Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.25.2008 жыл


Жұма күнгі жарық көрген басылымдарда үкімет басында болған кадр алмастырулары, Жезқазғанда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен бизнес форум жайында, сонымен қатар әлемнің қор базарындағы соңғы болған тербелістерге арналған сараптамалық мақалалар жарияланды.

«Деловая неделя» газеті «Ынтымақтастық жазаланады» деп аталатын бас мақаласын «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Оңтүстік» кен орнындағы шахтерлер ереуіліне арнапты. Онда автор «осы кен орнының жұмысшылары Қарағанды шахтерлеріне ынтымақтастық ретінде ереуілге шығып отыр» дей келіп, олардың талаптары: «зейнетке шығу жасын азайту, науқастанғандағы жөніндегі анықтама қағаздар бойынша еңбекақыны толығымен төлеу, жалақы мөлшерін 50 пайызға дейін көтеру» екендігі туралы жазады. «Анықтама ретінде, - дейді мақала авторы, – кеншілердің орташа жалақысы 72-85 мың теңге аралығында, ал олар жалақы мөлшерін 110-120 мың теңгеге дейін көтеруді талап етіп отыр. Қазір осы Жезқазғанда басталған «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» атты форумға байланысты, кен орнының басшылары шахтерлермен екі күнге ереуілді тоқтата тұруға бейбіт келісімге келді» деп жазады автор.

Осы оқиғаға байланысты «Республика» газеті «Оңтүстік» кен орнында не болды?» деген мақаласында «№65 шахтаның 300 кеншісі талаптары елеулі екенін көрсету үшін жер астынан шықпай қойды» дей келіп, «оған бармақшы болған журналистің аутокөлігін машинадан жарылғыш зат іздеген саперлар әртүрлі сылтаулармен жібермей қойды» депті.

«Новое поколение» газеті бас мақаласын «Ұлы құлдырауды экспорттау» деп атапты. Онда автор «АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыстан соң әлем енді-енді соның жемісін көре бастады. Апта бойы қор рыноктары дүрбелеңде болды. Сарапшылар АҚШ экономикасының рецессияға қарай кетіп бара жатқанын айтады. АҚШ федералды қор жүйесінің елдегі экономикалық ахуалды бақылауда ұстауға тырысқанынан еш нәтиже шықпай жатқанына қарағанда, әлемдік экономикалық дағдарысқа санаулы-ақ күн қалған шығар» деген болжам айтыпты.

«Панорама» апталығы «алдағы жылдары ішкі жалпы өнім өте жоғары бола қоюы неғайбыл» деген Ұлттық банктың болжамын беріпті. Онда Ұлттық банк мамандары келесі жылы ішкі жалпы өнім шамамен бес, ал 2009 жылы 6 проценттен сәл асар» деген болжам айтыпты. Сонымен қатар осы газет Қазақстан қор биржасындағы жағдай соңғы күндері едәуір түзеліп қалғанын айта келіп, «әлемдегі қор алаңдарындағы толқулар Қазақстан қор рыногына айтарлықтай әсер ете қоймады» деп жазыпты.

«Деловая неделя» апталығы «электр энергиясының қымбаттауы қарсаңында, оған не себеп?» деген сауалға жауап іздеп, осы саланың ғылыми зерттеу институтының маманымен болған сұхбатын жариялапты. Маманның айтуынша, Қазақстандағы ТЭЦ-тердің басым бөлігі 30-40 жылдан бері жұмыс істеп келеді, солардың ішіндегі ең ескісі - Қарағандыдағы ТЭЦ-1 сонау қырқыншы жылдардан пайдаланылып келеді екен. «Тозығы жеткен. Осы ТЭЦ-тер мазуттан енді қайтадан көмірге көшейін деп отырған жағдай бар. Ал экология мәселесі ешкімді алаңдатар емес» депі осы саланың маманы. Сондай-ақ осы басылым «Жұмбақ пәтер» деген мақаласын Рахат Әлиевтің үстінен Астана әскери гарнизонында басталмақ сотқа арнап, автор «Рахат телефондарды қалай тыңдаған?» деген сауал төңірегінде, осы іске байланысты куәгер ретінде өтетін бір тұрғынның Алматыдағы бір үйде орналасқан екі пәтерінің іші толған компьютерлер, шатыры толған параболалық антенналар екенін жазып, «бәлкім Рахат осы жерден де ақылы мамандарды тартып телефондарды тыңдаған шығар» деген болжам айтыпты.

Бірқатар басылымдар «Оскар» сыйлығына ұсынылған «Моңғол» фильмі туралы «ол қазақтың фильмі» деп жазуды жалғастырыпты. Бірқатар басылымдар орыстың бард ақыны Владимир Высоцкийдің туған күніне арнап мақалалар басыпты.

«Айқын» газеті «Қайталанбас қарлығыңқы дауыс» деген мақаласында автор Высоцкий туралы ойларын «Гамлет болып ойнап, өзі де Гамлетке айналды. Кеңестік цензура тыйым салған тақырыптарға тайсалмай барды. Қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын көтерді. Оның әндерін өзінен басқа ешкім орындаған жоқ, орындай да алмайды» деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG