Accessibility links

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Береке» гуманитарлық коллеждің студенті Қызырбай Мақанның пікірі


Биылғы сессияда студенттердің алған білімі оқытушылар тарапынан әділ жағдайда бағаланып жатқандығына қуаныштымын. Бұрынғыдай жақсы баға үшін студенттердің оқытушыларға пара беруі байқалмады, ал оқытушылар емтихан алуды үлкен жауапкершілікпен өткізді, бұл - қоғамдағы бір жақсы көрініс, ілгері өзгеріс болды.

Ал оқу орындарындағы бір қиыншылық жағдай - қазақ тіліндегі оқулықтардың аздығы, жетіспеушілігі және Қазақстанда қағаз жасайтын зауыттардың болмауы. Оның орнына арақ жасайтын зауыттардың көптігі. Қазақ тілінде ақпарат тарату жүйесі әлі дамымай қалып отыр, бұл бір жағынан, қоғамның қазақ тілінде сөйлеп кетуіне өзінің кері әсерін тигізіп отыр.

Қордай ауданының тұрғындары «Азаттық» радиосын жақсы тыңдай алады, ал бірақ Қазақ радиосының хабарлары қазақ тілінде үздік-үздік тыңдалады, яғни толық тыңдалмайды, неге қазақ радиосы тәулігіне 24 сағат қазақ тілінде хабар бере алмайды - бұл түсініксіз жағдай болып тұр.

Қазақ жастары қазір соңғы техникалық жаңалықтарға өте құмар, компьютер арқылы дүниеде не болып жатқандығын әп сәтте біле алады, іздеген материалдарын интернеттен тауып ала алады. Бірақта қазақ халқының Абай секілді ақыл иесі данышпан тұлғаларының кезінде айтып кеткен өсиеттері мен ұрпаққа қалдырған ақыл-кеңестерін неге СD, DVD дискілеріне жазып халыққа таратпаймыз? Сондай-ақ тек қазақша сөйлейтін интернет сайттарын неге көбірек ашпаймыз? Мысалы, Қытайда тұратын қазақ жастары «Тамшы», «Парасат» деген тор беттерін ашып, қазақ тілінде еркін ақпарат алмасу мүмкіндігін туғызып отыр. Бұны Қазақстанда неге жасамаймыз? Бұл менің көңілімде үнемі жүретін сұрақтар.

Ал Қазақстан қоғамы латын әліпбиіне көшуге асықпауы керек, оған көшуге болады, бірақ біртіндеп кирилл әліпбиіндегі, араб әліпбиіндегі қазақ халқына қатысты мәдени, ұлттық құндылықтарды жоғалтпай сақтай отырып көшкен дұрыс.

Сондай-ақ жоғары билікте отырған ағаларымыз өз ана тілі – қазақ тілінің бүгінгі бейшара күйіне неге жандары ашымайды деп таң қаламын. Біздің билік өз халқын көбірек ойласа, соның жыртысын жыртып, намысын қорғаса деп тілеймін.
XS
SM
MD
LG