Accessibility links

Мұсылмандықтың бес парызының бірі – қажылыққа жақында ғана барып қайтқан Амантай қажы өз пікірін айтады


- Бисмиллаһи, рахман-и-рахим, субхән Аллаху алхамдилолла ләйлаһа илаллаху Аллаху акбар!

Мен биыл 10-шы қажылықты Минада 47 адаммен барып өтеп қайттым. Ол жерде «Қазағым, Қазақстан, дін ислам жасасын!» деп Қазақстан туын көтеріп тұрғанымызды бүкіл дүние жүзі мұсылмандары көрді.

Енді сонда мен өз басымнан кешкен бір үлкен қате іс – біздің дінсымақ басшыларымыз Саудияның қажы істері жөніндегі министрін адастырып, Қазақстанның мұсылмандары Сауд еліне тек ұшақпен ұшып барады деген қате ақпар берген. Біз, 47 адам, барлығымыздың қолымызда визамыз бар, Алматыдан Шаржыға ұшпақпен жетіп, ары қарай Саудияның шекарасына келсек, «сіздердің визаларыңыз тек ұшақпен баруға арналған, автобуспен өтуге рұқсат жоқ» деп, бізді өткізбей тастады. Ал сол жерде Дағыстаннан, Татарстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан қажылық сапарға адам апара жатқан автобустар зуылдап өтіп жатты, ешкім оларды тоқтатқан жоқ.

Мен онан кейін «е, Алла-тағала мені сынап тұр екен ғой» деп, қайтадан Шаржыға айналып барып, сол жерден Саудияға телефон соқтық. Араб бауырлар бізге көмектестіп, 47 адамға Саудия арнайы ұшақ жіберді. Сонымен ұшып барып, кейін ұшып келдік. Ал қазір міне, бізден қажыға барған 300 адам елге қайта алмай Меккеде жатыр. Негізі, олар желтоқсанның 27-інен 28-іне қараған түні Алматыға келулері керек еді, бірақ енді қаңтардың 7-інде бір-ақ келеді дейді. Келе ала ма, оны бір құдай біледі. Бұндай жағдай бірінші рет емес, талай рет боп жүр. Мен осыны теледидардан үнемі айтып жүрмін, бірақ президентке осы жетпейді. Оның төңірегіндегілер тек Қазақстанды мақтап-мақтап, ал әлгіндей жайттарды президенттен жасырып отыр. Сонда біздің қажыларға мемлекеттік көмек жоқ деген сөз. Бұл президент аппаратының үлкен қателігі, премьер-министрдің қателігі және біздің Әбсаттар қажының қателігі.

Бұған ешкім қазір жауап бермейді. Он күн бойы жатқан қажыларға не мемлекет тарапынан, не өзге орындардан ешқандай көмек жоқ. Қайрат Төлешов деген біздің әділет министрлігінен бір жігіт басқарамын деп, көптің көзінше ұят болды. Өңкей бюрократтарды жинап, бірінші автобусқа мініп алды да, ал сол жердегі намаздағы қажылар қалып тұрды.

Бірақ енді бір жақсысы, бізде қажыға баратындар саны жыл сайын көбейіп келе жатыр. Баяғыда Рәтбек қажы 150-200 адам апарса, қазір міне соңғы 7 жылда қажыға 5 мыңдай адам барды.

Сондықтан, мынаны тексеріп, жауапқа тарту керек деп санаймын. Ал мұсылмандарды әлгіндей жолмен апарып тастап кеткен туристік компанияларға есікті жабу керек. Барлық дүниежүзі мұсылмандары көрді Қазақстанның мұсылмандары ол жерде күлкіге қалып, ең нашар, бишара кейіпте жүргенін. Келешекте осы қажылыққа сапарды ұйымдастыру туралы мемлекет тарапынан үлкен көмек керек елдегі мұсылмандарға. Бізге арнайы ұшақ берілсе.

Дүние жүзіндегі дінбасыларды өзіне шақырып, оған жарты млрд доллар ақша жұмсап жиын өткізген біздің Қазақстан ел мұсылмандарына арнап Меккеде бір мейманхана неге тұрғызбайды? Ол жерде, мысалы, бізбен көршілес Өзбекстанның өз мейманханасы бар, Түркия елінікі тіпті көп, мешіттері де бар, тек Қазақстан мен Қырғызстанда ғана ондай ештеңе жоқ. Бұл үлкен имандылық жұмыс, соны бірге жасайық.

Қазағым, Қазақстаным ұлы, иманды мемлекет болсын, бейбітшілік болсын! Аллаху акбар, субхән Аллаху алхамдилолла ләйлаһа илаллаху Аллаху акбар! Әумин!
XS
SM
MD
LG