Accessibility links

Қызылжар тұрғыны, ардагер-журналист Ожан Қали қазірде Қазақстан қоғамын кеулеп алған кесел – жемқорлық туралы өз ойымен бөліседі


- Коррупция деген қазір жоғарыдан төмен жайлап алған, қоғамның ауруына айналды. Коррупцияның түп-тамыры тереңде - егеменді республика болдық деген тұстан бастау алады бұл дерт. Сол уақытта тісін қайрап, құлағын тігіп аңдып отырғандар «ал, енді егемен ел болдық, Одақтан бөліндік» дегенді ести сала, барлық дүниені талауға түсірді.

Мәселен, совхоз – директордың қолында, аудан, совхоздар – аудан басшыларының қолында, облыс басшыларының қолында аудандар болды, міне солардың барлығы ауыз салды. Бұрынғы совет үкіметінің насихатымен, тәрбиесімен келген қара халық бұл жайттың барлығына аузын ашып қалды. Осылайша, коррупцияны бастаған, негізінен басшылар болды. Сөйтіп, 70 жыл бойы жиналған дүние 7 жылға жетпей талауға түсіп, тас-талқан болды. Міне, коррупцияның негізі сонау 1991-92 жылдары солайша басталды.

Бір мысал келтірейін, біздің Солтүстік Қазақстан облысында 6 зауыт болған. Соның бірі – тікелей Мәскеуге бағынған Ленин атындағы машина жасау зауыты деген жабық кәсіпорын болған. Сол зауыттың барлығын талап мына көршілес Ресейге алып кетті. Оны істеген қатардағы адамдар емес, барлығы - басшылар. Солар әлгі зауытты Ресейдің Түмен облысының аумағына жеткізді, оның күллі машиналары, саймандары қазір сол елде жұмыс істеп жатыр.

Коррупция – қазір қоғам денесіне дендеп еніп алған, жайлап кеткені соншама, оның шет-шегін ұстай алмай қалдық. Және бұл төменнен емес, жоғарыдан басталған пәле, қазір мемлекеттік құрылымдардың барлығының бойына кіріп кеткен алапат деуге болады мұны. Қазір қай мекемеге, қай кәсіпорынға бармаңыз - барлығын жайлап алған осы коррупция!

Ал үкімет басшылары осы жемқорларды ауыздықтау керек деп жатыр ғой, осы жуырда президентіміздің өзі айтыпты ғой әлгі «Нұр Отан» партиясының жиынында: «коррупцияға қарсы шабуыл жасайық» деп. Бұл, әрине, керек. Бірақ, кеш қалған нәрсе, мұны баяғыда бастау керек еді. Ал қазір өршіп, өрт боп кеткен нәрсені қалай ауыздықтап, сөндірмек екенін өз басым түсіне алмай отырмын.

Жергілікті жердегі шенеуніктер, одан жоғары отырған шенеуніктердың барлығы - коррупционерлер. Егеменді елміз деп, жанын сап жұмыс істеп жатқан азаматтар бар, әрине. Бірақ, мемлекеттік қызмет істей жүре, өз қалтасын ғана толтырып жүргендер аз ба?! Ондайлар бар, енді соларды қалай тоқтатуға болады? Бұл тоқтайтын нәрсе емес, әбден өзінің күшін алып, екпінмен кетіп бара жатыр. Оның түбі – халықты жайратып-қиратуға апарады.

Бұл ауруды шығару үшін ем керек жоқ, бұған ота жасау керек, ота! Тек қана отау жасау арқылы құрту керек, бұған солай қатты келмесе болмайды.
XS
SM
MD
LG