"Азат Еуропа"/"Азаттық" радиосының тілшісі Хийтер Мейер демалыс күндері Нью-Хемпшир штаты Манчестер қаласында болып, науқан барысын көрді. Тілшіміз суреттеп отырғандай, бір қарапайым сайлаушы Хиллари Клинтонның қал-жағдайын сұрағанда, Хиллари ханым өзін берік ұстайтын бейнесінен шығып, көзіне жасы толып, дауысы дірілдеп, былай деп жауап қатты:
- Кейбір адамдар сайлауды ойын деп қабылдайды, біреу алға басты, біреу артта қалды деп ойлайды. Бірақ бұл ел шаруасы. Бұл балаларымыздың болашағына қатысты іс, шынтуайтында барлығымызға қатысты шаруа. Білесіздер ғой, арамыздағы кейбіреулер бізді бұл жерден алыстатуда, олар бұл істі кейбір нақты қарама-қайшылыққа қарамастан жасап отыр.
Міне, сайлау додасының ең басында Хиллари Клинтон сүрініп қалды. Айова штатында жеңіліп қалған Хиллари Клинтон енді Нью-Хемпшир штатында ұпайын түгендеп алуға күш салып жатыр.
Барак Обаманың жасы не бәрі 47-де, оның АҚШ Сенатында депутат боп отырғанына да не бәрі үш жыл болды. Соған қарамастан, Барак Обаманың сөзін есту үшін, бөлек топтарға бөлінген Америка Құрама Штаттарын біріктіремін деген сөзін тыңдау үшін мыңдаған адам кезекке тұрған жағдайлар болып жатыр. Барак Обама Хилларидің алдына 10 пайыз шығып отыр, дейді қоғамдық пікір зерттеулері.
Барак Обаманың саяси ұранында "үміт" деген сөзге басымдылық беріліп отыр. Барак Обаманың әкесі - африкалық, шешесі - америкалық. Барак Обаманың білімі – заңгер, ол қоғамдық жұмысқа жастайынан араласқан, қалалық мекендерде тұратын кедей адамдардың әлеуметтік мәселелерімен айналысқан. Барак Обама АҚШ саясатында соңғы жылдары басымдылық алған партияласуды доғарамын, Американы біріктіремін деп уәде айтып отыр.
Республикалық партияның шеңберінде де көпшілік күткен, сарапшылар болжамдаған істер теріс шықты. Алға әзірше сенатор Джон МакКейн шығып отыр. Джон МаКейн – АҚШ әскери саласының ардагері, Ирақ соғысын қолдайтын саясаткер. Республикалық партия шеңберінде екінші орынға Массачусетс штатының бұрынғы әкімі Митт Ромней шықты. Ал енді Митт Ромней төменгі сайлауларда бірден алға шығады деп күтілген. Республикалық партия додасының соңында Арканзас штатының бұрынғы әкімі Майк Хаккаби келе жатыр.
Майк Хаккабидің сайлау науқанының бір ерекшілігін айта кетсек – ол қасына танымал киноактер Чак Норристі ертіп алған. Қазақстанда да кеңінен танымал Чак Норрис қарапайым сайлаушыларға қайырылып, Майк Хаккабиге дауыс беріңдер деп үгіттеуде. АҚШ президентін сайлау науқанының ең алғашқы кезеңі боп табылатын осы сайлауларда президенттікке кандидат боламын деген саясаткер сайлаушылармен тікелей кездеседі, бір үйден шығып, екінші үйдің есігін қағады, түрлі жиындарда сөйлейді, қарапайым азаматтармен кофе ішіп, тікелей дидарласады. Яғни, әрбір сайлаушы мұндай жағдайда өз ойын, алаңдаушылығын ел президенті боламын деген саясаткерге жүзбе-жүз айта алады.