Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.25.2007 жыл


Үкіметтің жаңа жыл мейрамы қарсаңында азық-түлік пен коммуналды қызмет бағасы қымбаттамайтындығына уәде беруі сейсенбі күні жарық көрген республикалық басылымдарда талқыланыпты. Газеттердің бірі үкімет елде инфляцияның өспейтіндігіне биылғы жылы осымен 6-шы рет уәде еткенімен, бұған дейін оның орындалмағанын алға тартса, енді бір басылымдар «жаңа жылдан кейінгі жағдай не болады?» деген сауалға жауап іздейді.

Күзгі азық-түлік қымбатшылығынан кейін ендігі кезек жанар-жағар майға келгенін баяндайды «Экспресс К» газеті. «Ресми мәліметтер бойынша, биылғы жылы автокөлік жүргізушілерге бір литр бензин 4-10 теңгеге қымбатқа түскен. Мұндай келеңсіздіктерге авиаторлар да кездескен», - деп жазады газет тілшісі. Осы газетте жарияланған келесі «Безнин марафоны» атты мақалада қараша айының бас кезінде Энергетика министрлігі бензиннің қымбаттауына жанар-жағар май стансалары арасындағы ымыраластық себеп болды деп мәлімдегені айтылады Алайда, жанар-жағармай стансаларының қызметкерлері мұны жоққа шығарып, «осындай әңгіменің зауыттардағы баға өсімін ақтап алуы үшін әдейі шығарылып отырғанын» айтыпты.

«Время» газеті Индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақовтың мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып, жанар-жағар май базарында монополияның бар екендігін айтады. «Біз жанар-жағар май базарын зерттеп, онда бір-бірімен байланысты трейдерлердің бар екенін анықтадық. Солар баға бойынша ымыраластыққа барған», - депті Индустрия және Сауда министрі «Время» газетінде. Сондықтан, министр Монополияға қарсы агенттікті табанды жұмыс жүргізіп, монополияны тауып, дәлелдеп, оның ыдыратуға күш салуға шақырады.

Қазақстан үкіметі азық-түлік пен коммуналды қызмет түрлері құнының артуына жол бермейді деп жазады «Литер» газеті. Бұл туралы премьер-министр үкімет отырысында уәде еткен. Бірақ мақала авторы мұндай уәденің биыл алтыншы рет айтылып отырғанын жазады. «Алдымен үкімет пен Ұлттық банк республикадағы орташа инфляция 2007 жылы 5-7 пайыз болады деді. Бірақ содан кейін инфляция деңгейінің болжамды көлемі біртіндеп 9 пайызға көтерілді. Бірақ қараша айында бұл да тарлық етіп, Ұлттық банк Қазақстандағы инфляция деңгейі биыл 15 пайыз болады деді. Ал бір апта бұрын Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сайденов бұл санды қайта жаңартып, оның 3 пайызға артық болатындығын хабарлады», - деп жазады «Литер» газеті.

«Инфляцияға әсер ететін ішкі ықпалдардың негізгілері – мұнай-газ өнімдері мен электр қуатына белгіленетін тарифтердің өсімі», - деп есепетейді «Айқын» газетінің тілшісі. «Сондықтан Үкімет келер 2008 жылдың бірінші тоқсанында осы мұнай-газ өнімдерінің рыногындағы баға мен электр энергиясы тарифтерінің өсіміне жол бермеудің барлық шараларын қамтамасыз ететін болады», - деп жазады «Айқын» басылымы Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып. «Соңғы баға көтерілу жағдайы не себептен болды?», - деген сұрақ қойған кәсіпкер Бауыржан Оспанов оған былай жауап береді: «Бұл – мемлекеттің бағаны қанша жылдан бері ауыздықтап келгенінің салдары. Сол себепті де бірден баға көтерілу жағдайы орын алды. Бұл жағдай бірте-бірте болуы керек еді», - деп есептейді сарапшы «Айқын» газетінде. «Мысалы, мұнайды алыңыз, әлемдік нарықта оның баррелін 90 долларға сатқанымыз дұрыс па, әлде өз ішімізде жарты бағасына өткізгеніміз жөн бе?» - дей келіп Бауыржан Оспанов: «Мемлекет қашанғы оны ұстап тұрады? Әйтсе де Монополияға қарсы комитет бағаны үнемі қадағалап отыруы қажет, бірақ мемлекет қалай болса солай араласа бермеуі тиіс», - деген қорытынды жасайды. Ал осы «Айқын» газетінде экс-депутат Ғаділбек Шалахметов бағаны рететуде елдің әлеуметтік жағдайы назардан тысқары қалмауы тиіс дейді. Ол Қазақстан «қанша нарықтық жолды таңдағанымен, монополияға жол бермеу, бағаны реттеу тұрғысынан келгенде мемлекеттік реттеудің болғаны дұрыс деп санайтындығын» айтады. «Баға ауыздықталмаса, мұның қарапайым халықтың тұрмыс ахуалына кері ықпал ететінін үнемі жадымыздан шығармағанымыз абзал», - дейді Ғаділбек Шалахметов.

«Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік пен басқа тауарлардың бағасы өсіп кетпеуі» турасында премьер тапсырма берді, ал «жаңа жылдан кейін азық-түліктің бағасы не болатыны түсінісіз», - деп жазады «Жас алаш» газеті. «Бір білгеніміз, жаңа жылдан бастап зейнетақының мөлшері өсетіні айдан анық. Мәселен, ең жоғарғы зейнетақы мөлшері 26011 теңге, орташасы 17800 теңге болады. Үкіметтің жаңа жыл қарсаңында осы сый-құрметін зейнеткерлер қалай қабылдап отыр?», - деген сауал қояды «Жас алаш» газеті. «Ақшамызды көбейтпей-ақ қойсын, үкімет азық-түліктің бағасын арзандатса екен. Редакциямызға ағылып келіп жатқан осындай өтініш-тілекке толы хаттарда қисап жоқ», - деп аяқталады «Жас алаш» газетінде «Үкіметтің уәдесі» атты мақала.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG