Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.20.2007 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген басылымдар Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлық мәселесіне бірнеше мақала арнапты. Газеттердің бірінде «Қазақгейт» аталып кеткен АҚШ-та жүріп жатқан сот ісіне қатысты деректер жарияланып, онда соттың Еуропада тұрып жатқан куәгерлерді шақыру туралы қаулы шығарғандығы баяндалған. Газетте келтірілген болжамдарда, сотқа шақырылатын куәгерлер арасында Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің есімі аталған. Сонымен бірге Қазақстанның өз ішінде сыбайласқан жемқорлықпен күрестің дұрыс жүріп жатпағандығы парламент мәжілісінде де көтерілгендігіне республикалық басылымдар назар аударыпты.

«Время» газеті Ақмола облысында сыбайласқан жемқорлықтың алдын-алу бойынша қоғамдық кеңес құрылғанын хабарлайды. Оның құрамына азаматтық қоғамның, яғни, саяси партия, қоғамдық ұйым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірген. Кеңес басшылығы: «Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлер қатарындағы сыбайласқан жемқорлықтың белең алуына байланысты халық өкіметке емес, үкіметтік емес ұйымдарға, бұқаралық ақпарат құралдарына көбірек сенетіндігін» айтыпты «Время» газетінде. Жаңадан құрылған кеңес шенеуніктердің қызметін тікелей бақылаумен айналыспақ. «Тек қана 2007 жылы олар мемлекеттік қызметкер арасындағы сыбайласқан жемқорлыққа қатысты 114 мәселені қарады», - дейді «Время» газеті.

«Жас алаш» газеті болса, бұрынғы Қорғаныс министрі, қазіргі парламент депутаты Сәт Тоқпақбаевтың Қазақстандағы сыбайласқан жемқорлыққа қатысты мәлімдемесін жариялаған. Онда Сәт Тоқпақпаев «жемқорлықпен күресетін құзырлы органдар: прокуратура мен қаржы полициясы көп жағдайда жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол ашуда» дей келіп, Бас прокуратураның 2006 жылы тіркеген 2005 қылмыстық ісінің тергеу кезінде 624-інің орта жолда жабылып қалғандығын тілге тиек еткен. Әрі қарай бұрынғы қорғаныс министрі сыбайлас жемқорлық оқиғаларының жер-жерлерде тіркеле бермейтіндігін айтып, «қылмыстық істердің жабылуына және санкция беру құқына монополия жасап отырған прокуратура іс жүзінде сыйақы талап ететін орынға айналды» дейді. Парламент депутаты өз мәлімдемесінде құқық және прокуратура қызметкерлерінің қарапайым азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты ісін май шаммен қарап, нән шенеуніктердің жемқорлығын көп жағдайда көрсе де көрмеген болатындығын айтады. Бұл ретте ол Алматыдағы табиғаты арнайы заңмен қорғалатын аймаққа заңсыз үй салғандардың уақытында тергелмегендігін тілге тиек етіп, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, ел Президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің ісіне арнайы қызмет орындарының көз жұма қарап келгендігін сөз етеді. Мәлімдемені жарыққа шығарған «Жас алаш» газеті: «Генерал мырза неге дәл қазір үзеңгіге аяқ созып отыр? Таяу уақытта құқық салаларының басшылары орындарынан кетеді-мыс. Генерал-депутаттың жоғарыдағы мәлімдемесі сол дауылдың алдындағы ескертпе көрінеді», - деген қорытынды жасайды.

Бұл уақытта «Тасжарған» және «Свобода слова» сияқты оппозциялық басылымдар Қазақстанның ең жоғарғы лауазым иелеріне пара берді деген күдік келтіріліп отырған американ бизнесмені Дж.Гиффеннің АҚШ-та жүріп жатқан ісіне орай мақала жариялайды. «Қазақстаның тәуелсіздік күні қарсаңында Нью-Йорктің Оңтүстік округі сотының «Қазақгейт» аталып кеткен іс бойынша кезекті отырысы өтті», - деп жазады «Свобода слова» газеті. Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, «сот отырысының жабық бөлігінде АҚШ әділет департаменті өкілдері әртүрлі мекеменің - соның ішінде Орталық барлау басқармасының да деректері бар - 10 мың құпия құжатты сараптап біткендерін хабарлаған. Олар сотқа құпия ашылған 500 құжатты табыстаған. Оның ішінде Гиффеннің Қазақстанда жүргізген барлау жұмысына, Нұрсұлтан Назарбаев пен Нұрлан Балғымбаевтан алған ақпараттарына қатысты мәліметтер жинақталған», - деп жазады «Свобода слова» газеті. «Гиффен сотта өзінің іс-әрекеттерін патриоттық сезімнен жасағанын, яғни, бәрін американ компанияларының басымдылығы үшін және президент Назарбаевты бақылап, оның іс-әрекеттерін АҚШ мүддесіне қарай бағыттап отыруға арнағанын айтқан», - дейді «Свобода слова» газеті.

«Қазақгейт жаңаша дами бастады» деген мақалада «Тасжарған» газеті Сыбайласқан жемқорлықты зерттейтін Нұрқаділов комиссиясы дегенге сілтеме жасай отырып, «сот төрешісі АҚШ әділет департаменті қазіргі таңда Еуропада тұрып жатқан куәгерлерден ант беру арқылы сұрақ алу туралы қаулы шығарды» деп хабарлапты. Мақала соңында: «Сарапшылар Еуропада тұратын куәгерлер деген сөз басқалармен бірге күздің бас кезінде «Қазақгейт» ісі бойынша сотта куәлік етуге даяр екендігін айтқан Рахат Әлиевті де меңзеп отыр деп болжайды», - деп жазады «Тасжарған» газеті. «Шетел куәгерлерінен ант бергізіп, жауап алу олар сот үшін маңызды болған кезде жүргізелді», - деп есептейді мақала авторы. Сонымен бірге мақалада «Еуропада өмір сүретін куәгерлер екі лауазым иесінің Гиффенге олардың көзінше өздеріне қарасты компанияларға қанша ақша аудару қажеттігін айтқанына куәлік етуі мүмкін. Куәгерлер кімнің тапсырмасымен асыл тастар, тондар, яхталар сатып алғанын және оларды кімнің пайдаланғанын айтуы тиіс», - деп жазады «Тасжарған» газеті.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG