Accessibility links

Алматылық студент Сабыр Баймұхамедұлы Қазақстанда жаңа заманғы технологияларды дамыту жайында


- Біздің мемлекетте, осы Қазақстанда, үкімет Интернетке шығу мүмкіндігін үш жылдың ішінде үлкейтеміз деген жоспар құрып, оны жүзеге асырамыз деп айтқан еді. Бірақ қазіргі таңда іс жүзінде олай емес. Өйткені, кейбір мектептерде, көбінесе оқушыларға Интернетке шығу мүмкіндігі өте аз.

Оның себебі, басқа елдермен салыстырғанда, мысалы бізбен көрші Ресей, Қырғызстан мемлекеттеріне қарағанда біздің елде Интернеттің бағасы қымбат. Сол сияқты, мобильдік телефон байланысының бағасы да қымбат. Меніңше, үкімет ең алдымен осыған назар аударуы керек. Яғни, Интернеттің бағасын түсіріп, оны халықтың қалтасы көтеретіндей жасау керек.

Сонымен бірге қазіргі кезде Интернетті қалай қолдануды үйрететін көптеген түрлі курстарды кеңейту керек. Өйткені Қазақстанда бұндай мамандықпен айналысатын адамдар өте аз әзірге. Мысалы, Үндістанда жылына млн-ға жуық компьютер маманын дайындайды екен. Одан кейін олардың көпшілігі АҚШ, Еуропа елдерінде жұмыс істейді. Сол сияқты Оңтүстік Азия елдерінде осындай компьютер мамандығына көп көңіл бөледі.

Менің ойымша, біздің үкімет те сондай мамандарды даярлауды қолға алуы керек, ол үшін біздің елімізде барлық мүмкіндіктер бар. Мәселен, осыдан біраз бұрын ғана Алматыда «Алатау» технологиялар паркі ашылып, жұмыс істей бастады қазір. Соған мамандарды дайындау ісін қазірден бастап қолға алу керек. Ол үшін мемлекет осындай мамандыққа жыл сайын тапсырысты ұлғайтуы керек, яғни көп грант бөлу керек. Одан кейін грант бойынша оқу бітіріп шыққандар осы Қазақстанда қалып, сол «Алатау» паркінде жұмыс істеуге үкіметпен келісім-шартқа отыруы керек.

Міне сонда біз жаңағыдай мамандықты көбейте аламыз. Соның арқасында компьютер өнімдерін шығаратын, бағдарламалар дайындайтын мамандар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Және бұл экономиканың көтерілуіне де әсер етеді. Қазақстан экономикасының дамуының бір көзі – осы жоғары технологияларда жатыр. Сол себепті үкімет өз бағдарламасында жоғары технологияларға негізделген мамандықтарды кеңейтуді белгілеуі керек. Осы мәселені Қазақстан үкіметі назарында ұстаса деген тілек айтқым келеді.
XS
SM
MD
LG