Accessibility links

Өнер саласында еңбек етіп жүрген Аида Бекқызы қазіргі ауыл мәдениеті жайында пікірімен бөліседі


- Қазіргі таңда ауыл мәдениетіндегі ең басты мәселе – бұрынғы клубтар мен кітапханалардың жабылып қалуы. Бұрын әрбір ауылда бір-бірден кітапхана мен клуб жұмыс істесе, оңтайландырудан кейін бір ауданның көлемінде 3-4 кітапхана мен мәдениет үйі немесе клуб қалды. Ауылды жерде, әсіресе жастар қайда барарын білмейді. Әрине, барлығы түгелдей жаман деуге болмас, қазір кейбір жерлерде өз қаржысына клубтар ашқан меценаттар да бар. Бірақ, кітапханаларда кітап қорлары жетіспейді. Қазір оларда бұрынғы советтік идеология сарынындағы ескі кітаптар қалды да, тәуелсіздік алғалы бергі ділге, тілге, тарихқа, салт-дәстүрге байланысты жаңа, жақсы кітаптар жоқтың қасы.

Кейде біз қазіргі жастарды тек қана компьютерде отыруды біледі деп жазғырып жатамыз. Ал зер салып қарасақ, мектептегі мұғалім мен үйдегі тәрбиеге де байланысты мәселе бұл. Балаға, мысалы, салт-дәстүрге байланысты дүниелерді Интернеттен іздегенше, егер бар болса кітапханадан да табуға болар еді. Сол сияқты ауылдағы мәдениет үйі мен кітапханалар да бүгінгі заманға лайықталып жабдықталып, онда компьютерлер тұрса жастардың баруына ықыласы артар еді. Бірақ ауылды жерде сондай мүмкіндіктер жоқ.

Біздегі үкіметтің сөзі тап қазір ауылда кадр жоқ дегенге саяды, ол - өтірік дер едім. Осы өнер саласында білім алып шыққан мамандардың барлығы тек қана Алматы мен Астанада, облыс орталықтарына ғана шоғырланған жоқ қой, ауылда да жүр ондайлар. Мысалы, консерваторияны, өнер институтын, эстрада студиясын бітіргендер – олардың арасында қаншама домбырашы, қобызшы – барлығы бізде ауылда бар, бірақ олар мектепте жұмыс істейді, себебі оларға ауылда басқа жұмыс жоқ, мәдениет саласына деп штат қарастырылмаған. Мысалы, біздің бүкіл бір ауданға мәдениет саласына небары 7 штат қана бөлінген, осындай жағдай бүкіл Қазақстанға тән.

Ауылды айтқанда ол біздің салт-дәстүріміздің, бүкіл болмысымыздың қайнар көзі деп жатамыз. Ал бірақта сол ауылдың мәдениетін көтеруге, дамытуға байланысты бізде үкімет тарапынан көмек деген жоқтың қасы.

Мысалы, үкіметке 100 мектеп салу керек, 100 аурухана салу керек деген тапсырмалар берілді, ал бірақ 100 клуб салынсын деген сөз айтылған жоқ, ал сол артық болмас еді. Ал бір клубы болса міндетті түрде мәдениет саласына көңіл бөлетін адам болады, жастарды түрлі мәдени шараларға тартар еді. Дарынды жастар жоқ емес бар ғой, кез-келген ауылда домбыра ұстап, әу демейтін қазақ жоқ. Солардың барлығының басын қосып, жағдай жасаса ауыл үшін жақсы болар еді. Егер адам ауруханаға емделу үшін барса, кітапхана мен клуб деген рухани жан азығы ғой. Сол үшін үкімет халықтың салт-дәстүрі мен ұлттық болмысына өте қажет бұл іске көмектесуі керек.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG