Accessibility links

Қашаған жобасына қатысушы шетелдік компаниялар Қазақстан үкіметінің айтқанына келісті


Қазақстан Қашаған мұнай кеніш орны жобасындағы құнды қағаздар пайызын екі есеге арттырды және бұл акцияларды базардағы бағадан арзанға алды. Оның сыртында Қазақстанға жобада тұңғыш рет роялти төленетін болды. Бұл туралы Астанада қаңтардың 14 күні Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев хабарлады. Алайда, келіссөздерге жарты жыл уақыт жұмсалғандықтан Қашағаннан өндірілетін бірінші мұнай тіпті оператор шегерген мерзімнен асып 2011 жылдың соңына қалды.

Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың айтуынша, 13 қаңтарда Қашаған мұнай кеніш орны жобасындағы консорциумның барлық қатысушылары келісімге келіп, өзара түсіністік жөніндегі жаңа меморандумға қол қойды. Осы құжатқа сәйкес жергілікті мұнайкомпаниясының жобадағы құнды қағаздары артады. Осы уақытқа дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Қашағандағы үлесі 8,33 пайыз болатын. Бұл жобадағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі еді. Енді оған қосымша акциялар алынады, дейді Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев:

- 8,5 пайыз сатып алатын болдық консорциумнан. Бағасы 1 миллиард 780 миллион доллар. Бұл нарықтағы баға емес. Ол аз дегенде 3-4 миллиард долларға көп шығар. Қазақстан Қашағаннан мұнай табылған уақыттан бастап сол уақытқа дейінгі пайыздарымен қосып төлеуге тиіс болады.

Министр Мыңбаевтың айтуынша, енді «ҚазМұнайГаз» компаниясының Қашаған жобасындағы үлесі 16,81 пайызға дейін ұлғайтылды. Ал жобадағы бірнеше қатысушының акциялары керісінше «ҚазМұнайГаз» пайдасына акция сатқан соң 18,52-ден төмендеп, жергілікті компаниямен теңесті. Бірақ, құнды қағаздар үлесін арттырғаннан кейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жобаға салатын жауапкершілігін және инвестицияларын арттыру керек. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті Мақсат Иденовтың айтуынша, компания жобаға жұмсауда өз қаржысын салады және қарызға ақша алып қосады.

Бұл мәселе «Eni» компаниясы Қашағаннан мұнай өндіру мерзімін 2010 жылға дейін шегергеннен кейін басталды. Бақылаушылардың айтуынша, келіссөздердің бұл бөлігінде итальяндық «Ени» жеңіске жеткен. Себебі, министр Мыңбаевтың айтуынша, Қашағанда алғашқы мұнай 2011 жылдың соңында болады. Өйткені, екі тарап жарты жылдық уақытын келіссөздерге жұмсап жіберді. Екіншіден, оператордың айтуынша, жалпы жоба құны 57 миллиардтан екі жарым есеге дейін қымбаттады. Министр Мыңбаевтың айтуынша, 136 миллиард долларға дейін өскен шығын сомасы бекітілуі мүмкін. Бірақ, Қазақстан Қашаған мұнай кеніш орнын игеретін операторлар келтірген экономикалық шығынды 40 миллиард доллардан астам сомаға бағалады. Бірақ, бұл келіссөздерде шығын сомасы кеміп қалған.

Министр Мыңбаевтың айтуынша, 2041 жылға дейін Қазақстанға мұнай өндіруді кешіктергені үшін төленетін бонуспен қатар роялти есебінен қаржы төленеді. Бұған дейінгі келісімде роялти мүлде болмаған. Бұл сома мұнай барелінің бағасы 70 доллар болса деген жорамалдан жасалған, яғни егерде мұнай бағасы өссе онда роялти сомасы да өсіп отырады, дейді министр Мыңбаев.

- Акцияны былай қойғанда оның үстіне бір 5 миллиард доллар төлейді деп келісіп отырмыз.

Энергетика министрінің айтуынша, Қазақстан жарты жыл бұрын келіссөздердің басында «профит-ойл» деп аталатын Қашаған мұнайындағы өз үлесін қазіргі 10 пайыздан 40 пайызға дейін ұлғайтқысы келген. Бірақ, Қазақстан қаржыны болашақтан күткенше тезірек алайын деп шешті, дейді министр Мыңбаев:

- Біздің пікірімізше, профит-ойлдан гөрі роялти дұрыс. Өйткені, мұнай табылған кезден бастап ең бірінші қаржы роялти түрінде төленеді. Сосын консорциум шығысы жабылады. Сосын профит-ойл бөлінеді. Сондықтан ең артында қалып қалмайық деп Қазақстан қаржысын роялти ретінде алады деген шешімге келдік.

Министр Мыңбаевтың айтуынша, Қашағанда енді оператор ауысады. Консорциумның барлық қатысушылары қатысатын жаңа операциялық компания құрылмақ. Бірақ, итальяндық «Ени» тәжірибелік-өндірістік кезеңді аяқтауға жауапты болып қала береді. Жоба келісімі 2041 жылға дейін ескерілген және бұл мерзім өзгерістерге ұшырамады. Қазіргі оператор жорамалына сәйкес Қашағанда 38 миллиард баррель мұнай қоры бар.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG