Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған балалар саны 143-ке жеткен


Оңтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханаларында емделген балалардан ВИЧ вирусын жұқтырған алғашқы оқиға 2006-шы жылдың наурыз айында анықталған болатын. Содан бастап ВИЧ індетінің қайдан, қалай тарап жатқанын анықтау мақсатында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілікпен және облыстағы денсаулық сақтау мекемелерімен бірлесіп індетке қарсы кең көлемдегі іс шара жүргізген.

Бұл туралы жұма күні Алматыда өткізген брифингте Республикалық СПИД орталығы мен Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті басшылары мәлім етті. Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығының бас дәрігері Артур Әбдіразақовтың айтуынша, 2007-шы жылдың желтоқсан айының 1-індегі жағдайымен облыстағы балаларды емдеу орындарында ВИЧ індетіне шалдыққан жас балалар саны 143-ке жеткен бұның 85-і 2006 шы жылы анықталған болса, тағы 58 бала биылғы 2007-ші жылы анықталып отыр.

«Бұл сан әлі де өсе түсуі мүмкін, өйткені ВИЧ вирусын осы жақтан жұқтырып алып оны ескермей, білмей Қазақстанды кезіп жүрген балалардың болуы да мүмкін, оны ешкім де жоққа шығара алмайды», - дейді ол.

Ал осы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің төрағасының орынбасары Алма Шамованың айтуынша, облыс бойынша кезінде ВИЧ вирусын жұқтырған балалармен бірге емделген барлық балаларды іздеп, олардың ВИЧ вирусын жұқтырған не жұқтырмағанын анықтау мақсатында 26 мың баланы тексеруден өткізген.

Сондай-ақ, Республикалық СПИД орталығының бас директоры Мариям Хасенованың айтуынша, осы орталық АҚШ-тың Орталық Азиядағы жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі CDC ұйымымен бірлесіп 2007-ші жылдың қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысындағы балалардың жаппай ВИЧ індетіне ұшыраған уақыт мерзімін анықтау жұмысын жүргізіп, бұл індеттің 2006-шы жылдың қараша айының 1-нен кейін туған сәби балаларда жоқ екендігі анықталған.

«Ал індеттің таралуының негізгі себебі жөнінде қазір айтылып жүрген әңгімелердің жаны бар, яғни ВИЧ вирусын жұқтырған донордың қаны арқылы сәбилерге жұққан, сондай-ақ жақсы тазартудан өтпеген дәрігери құралдар көп мәрте пайдаланылған деген сөздер шындыққа жақын», - дейді Республикалық СПИД орталығының бас директоры.

АҚШ-тың Орталық Азиядағы жұқпалы аурулардың алдын алу жөніндегі CDC ұйымының Алматыдағы өкілі Михаил Фаворовтың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында жас балалар арасында осы ВИЧ індетінің таралу жағдайын тексеру қортындысына қарағанда балалардың денсаулық жағдайларына сәйкеспейтін қан ауыстырулардың жиі болғаны анықталып отыр.

«Жалпы, жас балалар үшін қан ауыстырудың қандай қажеттілігі бар болды, оған ешкім көңіл бөлмеген, сондықтан осындай қайғылы жағдай орын алды», - дейді ол.

Қазақстан бойынша бүгінгі күні ВИЧ вирусын жұқтырғандардың жалпы саны 9 мыңнан асады, ал тек Оңтүстік Қазақстанда осы ауруға шалдыққан 1172 адам бар, соның ішінде дерт жұқтырған 143 жас cәбидің бүгінге дейін 10-ы шетінеген.
XS
SM
MD
LG