Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.26.2008 жыл


Сенбі күнгі жарық көрген басылымдар ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен кеше Бас прокуратурада өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылған жемқорлық жайында сөз қозғапты.

Сенбі күнгі жарық көрген басылымдардың барлығы дерлік мақалаларын президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен кеше Бас прокуратурада өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде республиканың Бас прокуроры Рашид Түсіпбеков, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) басшысы Сарыбай Қалмырзаев, ішкі істер министрі Қайрат Мамидің есепті баяндамаларына арнапты.

«Баяндама барысында Бас прокурор Рашид Түсіпбеков өздерінің өткен жылы жүргізген тексерістері барысында қыруар қылмыстың анықталғаны туралы айта келіп, қаржы полициясы самарқау жұмыс ісеп жатыр, талай жемкорлыққа қатысты істер осы мекемеден анықталды, көптеген жемқорлыққа қатысты істер аяғына жетпей себепсіз жабылып қалуда деп түйреп айтқанына, қаржы полициясының басшысы Сарыбай Қалмырзаев «оған бас прокуратура да кінәлі, кейде қажет деген қамауға рұқсатты алу екі айға дейін созылып кетеді деп айтыпты» дейді «Экспресс К» газеті.

«Айқын» газеті осы тақырыптағы мақаласында «Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің 37 қызметкері «теріс қылықтары» үшін жұмыстан қуылыпты, тағы 14-і сотталған» дей келіп, «жиынды қорытқан Агенттік төрағасы Сарыбай Қалмырзаев: «Біз мұндай деректерді жасырмаймыз. Біздің қызметкерлер де адам. Алтын көрсе, жолдан таятындары бар. Олардан қатарымызды тазалауға жан салып жатырмыз» деп аяқтапты.

«Литер» газеті осыған орай жүргізген «Сіз Қазақстанда жемқорлық жайламаған бір саланы болса да білесіз бе?» деген сауалнамаға жауап берген Әлихан Байменов: «Жоқ, ондай саланы білмесем керек. Заңдардың орындалуын қадағалайтындардың өздері сол заңдарды сақтамайды. Мемлекеттік қызметтің ұжымдық мәдениеті толығымен жемқорлыққа шалдыққан, себебі мамандарды біліктілігіне қарап емес, таныстығына қарап алу дәстүрі кең етек жайған» деп жауап беріпті.

Ал «Айқын» газетінің «Жемқорлық тамырланып кеткен қоғамдық дерт пе, әлде заңның әлсіздігінің белгісі ме?» деген көкейкесті сауалына, заң ғылымдарының докторы, профессор Арықбай Ағыбаев: «Жемқорлық дүние жүзінің барлық елінде бар. Ол нарықтық экономикалық қарым-қатынаспен бірге туындаған құбылыс. Нарықтың басты мақсаты – пайда табу. Міне, осыған еліктеген мемлекеттік шенеуніктер қазір пайдасыз жұмыс істегісі келмейді. Ал бұрын мұның балама аты парақорлық болатын. Онда да пара алуға шенеуніктер қорқатын. Өйткені мемлекет тарапынан бақылау күшті еді. Ол кезде шенеунік қымбат бір зат алса, партияға есеп беруіне тура келетін. Ал қазір жемқорлықпен күресетін де, оған жол беретін де субъект – мемлекеттік органдар. Бұл «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегеннің кері екенін танытады. Біз прокуратураны жоғары қадағалау органы ретінде қарастырамыз. Алайда онда тергеу функциясы жоқ. Сондықтан олардың жемқорлық бағытында атқарған жұмысынан көп нәтиже бола бермейді» десе, философия ғылымдарының докторы, профессор Рүстем Қадыржанов: «Нарықтық экономикада мұнай ақшасы көбейген кезде міндетті түрде сыбайлас жемқорлық өрши түседі. Уақыт өткен сайын ол тамырын кеңге жая түседі. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес оңайға соқпайды. Дегенмен бұл біздегі заңдардың әлсіздігінен деп есептемеймін» деп жауап беріпті.

«Егемен Қазақстан» басылымы «Тұрғын үй тұрақты беріледі» деген мақаласында, вице-премьер Өмірзақ Шөкеевтің Астана қаласындағы құрылыс барысын бақылауға байланысты құрылған жұмыс тобымен бірге қаладағы бірқатар тұрғын үй кешендерін аралағанын жазса, «Айқын» осыған орай жазған мақаласын «Үлескерлердің үміті оянды» деп қортындылапты.

«Время» газеті «Рахатгейт: 38 мөр туралы іс» деген мақаласында, Алматыдағы Медеу аудандық сотында «Нұрбанк» сот ісіне байланысты кезінде 38 мөрмен «Кең дала» ғимаратынан шығып бара жатқанда ұсталып, бір жылдан бері абақтыда отырған, Монғолиядан келген оралман Нияз Әтретханның ісін қарау жалғасып жатқанын айтыпты. Сонымен қатар осы газет Астанада да «Рахатгейттің» жалғасы жабық жағдайда сот өтіп жатқанын айта келіп, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа тағылып отырған «ауыр және аса ауыр» деген қылмыс дәлелденсе оларға, Алматыдағы сот шешімін есептегенде, 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG