Accessibility links

Қазақстанның білім, ғылым саласында ұзақ жылдар еңбек еткен, зейнеткер Сәуле Баймағамбетова


Әлемде барлық елдерде барлық жерде экономика ең бірінші өзінің халқына қызмет етеді. Бұл - қағида. Алайда осы елдер арасында өз халқына, өз еліне экономикасы қызмет етпей отырған бір ел бар, ол - Қазақстан.

Қазақстан экономикасы осы жылдары шетелдіктер үшін, солардың мүддесі үшін қызмет етіп келеді. Осындай жағдайда біздің жергілікті халқымыз – қазақтар қоғамдағы түрлі әділетсіздіктен, арақтан, аурудан жапа шегіп, арсыздық, ұятсыздық , намыссыздық дертіне ұшырап отыр. Түбінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі бар. Бұны осыдан 90 жыл бұрын Алашорда көсемдері ескерткендей «тілі жойылған ұлттың өзі де жойылады» деп қазір қазақ халқы өзінің тілінен, дінінен айрылып бара жатыр.

Сондықтан бүкіл халық болып осы тілімізді, дінімізді сақтап қалуға ат салысуымыз керек. Әсіресе, бұл мәселеде зиялы қауым өкілдері және жазушы, ақындар бірігулері керек болып отыр. Олар жеке бастарын ойлап, атақ-даңқ үшін том-том кітап жазғанша осы жойылуға жақын тұрған тілімізге араша түсулері керек, атақ-даңқ іздегенше, жас ұрпақтың қамын ойлаулары керек болып тұр.

Ол үшін бірінші кезекте қазір ешкімде оқымайтын неше ондаған том кітаптардың орнына жас балалар, жас ұрпақтың сана сезімін оятатын соларға арнап қазақ тілінде ертегілер, әңгімелерге толы кітаптар жазылуы керек. Тіпті болмаса әлем елдерінің балаларға арналған кітаптарын аудару керек, бұл - бірінші кезекте істелуі қажет.

Қазір Қазақстанның қай қаласына болсын барып кітапханалар мен кітап сататын дүкендерге кірсең Ресейде басылған орыс ктіаптарына толы, ал қазақ кітапты іздесең саусақпен санарлық. Сонда «мен осы қандай мемлекетте тұрып, өмір сүріп жатырмын» деп өзіңізге өзіңіз сұрақ қойғыңыз келеді. Бүгінгі шындық жағдай осы.

Ал бұл аз болғандай енді қазаққа өз тіліңді білмесең білмей-ақ қой, ал орыс тіліне қоса ағылшын тілін де білуің қажет дегенді шығарып жатыр. Орыс тіліне келер болсақ осы тілді орыстардың өзінен артық болмаса кем сөйлемейтін дәрежеге шықтық. Содан не ұттық? 1986 шы жылы бейбіт түрде алаңға шыққан жастарымызды қырып тастады. Сондықтан айтарым, бізге ана тіліміз - қазақ тілінен басқа ешқандай тілдің керегі жоқ, қазақ тілімен зауыт, фабриканы да салуға болады, мемлекетті де басқаруға болады. Сондықтан зиялы қауым әсіресе жазушылар мен журналистер осыған ат салысу керек деп ойлаймын.
XS
SM
MD
LG