Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.12.2008 жыл


Cенбі күнгі басылымдардың барлығы дерлік Қарағандыдағы «Абай» шахтасында жұма күні болған жарылыс туралы жазыпты. Сонымен қатар бірқатар басылымдар әлем экономикасындағы дағдарыс және оның Қазақстанға әсері туралы да экономикалық сараптамаларын беріпті.

«Айқын» газеті «Экономика» айдарында «Әлемдік экономикалық дағдарыс теңгенің құнсыздануына әсер етуі мүмкін бе?» деген сауалға бірнеше ғалымның пікірін беріпті. Оған қаржыгер Ғалым Байназаров «Әлемдік экономикалық дағдарыстың әсері қазір бізде жоқ. АҚШ ипотекалық дағдарысы сол елдің үлкен экономикасының бір бөлігі ғана. Сондықтан оған әлемдік экономикалық дағдарыс деп айдар тағуға болмайды» дей келіп, «теңге үшін бірден-бір қауіп сыртқы тауар биржаларындағы коньюнктура, жалпы әлемдік экономикада болып жатқан құбылыстар. Бұлар міндетті түрде әсер етеді. Өз экономикамызда болып жатқан құбылыстардың да ықпалы болады. Сондықтан бей-жай отыруға болмайды» десе, экономика ғылымдарының докторы Бейсенбек Зиябеков «біздің экономикамыз көбіне шетелдің импортына, сондай-ақ біздің шетелге шығаратын затымызға бейімделген. Сол себепті міндетті түрде теңге құнсызданады деп ойлаймын» деп жауап беріпті.

«Егемен Қазақстан» 2003 жылдан сенат депутаты Нұрлығайым Жолдасбаевамен сұхбатын жариялапты. Депутат 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының орындалуына баға бере отырып, алдағы уақытта да «тұрғын үй құрылысының қарқыны тежелмейді» деген тұжырым айтыпты.

«Түркістан» газеті «былтырғы жарияланған қазақ тілі жылының қортындысы қандай?» деп сұрап, оған «нәтиже жоқтың қасы» деп жауап беріпті. Сондай-ақ «Түркістан» белгілі боксшы, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымовпен жасаған сұхбатын жариялапты. Онда Ермахан жалпы спорт жайлы әңгімесін, бір жеңіліс тапқанда әкесі оны ауылға әкетіп, қой бақтырып қойған естелікпен жалғастырыпты. «Жастар саясатында кемшін тұстар көп» деген мақалада автор «кезінде жастарға көптеп уәде беріп, іске асырмаған, өз тілінде шала сөйлейтін ел ағалары, жастардың ұлттық идеология тұрғысынан тәрбиеленуін қайдан ойласын?» деген түйін жасапты. «Саясаттанушы Дос Көшімнің: біздің балаларымызды Американдық режиссерлер тәрбиелеп жатыр дегені нағыз көрегендік» дей келіп, ойын «АҚШ-тағыдай өзінің, елінің болашағын ешбір ойламайтын алаңсыз жастар, американдық журналистердің тілімен айтқанда «авангард жастар» көбейіп кетпесе игі» деп алаңдаушылығын білдіріпті.

Бірқатар басылымдар Алматы облысының әлеуметтік қызмет саласын прокурорлық тексерістен өткізгенде, бұл мекеме кемтарларға көмек ретінде «құлағы естімейтіндерге - ұялы телефон, жүре алмайтындарға – таяқ силағандай» келеңсіз жайттардың анықталғанын жазыпты. Сонымен қатар бірқатар басылымдар Алматыда соңғы кезде суық салдарынан электр қуатының жетіспей жатқанын жазыпты. Сондықтан «алдағы он күнге кешкі сағат алты мен он аралығында Алматыда кезекпен электр жарығының өшірілуі мүмкін» деген «Алматыэнергосбыт» серіктестігінің ескертулерін беріпті.

«Литер» газеті «Алматыда Қытай азаматтарының қаптап кеткені соншама, жақында чайна-таун пайда болуы мүмкін» деген депутаттардың алаңдаушылығына байланысты «Қорқыққанға – қос көрінер» деген мақаласында қалалық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясының басшысы Айткелді Асановтың «оның бәрі бос сөз. Бәрі де қатаң қадағаланады. Мысалы, былтыр Қытайдан келгендер саны 12 мыңнан сәл асса, олардың сегіз мыңнан астамы өзіміздің қандас оралмандарымыз» деп жұбатыпты.

«Айқын» газеті «Адам сатудың алдын аламыз» деген мақаласында «халықаралық статистикалық агенттіктер Қазақстанды адам трафигі жөнінен әлем бойынша алдыңғы үштіктің қатарына қосып отыр» дей келіп, «жыл сайын Қазақстаннан сыртқа және ел ішінде 3000-ға жуық адам заңсыз түрде саудаға түседі екен» десе, «Экспрес К» газеті Петропавлдық он сегіз жасар екі жас өспірім қыздың Өзбекстан арқылы Араб әмірлігіне тән саудасына сатылып кете жаздағаны туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG