов бүгінгі биліктен моралдық азғындықтың салдарын көріп отыр:

- Бір лауазымнан бір лауазымға секіріп, тіпті Кеңес дәуіріндегі лауазымдарын егемендік кездегі лауазымға айырбастай салғандар үшін тәуелсіздіктің де тезі түсініксіз, сынағы да түсініксіз. Олар үшін бір басшылық жерден, екінші бір басшылыққа ауыса салған сияқты. Себебі, ешқандай тежеусіз қоғамның мүлкіне қол салып жіберу мүмкіндігі пайда болған кезде қарпып, асап, қай жолмен келген байлық болса да, байысам болды деген қағиданы билік сіңірді, сіңіріп те жатыр.

Әлихан Байменов өткен ғасырда алаш қайраткерлері армандаған мақсатқа бүгінгі халықтың әлі де жете алмай отырғандығын айтады. Өйткені, қазақ халқы өз елінде, өз жерінде жүріп, өз тілінде еркін сөйлей алмайды, өзінің еркін таңдауын жасай алмай келеді дейді ол. Ал қазіргі билік пиғылының Алашордашылардан айырмашылығының себебін Әлихан Байменов былайша түсіндіреді:

- Алаш қайраткерлері қазақтың өмірінің біте қайнаған ішінде жүрді. Ал қазіргі кезді алсақ біз өзі бірнеше сипатпен бөлшектенген қоғамбыз. Біріншіден, тілдік сипатпен. Қазақ тілді ортада жалпы болмайтын азаматтар көп. Олар билікте де, оппозицияда да, түрлі саяси күштердің ішінде көп. Олар қарапайым халықтың мұңын, рухани қажеттілігін түсінбейді. Екіншіден, табыс жағынан өте алшақ топтарға бөлінген қоғамбыз.

Ал тарихшы Дихан Қамзабекұлының айтуынша, алаш қайраткерлерінің кедей бола тұрып білім алуға ұмтылған:

- Алаш қайраткерлерінің барлығы да былай қараған кезде, арғы тектері бай болғанымен өте кедей отбасыларынан шыққан адамдар. Олардың қалаға оқуға алғашқы барулары бір адамдардың есебінен болған. Байлар орыс болып кетеміз деп қорыққаннан кейін, солардың орнына да барған жағдайлар болған. Олар неге халыққа жақын болды? Біріншіден, халықтың ішінен шыққаннан кейін, олар халықтың мүддесін көздеді. Ал қазіргі кезде халықтың ішкі қайнауынан шықпаған адамдар, әрине, халықтың мүддесін көздемейді. Тіпті, қазір ешқандай халықтың жағдайын білмейтін жас балалар жауапты қызметтерде отыр.

1917 жылғы желтоқсанның 5-13 аралығында Орынбарда өткен 2-ші жалпықазақ құрылтайына барлығы 81 адам қатысқан. Күн тәртібіне қойылған 10 мәселені қараған жиын қазақ автономиясын жариялауды қолдап дауыс берді. Қазақ автономиясының құрамына сол кездегі Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқан облыстары, Әмудария, Закаспий облыстарындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы қазақтар кіретін болып белгіленді. Жаңадан құрылған автономия «Алаш», ал Ұлт кеңесі – Үкіметтің атауы «Алашорда» болып бекітілді. Алашорда үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Алашорданың уақытша орны – Семей қаласы деген ұйғарым жасалды.

Бірақ, Ресейде билікке келген большевиктер өкіметі Алашорданың қызметіне тиым салды, алаш зиялыларының түгелге жуығы «халық жауы» деген жаламен атылып, түрмеге қамалып, қызыл қырғынның құрбаны болды.

Алашорда үкіметі мен алаш зиялыларының атына тағылған жала тек 1988 жылы ғана алынды.
XS
SM
MD
LG