Accessibility links

Осыдан 90 жыл бұрын Қазақ жерінде ұлттық мемлекет құруға талпынған Алашорда үкіметі мен Алаш ұлттық партиясының мақсат-мұраттары жайында Алматыдағы «Таным» пікірсайыс клубының жетекшісі, журналист Жұмаш Кенебайдың пікірі


- Бүгін Алашорда үкіметінің құрылғанына, Алаш партиясының дүниеге келгеніне тура 90 жыл толып отыр. Бұл қазақ тарихындағы бір керемет күн. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың бір топ ұландары, ұлтым-жерім деп еңіреген азаматтары - Әлихан, Міржақып, Ахмет сияқты ұлы тұлғалар, қазақ елінің алғашқы мемлекеттігінің бастауында тұрған болатын. Сондықтан да Алашорда үкіметінің, Алаш партиясының сол кездегі бағдарламаларының маңызы әлі күнге дейін күшін жойған жоқ.

Алаштықтардың сол кездегі ұстанған бағытына келсек, олардың бағдарламаларында болашақ қазақ мемлекеті зиялы мемлекет болу керектігі айтылды - баспасөз мәселесінде, сайлау (демократиялық жағдайда сайлаудың өтуі), білім беруде және басқа мәселелерде болсын – демократиялық құндылықтардың бәрін олар бірінші алға қойған болатын. Онда көтерілген ұлтымызға байланысты мәселелердің барлығы да - сол кезде де бүгінгідей - өзекті мәселелер еді ғой. Егер бүгінгі күнмен салыстыратын болсаңыз, әсіресе, Әлихан Бөкейханның қозғаған жер туралы мәселені алайық. Өкінішке қарай, қазақ елі өз тәуелсіздігін алғалы бері жер сатылып кетті, ал қазақ жерін сатуға кешегі Әлихандар қарсы болған.

Міне, осы тәріздес толып жатқан мәселелерде біз жиырмасыншы ғасырдың басындағы Алаш көсемдерінің деңгейіне жете алмай отырмыз. Олардың аңсаған армандарын біз орындай алмай отырмыз, біз оларға мәңгі-бақи қарыздармыз.

Өкінішке орай, бүгінгі билік, тура кешегі кеңес өкіметінің заманындағыдай, Алаш деген сөзден әлі күнге дейін қорқады. Мұның барлығы бүгінгі биліктің кешегі орыс идеологиясының ықпалынан шықпағанын көрсетіп отыр. Қазір біз қай саланы алып қарасақ та, Мәскеуге әлі жалтақтап отырмыз, әлі де сол Мәскеудің бір бодан елі сияқтымыз. Міне, тіл мәселесін ғана алып қараңыз, енді бір үштілділік деген бәлені ойлап тапты, ал қазақ тілі әлі өрге баспай отыр. Бұның бәрі Ресейдің ықпалы деп түсінеміз.

Сондықтан да, біз қашан да осыдан 90 жыл бұрын дүниеге келген Алашорда үкіметінің, Алаш партиясының идеяларына адал болуымыз керек. Түптің түбі, кешегі Алаш көсемдерінің мақсат-мұраттарын жүзеге асыратын кезіміз туар деп ойлаймын.
XS
SM
MD
LG