Accessibility links

Жазушы, журналист Құрал Тоқмырзин ұлттық сана-сезім қалыптастыру мен өскелең ұрпақ тәрбиесінде ел тарихын бұрмаламай жазу керектігі жайында


- Менің ойымша, қазақтың ата тарихын шындықпен жазу керек. Оны біздің көршілерімізге ұнау үшін дос болдық, интернационализм, анау-мынау деп өтірік айтпауымыз керек. Сосын біреудің көңіліне қарап, ананың атасы батыр болды, мынаның атасы би болды деген өтіріктер көбейіп келе жатыр қазір. Тіпті, оларға әр жерде ескерткіш қою, көшенің, елдімекеннің атын беру – осылардың барлығын тоқтату керек. Өйткені, тарихта жоқ адамдарды кейінгі жетінші-сегізінші ұрпағынан билікке иелік еткен біреу шықты екен деп, өтірік айтып жағымпазданғанмен, одан біздің тарихымызға ешқандай пайда келмейді, келешекте бәрібір алынып қалады.

Мысалы, міне менің үйімнің іргесінде Павлик Морозов дейтіннің көшесі тұр. Ал сол Морозов өз әкесін халық жауы деп ұстап берген адам ретінде танымал. Бізде батыр бала Болатбек дейтін біреуді шығарды кеңес тұсында, Қонаевтың заманында. Брежнев айтқан ғой оған: «сіздерде Павлик Морозов секілді батырлар неге жоқ? Чапаев секілді, басқалар секілді сендерде де өз батырларың бар шығар» деп. Содан КГБ-ға тапсырма беріліп, олар 1932 жылы өз әкесін колхоздастыру саясатына қарсы болған деп ұстап берген бір баланы табады. Оның әкесін «үштік» соттапты. Содан кейін «батыр бала Болатбек» деп оның есімі аңыз боп шығып, кейін әнге айналды. Сол әнді октябрят, пионер болған біздің балалар бәленбай жыл зарлатып айтып жүрді. Ал енді осы тарихқа қиянат емес пе? Осындай нәрселердің барлығы, біздің ұлттық сезімдеріміздің нашарлап кеткенінің көрінісіндей, көшелерімізде әлі күнге дейін тұр. Ондай жасандылықтардың барлығынан арылуымыз керек. Оның орнына, мысалы үшін, әл-Фараби, Жалаңтөс батыр, бәленбай жыл бойы ақ патшаның әскерімен тайталасып, отаршылдыққа қарсы күрескен Сырым батыр, Кенесары хан, Исатай, Махамбет секілді тарихта белгілі бабалардың есімдерін беруіміз керек. Біздің өскелең ұрпағымызға сонда ұлттық мақтанышымызға негізделген ұлттық тәрбие керек.
XS
SM
MD
LG