Accessibility links

Болашақ журналист, студент Иманбаева Инга қазіргі таңда қоғамдағы діни секталар жайында


- Мен мақала жазбақ болып Қазақстандағы діни миссионерлер туралы зерттеген едім. Сол зерттеу барысында менің көңілімде үлкен толғаныс тудырған жайтпен бөліссем деймін.

Басында оның соншама қауіпті екенін білмеген едім. Бірақ, зерттеу барысында түсінгенім – діни миссонерлер Қазақстанда ұлтымыздың болашағына үлкен қауіп төндіретін факторлардың бірі екенін білдім. Қазір Қазақстанда үш мыңнан астам ұйым бар екен және Қазақстан халқының 11 пайызы дәстүрлі емес діндерге кіріп кеткен екен. Мәселен, зерттеу барысында түсінгеніміз, тек Алматы қаласының Алмалы ауданының бір өзінде 56 мақсаты белгісіз секталар бар екен.

Солардың нақты жұмысымен танысу үшін бүркеншек атпен және адасқан адамдай болып бірнешеуіне кіріп шыққан едік. Шынымен де, жастар ретінде, және қазақ жастары ретінде, ең бірінші біз солардың біріне кірген кезде, біз қорқып кетпесін деді ме, әйтеуір олар «бізде қазақтар көп» деген сөзден әңгімені бастайды екен. Расында, ішіне кіргенде біз шынымен де олардың арасында әлгілердің құдайын мадақтап өлең айтып жатқан қазақтардың көп екендігін көрдік.

Сектадағылар бізді қаржылай тартуға да тырысты. Біз жай қызыққандай боп сұраған кезде, олар өздерінің жексенбіде болатын жиындарына шақырды. Біз келе алмайтынымызды айтып, әртүрлі себептерді алға тартқанымызда олар біздің келуімізді сұрады және қайтарда жолымызға қаржылай көмектесулері мүмкін екенін, тек жолға ғана қатысты емес, өздерінде тегін Интернет, компьютерлік және ағылшын тілін үйрету курстары барын және оларды толықтай пайдалана алатынымызды айтты.

Бізбен тілдесу үшін телефон нөмірімізді сұрағанда өзімізде ұялы телефон жоқ деп едік, олар егер біз жексенбі күні келсек ол (телефон) бізде болатындығын және олардың дініне келген жаңа адамдарды құдайдың жан-жақты қолдайтынын айтты.

Бұл жерде менің көкейімдегі мәселенің өзектілігі айтылды және ол түсінікті деп ойлаймын. Бұл мәселеге қатысты, меніңше, әркім өзінен бастау керек - ұлтымның болашағы болуы керек десе ешқандай миссионердің жетегінде кетпейді деген үміттемін.
XS
SM
MD
LG