Сенбілік санында «Жас алаш» басылымы 2007 жылды қазақстандық сарапшылармен бірге електен өткізіп: «Неден ұтылдық, неден ұттық?» деген сауалға жауап іздеген екен. «Жас алаш» басылымымен бірге жыл қорытындысын шығаруға ат салысқан сарапшылар жылдың басты жақсылығы ретінде - елдегі тыныштықты, табиғи апаттардан амандықты атаса, жылдың басты кемшілігі ретінде – билік пен халықтың арасының біржолата алшақтап кеткендігін айтыпты. Ал жылдың басты жаңалығы ретінде - конституциялық өзгерістер, соның ішінде өмірлік президент мәселесін айтқан сарапшылар саяси жүйе құлдырауға айналды деген пікірлерін айтып, Маловодный ауылындағы қанды қырғын мен Маятастағы жантүршігерлік оқиға ұлтаралық қатынас мәселесінің осалдығын көрсетті депті. Сондай-ақ, «Жас алаш» басылымы кезек күттірмейтін ең бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселе ретінде - қолды болған халықтың жер асты мен жер үсті байлығын қайтару, саяси реформаны мүлде басқа бағытта жүргізу керектігін айта келіп «биылғы жылды соттасу жылы деп атаса жарасар еді, «Шаңырақтың» дауы, Казаткомдағы жағдай, «Нұрбанк» ісі бұл сот процестері біздің елімізде заң деген ұғымның жоқ екендігі көрсетті, осы сот процестерінің қайсысында әділет жеңді? «Нұрбанк» ісінің таудай болып басталғанымен аяғы қылдай болып бітетінін көріп отырмыз. Бұл - қатерлі жағдай», деп жазады «Жас алаш» басылымы.
Ал «Время» басылымы болса 2007 жылдың елең еткізер 7 оқиғасын анықтапты. Басылым жылдың ең елеулі бірінші оқиғасы ретінде - «Рахатгейт» ісін атап, онан кейін ырыққа көнбеген инфляция мен тұрғын үй бағасының құлауын, Конституциялық өзгерістер мен парламент сайлауын, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ төраға болғанын, мемлекет қажетіне деп жерлерді тәркілеу мен тұрғын үйлерді құлату, Маятас пен Казаткомдағы толқуларды атапты. Сондай-ақ басылым өзінің соңғы санында, қоғамда «Рахагейт» аталып кеткен «Нұрбанк» ісіне орай жауапқа тартылған 32 адамға прокурор айыптау қортындысын жариялады деп жазады. Басылымның хабарлауына қарағанда, прокурор «Нұрбанк» ісінің басты айыпталушысы Рахат Әлиевті 20 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді, ал оның сыбайластары Вадим Кошлякты 18 жылға, генерал Әлнұр Мұсаевты 15 жылға, Виктор Сапожников пен Төлеген Имашевты он жылға бас еркінен айырып, қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеуді сұраған. «Бұл аттары аталған айыпкерлер Қазақстан аумағынан тыс жерде болғандықтан мемлекеттік айыптаушы үкім олар ұсталған сәтінен күшіне енуін сұрап, тағы 10 сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды, қалғандарын 2 мен 16 жыл аралығында бас бостандығынан айыруды сұрады», деп жазады «Время» басылымы. Сондай-ақ басылымның осы санында исламның бесінші парызын өтеу үшін қасиетті Меккеге аттанған 320 қазақстандықтың еліне орала алмай жатқандығы хабарланыпты. «Қазақстандық мұсылмандарды араб еліне жеткізген туристік фирманың қызметіне жауапсыз қарағанынан қажылық парызы желтоқсанның 22-сінде аяқталған қазақстандықтар елдеріне жете алмай отыр», деп жазады «Время» басылымы.