Accessibility links

Алматылық оқытушы Кенжәлі Есберген жаңадан енген 2008 жылдың басында жұрт көңілінде ұялаған күдік пен жаңа жылдан күтер үміт жайында


- Мына жаңадан басталып отырған тышқан жылы көңілде бір алаң мен бір үміт бар. Былтыр соңғы 5-6 жыл бойы болып көрмеген күрт қымбатшылық тіркелді. Әсіресе, күнделікті тұтынатын азық-түліктер, келісі 20 теңге тұрған тұз алғаш қымбаттағанда 60-80 теңгеге дейін көтеріліп, кейін 40 теңге болды. Нанның бөлкесі 30 теңгеден 60-қа шықты, сұйық майдың литрі 200-ден 400 теңгеге қымбаттады. Сол секілді қала көшесіндегі асханаларда баға көтерілді, бензин бағасы, қоғамдық көлікте жол жүру бағасы да қымбаттайды деп жатыр. Осыған байланысты болашаққа қатысты «бұл не болар екен?» деген көңілде бір алаң бар.

Теледидар, газеттерден естіп қаламыз, осы жылы соңғы 5-6 жыл бойы болмаған ақша құнсыздануы (инфляция) болуы мүмкін деген сөздер айтылып жүр. Ұлттық банктің басшысы Сайденов те бір сөзінде инфляцияның жоспарланған шамадан артып кеткенін айтып қалды. Алда жағдай не болады, осының соңы неге апарады деген ойлар маза бермейді.

Ауылда туыстарымыз тұрады. Онда жалақы деңгейі, қаламен салыстырғанда, әлдеқайда төмен. Ауылдың тұрмысы ежелден төмен: орташа есеппен алғанда екі есе, ал Астана, Алматы секілді бай қалаларға қарағанда ауылдағы табыс деңгейі төрт еседей төмен екені белгілі. Сол ауылда қазір 1 тонна көмірдің бағасы 6 мың теңгенің үстіне шығып кетті. Ана жолы пойызбен Алматыға келе жатқанымда Жамбыл жақтың қазақтары отырды, солардың айтуынша, оңтүстік облыстардағы ауылды жерлерде биыл көмірдің бағасы осындай екен. Міне, осындай ақпараттардан соң көңілді әлгіндей күдік мазалайды.

Ал, дегенмен, «үмітсіз - шайтан» дейтін қазақпыз, елде тыныштық сақталып келе жатқаны көңілге демеу. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардағымен салыстырғанда, қазір Аллаға шүкір, ел біраз ес жиып, аздап болсын әл-ауқаттанып қалды. Енді болашақта да тұрмыс жақсара бере ме деген үміт бар, болашаққа адам әр кез үмітпен қарайды ғой. Қазақ тілінің жағдайы түзеле ме деген үміт және бар. Бір жақсысы, тағы да сол 90-шы жылдармен салыстырғанда, қатты іздеген адамға екі қолға бір жұмыс табу мүмкіндіктері де кездеседі. Әрине, ол негізінен үлкен қалаларда, барлық жерлерде олай емес. Дегенмен, мұның өзі көңілге үміт береді. Өйткені, қазір тұрмыстың, әлеуметтің қиын мәселелері адамға жұмыс табу арқылы шешіледі. Сондықтан, жұмыс болып тұрса онда көңілдегі үміт оты да сөнбейді, халықтың басым бөлігінің көкейіндегі алаң мен үрей осыған байланысты сауалдар ғой. Қазір енді сыртқы жағдай, құдайға шүкір, тыныш, негізгі үрей мен үмітшілік осы тұрмыстың беті қалай қарай ауады екен деген сұрақтарға келіп сайып тұр.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG