Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.19.2008 жыл


Cенбі күнгі жарық көрген басылымдар Қарағандыдағы «Абай» шахтасында болған жарылыс құрбандарына арнаған мақалалар және Алматыда президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен аяқталған сот ісі туралы жазуды жалғастырыпты. Ресми басылымдар «Нұр Отан» партиясының саяси кеңес мәжілісінде айтылған «жеті басымдылық» туралы түсініктемелерін басыпты. Осы жеті басымдылықтың бірі - қазақ тілі болғандықтан бірқатар басылымдар тіл мәселесіне де тоқтапты.

Бірқатар газеттер Шымкент маңайындағы «Орманшы» елді мекенінде жеке тұрғын үйлердің бірінде болған қайғылы апат туралы жазыпты. «Онда 15 қаңтарда алғашқы газ жарылысы болып, соның салдарынан 5 адам жарақат алып, ал 18 қаңтарда қаза болған 48 жасар келіншектің жаназасына дүйім жұрт жиналғанда, газ тағы жарылып, 24 адам (олардың арасында жас балалар да бар) ауруханаға жеткізілді» деп жазды «Эксперсс К» газеті.

«Жарылыс үй астынан өтетін газ құбырынан шығып жатқан газдан болғанын, екінші апаттан соң ғана газ мамандары анықтапты» дейді «Время» газеті.

Президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтың сотының аяқталуына орай прокурорлар Владимир Кириленко мен Алмаз Құдайбергенов Астанада арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, сонда прокурорлар «Рахат Әлиевтың сот ісі ешқандай саяси тапсырыс емес, бұл таза қылмыстық іс деп мәлімдегені» туралы жазады «Казахстанская правда» газеті.

Осы іске байланысты «Время» газеті, жәбір көрушілердің бірі - Әбілмәжін Ғилымовпен сұхбатын жарялапты. Онда Ғилымов «бұл сот ісі бәріміз үшін емтихан болды» дей келіп, «Рахат Әлиевке үкімнің шыққаны - Самалихов пен Қадырғожаевтың ақталуына мүмкіндік берсе керек» деп, ойын қортындапты.

«Экспресс К» газеті болса, прокурорлар жоғалып кеткен Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің тірі екеніне күмәнданатынын айта келіп, «олардың мәйіттері көмілуі мүмкін деген күлтөкпенің ауқымы 90 гектар және ол жерге қалыңдығы үш метрдей күл төгілген» деген болжам айтқанын жазады.

«Айқын» газеті «Пекиннен алтын алған спортшыға – 250 мың доллар!» деген мақаласында, министрліктің алқа отырысында Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов аспантау елінің астанасы Пекинде дүркірейтін ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарына ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның шақыруымен Қазақстан президенті де бармақ екенін, «сондықтан біздің спортшылардың жеңіліп, Қазақ елін ұятқа қалдыруына жол жоқ» деп айтқаны туралы жазыпты. Мақала авторы «осы күндері Қазақстанның сенім артқан дүлдүлдері спорттың 16 түрінен 69 олимпиадалық лицензияны алғанын және алдағы жоспарда 110-120 лицензия алу» барлығын айтыпты. Сонымен қатар мақала авторы, штаттық ұлттық команда және спорттық резерв дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовтың сөзіне сілтеме жасап, «олимпиадада бірінші орын алған адамға 250 мың доллар сыйақы тағайындалғанын, ал екінші орын алғандар – 150 мың, үшінші орын – 75 мың, төртінші орын – 30 мың, бесінші орынға – 10 мың, алтыншы орынға – 5 мың доллар сыйақы беру ұсынылып отыр» деп жазады.

«Время» газеті Қарағандыдағы шахтерлар қаза болған шахта маңайында арнайы естелік тақта орнатқаны туралы айта келіп, «Тентек» шахтасындағы жалғасып жатқан ереуіл жайына тоқталыпты. Сонымен қатар осы газет соңғы кездері дау тудырып жүрген, Қытайдан сатып алынған жолаушылар тасымалдайтын вагондардағы ауаның құрамын арнайы зерттеу үшін іс-шаралар атқарылғанын жазыпты.

«Литер» газеті «жаңа жыл қарсаңында премьердің сендіргеніне қарамай, Қостанай және Рудный қалаларында қоғамдық көліктердегі жолақы 10 теңгеге қымбаттады» деп жазыпты. Осы газет «Пронесло» деген мақаласында «былтыр Қазақстан әлемдік экономикалық құлдырауға төтеп берді» дей келіп, «көптеген халықаралық сарапшылар ТМД елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да экономикалық дағдарыс болады деп болжаған еді. Бірақ дағдарыс Ресей, Украинаға соғыпты. Ал Қазақстанда үкімет экономикалық құлдырауды болдырмай тастады» деп, ол үшін Қазақстан үкіметі қандай шараларға барғаны туралы жазыпты.

«Новая газета Казахстан» болса, Әкежан Қажыгелдиннің 16 қаңтарда Германия басшыларының шақыртуымен сол елде болып, онда билік өкілдерімен, саяси партия басшыларымен кездесіп, бірталай мәселе бойынша пікір алмасқаны туралы жазыпты. Аркадий Дубнов «Акежан Кажегельдин объяснился в Берлине» деген мақаласында, Қажыгелдиннің Германия канцлері Ангел Меркельдің сыртқы саясат бойынша бас кеңесшісі Кристоф Хойсгенмен кездесу барысында «Қазақстандағы реформалар революциялық сілкіністерге жол бермей, эволюциялық жолмен жүзеге асатынына сенемін» деп айтқанын жазады. Автор «Қажыгелдиндегі бұл сенімділік екі факторға негізделген, оның біріншісі - Қазақстан элитасы да, қарапайым халқы да демократиялық өзгерістерге дайын және демократиялық өзгерістер бағытындағы қадамдар Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асуы керек, оны ол жасай алады деп айтты» деген тұжырым жасайды.

Бірқатар басылымдар Қазақ радиосының интернетке шыққанын жазыпты. «Егемен Қазақстан» осыған арнаған мақаласында «Ендігі жерде Қазақ радиосын әлемнің кез келген нүктесінен Интернет арқылы www.kazakstan.kz немесе www.kazradіo.kz сайтынан тікелей эфирде тыңдауға болады» деп жазады.

Сонымен қатар «Айқын» газеті «119 жастағы ананың ұрпағы 400-ге жетті» деген мақаласында, Ташкенттен отанына оралған Алтынай Сейдазымова әжейдің зейнетақысы төрт-ақ мың теңге екені туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG