Accessibility links

Ауыл тұрғыны Серік Жұмат ел үкіметінің ішкі-сыртқы саясаттағы іс-әрекеттері жайында өз пікірін білдіреді


- ОБСЕ ұйымына төраға болдық деп күпініп жатыр біздің үкімет, ал сол бізге, шынын айтқанда, не береді? Кейде менің күлкім келеді қарадан қарап отырып. Қаншама жыл жалынып-жалпайғандай боп қылқылдап сұрап жүріп, әйтеуір бір жыл кешіктіріп болсын бізге бергенде, сол төрағалықтың бізге не керегі бар еді дегендей күйде отырған секілдіміз өзі. Ана жолы бір ауылдас інім сұрайды менен: «Серік аға, осы төраға болғанда біз не істейміз?» деп. Мен оған: «Мәселен, бір байшікеш сені тойына шақырып асаба болуды тапсырғаны сияқты шаруа бұл» деп жауап бердім. Ал жұрттың жағдайы содан түзеліп кетері күмәнді. Бәленбай миллиард қарыз ол тұр желкеде. Барлық ақшаны Астананың құрылысы жұтып жатыр, бір жолы өлеңіме қосып айтқаным бар еді: «халықтың көз жасына салынып жатқан Астана» деп. Назарбаев «пенсияны, айлықты өсіретін болдық» деп айтып қалған күннің ертеңінде-ақ біздің Ақсуат секілді шалғайда жатқан ауылдың өзінде нан-шай, керек-жарақтың бағасы түгелдей аспандап шыға келеді, ең бірінші ауылдарда қымбаттайды. Мысалы, бізде қазір нанның бір бөлкесінің бағасы 60 теңге, ал бензиннің литрі жүз теңге болып кетті, табыс болса титтей де қосылған жоқ, сонда бұл баға қайда бара жатыр? Адам шошиды.

Міне, елдің тірлігі осындай боп жатқанда біздің үкімет ОБСЕ-ні басқаратын болдық деп бөркін аспанға атып жүргені көңіліме қонбайды. Жарайды-ау, тіпті солай-ақ болсын, бірақ сол ұйымды басқаруға барғанда біз қай тілде сөйлеп төрағалықты атқарады екенбіз деп тағы сұрағым келеді. Қазақ тілінде ме? Әй, қайдам...

Бұйыртса, енді әні-міне дегенше ақпан айы да келіп жетеді, президент халыққа кезекті үндеуін жолдайды, ал біз тағы да бір жыл бойы «Елбасының жолдауы!» деп қызылтанау болып ұрандатамыз. Солардың барлығына қарап отырып, болашақты ойлағанда жүрегің ауырады. Ана теледидардағы хабарларды тіпті қарағым келмейді, көрмеймін де қазір, әшейін бірыңғай мақтау, ТМД арасында бізден асқан ел, бізден жақсы адам жоқ дейтұғын жалаң сөз. Неменеге жетісіп отырғанымызды білмеймін. Елдің жағдайы анадай, тілдің жайы әлгіндей боп жатқанда «алдыңғы елу елдің қатарына қосыламыз» деп кісінің санасы жетпейтін сөздер айтады. Осылардың барлығы көз алдыңнан өтіп жатқанда шалғайдағы ауылда жатсақ та жүрек ауырып, қиналады екенсің. Бірақ, амал не, жүреміз өстіп, бұйырса. Елбасымыз болса, құдайға шүкір, 2012 жылға дейін өз іргесін бекітіп алды, онан соң екі мерзім тағы да кетеді, оғанға дейін біз де кетеміз, сөйтіп, 2030 жылға дейін кім бар, кім жоқ дейсіз...
XS
SM
MD
LG