Accessibility links

Сарапшылар Қазақстанда сөз бостандығы мен жемқорлық ахуалы күрделі күйінде қалып отырғанын айтады


Қазақстандағы сөз еркіндігінің жағдайына бақылау жүргізетін «Әділ сөз» қорының төрайымы Тамара Калеева 2007 жылы Қазақстандағы сөз бостандығы мәселесі алдыңғы жылдардағыдай өте күрделі әрі қиын жағдайда қалып отырғанын айтса, жемқорлықтың деңгейін бақылайтын халықаралық «Трансперенси» ұйымының Қазақстандағы өкілі Сергей Злотников елдегі жемқорлық деңгейі де өткен жылдардағыдай өте жоғары шамада болып отыр дейді.

Жақын арада әлемдегі дамыған деген елу елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан, демократиялық бағыттағы, ашық әрі құқықтық мемлекет құрамыз деп отырған Қазақстанның 2007 жылы экономика, саяси салаларында қол жеткізген жетістіктері туралы ресми басылымдар жамырай жазып жатыр. Ал сөз бостандығы мен жемқорлық деңгейінің жайы қандай?

Қазақстандағы сөз бостандығын қадағалайтын «Әділ сөз» қоғамдық ұйымы жыл қортындысына арналған есебінде журналистика саласындағы аяқталып отырған жылдың ең үлкен қылмысы - журналист Оралғайша Омаршанованың із-түзсіз жоғалып кетуі деп бағалапты. Ал осы жылдың ең үлкен қауіпі – парламент Мәжілісі талқылай бастап, артынан ұмыт болған БАҚ туралы заң жобасы екен. Бұл жылдан қалған үміт де жоқ емес, ол да осы БАҚ туралы заңға енгізілген түзетулерге байланысты екен. Ал жылдың атышулы болған цензурасы – мәдениет және ақпарат министрінің елдегі оппозициялық басылым жетекшілерімен кездесіп, олардың нені жазып, нені жазбауы керектігіне шектеу қоюға талпынысы екен. Сондай-ақ, аяқталып отырған жылы журналистерге сот арқылы талап еткен өтемақы рекорды тіркелген. «Свобода слова» газетінде жарияланған Жамбыл Жабаев пен Қарасай батыр туралы мақала үшін, аталған тұлғалардың ұрпақтары ретінде өздерінің намысына және «бабаларына тіл тигізді» деген азаматтар сот арқылы газет редакциясынан 800 миллион теңге өндіріп алмаққа сотқа жүгінген.

«Аяқталып отырған жылы Қазақстандағы сөз бостандығы қандай деңгейде болды деп есептейсіз?» деген сауалға «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева былайша жауап берді:

«Сөз бостандығы саласындағы ахуалды біз тұрақты не орташа деп бағаламаған болар едік. Себебі, интернетке шабуыл басталып отыр. Қазақстандағы интернетті реттейтін арнайы заң дайындалып жатыр. Онда ақпарат министрі көптеген шектеулердің болатынын айтып отыр. Демек, келесі жылы бұл үлкен мәселе болмақ. Оған қоса БАҚ туралы парламентке біз берген заң жобасы еш қозғалыссыз жатыр. Сонымен қатар Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа өтуіне байланысты сыртқы істер министрі БАҚ туралы заңға енгізілмек қандай да бір біріккен толықтырулар пакеті туралы әңгіме айтып қалды. Ол қандай пакет екені бізге белгісіз. Сондықтан ол көпшілік көкейінде үмітпен қатар күдік оятып тұрған жағдай бар. Журналистерді сол баяғыдай ар-ожданға тіл тигізді деп қудалау, сотқа тарту жалғасуда. Байқап отырғандарыңыздай, сөз бостандығы мәселесі бұрынғыдай өте ауыр. Біздегі заң өз ой-пікірі мен сын жазатын кез-келген басылымды жоқ қылып жібере алады».

Ал 2007 жылы жемқорлық деңгейі қандай болды? «Трансперенси Қазақстан» халықаралық ұйымының Алматыдағы бөлім жетекшісі Сергей Злотников бұл сауалға «Азаттыққа» берген жауабында былай дейді:

«Мен елдегі жемқорлық деңгейі бұрынғыдай деңгейде дер едім. Бұл жерде, әрине, жемқорлықпен күрес агенттігінің атқарып отырған іс-шараларын атап өту керек. Бірақ, бұл істер жалпы құқық қорғау саласының жұмыла істесе алмауы себепті еш нәтижесіз қалып отыр. Жемқорлықпен күрес саласындағы бір құрылым екінші құрылымға кедергі келтіретіні байқалды. Мысалы, жемқорлыққа байланысты сотқа тапсырылған істер не сотқа жетпейді, не сол соттың өзінде шашырап кетеді. Сондықтан, меніңше, сот жүйесі, тергеу сапасы, прокуратура, қадағалау органдарын бәрін жүйелі түрде өзгерту керек. Әрине, жемқорлықпен күресте ең негізгісі көпшілік боп белсенділік таныту керек».

Ал халықаралық ұйымдар Қазақстандағы 2007 жылғы жағдайды төмендегіше бағалапты.

Freedom House: Әлемдік сөз еркіндігін бағалау кестесі бойынша 2007 жылы Қазақстан 195 мемлекеттің арасында 166-шы орында, 2006 жылы 194 мемлекеттің арасында 165-ші болған. Сөз бостандығы жағынан Қазақстан еркін ел емес деп бағаланды.

Transparency International: Халықаралық жемқорлық индексі бойынша биыл Қазақстан 180 мемлекеттің арасында 150-ші орынға жайғасты, 2006 жылы 163 мемлекеттің арасында 111-ші орында тұрған. Бұл ұйым жемқорлық көрсеткіші жағынан Қазақстанда ахуалдың нашарлай түскенін атап өткен.

Әлемдік Банк: Іскерлікке қолайлылық индексі бойынша жағдайына орташа деген баға берілген Қазақстан 2007 жылы 178 мемлекеттің арасында 71-ші орында, 2006 жылы 175 мемлекеттің арасында 71-ші болған еді.

Foreijn Policy Fund for Peace: Сәтсіздік индексі бойынша Қазақстан 2007 жылы тізімдегі 177 мемлекеттің арасында 103-ші орында, 2006 жылы 146 мемлекеттің арасында 88-ші орында болатын. Халықаралық ұйым өз өлшемінде елдің бұрынғы деңгейінен төмендей түскенін ескертіп отыр.
XS
SM
MD
LG