Accessibility links

Қазақстан премьері биыл елдің ішкі жалпы өнім өсімі баяулайды деп отыр


2008 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсуі былтырғы 8,7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендейді деп күтіліп отыр. Ал ұлттық банк инфляцияны 10 пайыздық көрсеткіштен асырмас үшін шаралар қолданбақ. Бұл туралы Астанада 8 қаңтарда үкімет отырысында Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов хабарлады. Кейбір тәуелсіз экономистердің пайымдауынша мұндай көрсеткіштер болса, 2008 жылы Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысын былтырдағыдан қатты сезінеді.

Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың айтуынша 2007 жылы Қазақстан экономикасы алдын ала жасалған бағам бойынша 8,7 пайызға өсті. «Бірақ, халықаралық базардағы қаржыға қатысты қатаң талаптардың кесірінен жергілікті банктерге сырттан қарыз алу қиындады. Сондықтан 2008 жылы елдің шынайы ішкі жалпы өнімінің өсімі 5-7 пайыз болады деп күтілуде», дейді ол. Премьердің айтуынша, ұлттық банк қаржы-несиелік саясат шеңберінде инфляцияны 10 пайыздық көрсеткіштен асырмас үшін шаралар қолданбақ. Бұл жаңа жылдың негізгі тапсырмасы. Индустрия және сауда министрлігі Қазақстанда 2007 жылы болған азық-түлік бағасының жаппай қымбаттауы 2008 жылы қайталануы мүмкін деп ескерткен. Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың айтуынша, бұл жағдай қайталанбас үшін үкімет мемлекет пен жеке меншік сектор арасында серіктестік жасайды. «Ол үшін заңдар дамытылады», деді ол.

Вице-премьер Өмірзақ Шүкеев журналистерге түсіндіріп өткендей, үкіметтің нақты жоспарлары бар:

- Кейбір азық-түлікті біз импортқа аламыз. Бұл әсіресе қант, өсімдік майы мәселесі. Бұл екі позиция бойынша үкімет астық одағымен бірге тағы да шет елдерден сатып алу мәселесін қолға алып отыр. Жақын арада жеткілікті қор жинаймыз. Біз 3 позицияны бақылап отырмыз. Олар - нан, қант және өсімдік майы.

Инфляцияға әсерін тигізетін жанар-жағар май бағасының өсуі де үкімет назарында, дейді вице-премьер Өмірзақ Шүкеев. Оның айтуынша, бұл бағаны тұрақтандыру үшін Қазақстаннан алынатын шикізаттың басым бөлігін әлемдік бағамен экспортқа сатып жатқан мұнай компанияларына қатысты көзқарас өзгерістерге ұшырауы мүмкін:

- Біз оларға айтамыз: «Біз жергілікті елдің де қамын ойлауымыз керек. Сіздердің мүдделеріңізден басқа да мүдделер бар. Ішкі базарды мұнай өнімдерімен толтыруға сіздер мұнай зауыттарына өнімнің бір бөлігін берулеріңіз керек» деген талап қоямыз. Ол үшін топ құрылды. Оған энергетика министрі Сауат Мыңбаев жауап береді. Заң қабылдауымыз керек мұнай өнімдерінің айналымын реттейтін. Ол дайын болып қалды деп айтуға болады. Жақында парламентке енгізіледі.

Бірақ, негізгі назар банктерге аударылмақ. 2008 жылдың басындағы бірінші үкімет отырысында хабарланғандай, 2008 жылы Қазақстанның қаржыны қадағалау Агенттігі екінші деңгейдегі банктерді бақылауды күшейтеді. Ол үшін агенттіктің техникалық және штат қорын кеңейту жоспарланды. Өз кезегінде үкімет банктерге көмек беруін жалғастыра береді. Оның сыртында Қаржы агенттігі мен Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктердің өзге қаржы көздерін тартуын қолдайды, дейді премьер. Оның пайымдауынша, банктер қосымша құнды қағаздар және облигациялар шығаруы тиіс. Сонда болашақта бұл шаралар банктердің халықаралық қарыз базарларына тәуелділігін азайтады және Қазақстан мемлекетінің ресурстарынан қаржы алу кемітіледі деп хабарланып отыр. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Тәджияқов мойындағандай, 2008 жылы Қазақстан банктерінің жағдайы қиындай түседі:

- 2008 жылы жағдайы өте қиын болады деп отырмыз.

2007 жылдың 1 тоқсанына шаққандағы мәлімет бойынша, жеке меншік сектордың сыртқы қарызы Ішкі жалпы өнімнің 95 пайызына жеткен. Дәл сол кезде әлемдік қаржы дағдарысы Қазақстанға шағылысып, елдің рейтингі төмендетілді. Ал, премьердің ойынша, халықаралық рейтинг агенттіктерінің Қазақстан рейтингін азайтуының негізгі себебі - әлемдік экономиканың нақты болашақ жоспарларының жоқтығынан туындаған. Мәсімовтың пікірінше, әлемдік қаржы базарларындағы тұрақсыздық Қазақстан экономикасына әсер етпеуі мүмкін емес.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG