Accessibility links

Қазақстан Қашаған жобасындағы өз үлесін 16,8 пайызға көбейткісі келеді


Қазақстан Қашаған мұнай кеніші орны жобасындағы өз үлесін 16,8 пайызға ұлғайтуды қалайды. Бұл туралы Астанада журналистердің сұрақтарына жауап бере келе Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев хабарлады. Бірақ, оның айтуынша Қазақстан «Exxon Mobil» компаниясымен құнды қағаздар құны бойынша келісімге әлі келе алмай жатыр.

Қашаған мұнай кеніші орны бойынша шетелдік инвесторлар Қазақстанның жобадағы үлесін көбейтуге келісетіндей ыңғай танытып отырғаны туралы айтылып отыр. «Қазмұнайгаз» компаниясының мәліметінше, «Eni» компаниясымен қатар жобадағы барлық дерлік инвесторлар «Қазмұнайгаздың» жобадағы үлесін арттыруға келісіп отырған көрінеді. Жақында Қазақстан президенті Н.Назарбаев: «Қашаған мұнай кеніші орны бойынша мұнай табу мерзімін кешіктірген шетелдік инвесторлармен келісім-шарт бұзылмайды. Олар Қазақстанға шығынды өтеп береді немесе Қазақстан жобадағы құнды қағаздар үлесін ұлғайтады» деген болатын.

Ресми Астана жергілікті «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы «Eni» сияқты толық құқылы екінші ортақ оператор болуын қалайтындығын жеткізді. Кейбір бақылаушылардың айтуынша, Қазақстан Қашаған мұнайындағы өз үлесін қазіргі 10 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайтқысы келеді.

Консорциумға «Royal Dutch Shell», американдық «Exxon Mobil», «Total», «ConocoPhillips», жапондық «Inpex» және қазақстандық «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы кіреді. Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев осы компаниялармен келіссөздер өткенін хабарлады:

- 16,8 пайызға дейін Қазақстан акциясының көлемін өсіреміз бе деген үмітіміз бар. Барлық компаниялармен келістік осы жөнінде. Оның ішінде 5 компаниямен бағасы жөнінде келісім бар. Тек бір компания - «Exxon Mobil»-мен ғана бағасы жөнінде әлі келісімге жете алғанымыз жоқ. Сондықтан келіссөздер 15 қаңтарға дейін ұзартылып отыр. Өзіміз білеміз қандай бағаны сұрап отырғанымызды және олардың бағасын.

Министр Мыңбаев Қазақстанның көксегені орындалмай оператордың шығынды өсіреміз деген түзетулеріне қол қойылмайды деп отыр. Бұл келіссөздердегі екінші маңызды мәселе - бастапқы кезде Қазақстан алып Қашаған мұнай кеніші орнын игеретін операторлар келтірген экономикалық шығынды 10 миллиард доллардан астам сомаға бағалады. Бұл туралы Қазақстанның қаржы министрінің орынбасары Дәулет Ерғожин хабарлады.

Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев қазіргі соманы айтпады. Оның айтуынша, нақты сома 15 қаңтардан кейін белгілі болмақ. Бұл мәселе «Eni» компаниясы Қашағаннан мұнай өндіру мерзімін 2010 жылға дейін шегергеннен кейін басталды. Қазақстан жағы да 40 жылға ескерілген жалпы жоба құны 57 миллиардтан 136 миллиард долларға дейін қымбаттағандығын жеткізді. Өнім бөлісі жөніндегі келісімге сәйкес, мұнай өндіруге кеткен шығын өссе, яғни кеніш орнына кеткен шығын толық өтелмейінше, Қазақстан қазынасына төлемдер түспейді.

Ал, Қазақстанның Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі үкіметке өнім бөлісі жөніндегі келісім моделінен бас тартып, жер қойнауын пайдалану келісім-шарттарын қазіргідей жемқорлыққа жол беретіндей емес, заңға сәйкес, ашық қылуды ұсынды. Бұл туралы министрліктің жер қойнауын пайдаланушыларға салық салатын басқарма бастығы Ғалымжан Жақыпов хабарлады.

«Қазір Өнім бөлісі жөніндегі келісім бойынша жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу ашық емес. Өйткені декларативті түрде мемлекетке тұрақты түрде салық түсіп тұру керек деп айтылғанымен іс жүзінде шығынды өсіру арқылы салықты азайтуға мүмкіншілік бар», - дейді ол.

Мысал ретінде Жақыпов Қашаған мұнай кеніші орнындағы «Eni» компаниясын келтірді. Сарапшылардың айтуынша, Қашаған әлемдік тарихтағы ең қымбат өндірістік жоба болмақ. Бірақ «Eni» кесірінен күніне бір жарым миллион баррель беретін жобадан мұнай өндіру мерзімі шегерілсе Қазақстан едәуір қаржыдан қағылады, дейді жергілікті экономистер.
XS
SM
MD
LG