Accessibility links

Алматылық зейнеткер Нүсіп Мұрат Қазақстан билігінің елде жемқоролыққа қарсы күрес жүргізу жөнінде жуырда жасаған мәлімдемелеріне байланысты өз пікірін білдіреді


- Коррупциямен күресеміз дейді, ал ол қандай күрес, нәтижелері қалай болады? Мысалы, бір кездері осы коррупциямен күрес деп Ә.Қажыгелдинді соттады, дәл сол секілді бәленбай млн жеп қой деп Ғ.Жақияновты түрмеге қамады. Ал қазір миллиардтап жеп жатқандар алшаң басып жүр. Жай қарапайым адам заң бұзатын болса бітті – оны тарпа бас салып соттап жатады. Мәселен, ұсақ ұрлық жасаған балалар 4-5 жылға сотталып кетіп жатыр. Ал миллиардтап түйені түгімен жұтқандарға ештеңе боп жатқан жоқ.

Мысалы, корруцпияны жоямыз деп айғайлап отырған патшаның өзі ұрлық ақшаны шетелдік банктерге тыққаны әшкереленіпті деген гу-гу сөз ел аузында бәленбай жылдан бері айтылып жүр, ендеше ол қайтіп коррупциямен күреспек?! Міне осының барлығын екшей келе, мен осы биліктің енді аяқастынан коррупциямен күресе қояды дегенге күмәнданамын, оның барлығы – өтірік, жалған деп есептеймін. Тек сөз жүзінде ғана бірін-бірі шұқылап, ал іске келгенде төмендегі бірлі-жарымдарды ғана көзбояушылық жасап қамағаны болмаса, коррупциямен шынайы күрес жүргізеді дегенге сенбеймін.

Бұлар ойлайды қарапайым халық қараңғы деп. Жоқ, небір таза, дана, әділетті білетін адамдар сол халықтың ішінде жүр. Ал мына биліктегілердің арасында таза қазақтың қамын ойлап отырған ешкім жоқ. Биліктің басынан бастап аяғына дейін өңкей ұрлық, жемқорлық пен жалақорлық, заңсыздық жайлап алған. Қазіргі кезде заң дегеннің барлығы саудаға түсіп кеткен, егер қалтаңда ақшаң болса сенің заңың бар, қалтаңда ақша болмаса сені қорғайтын заң да жоқ.

Мысалы, бізде базарда заң бұзып жүрген күзетші ертеңінде милицияға кіріп алады, ал милицияда сондай атышулы біреулер қаржы полициясына, ҰҚК жұмысқа тұрады. Ал ондағылар прокуратура, одан ары сот органына дейін қызметі ауысып жатады. Бұндай былықпайды кеше теледидардан президенттің өзі де айтты. Енді не, сол ма коррупциямен күрес деген? Жоқ, коррупциямен күрес нәтижелі болу үшін бұл пәлекетті түп-тамырымен шабу керек!

Бір кезде Нұрсұлтанның айтқаны бар еді «балықты құйрық жағынан тазалау керек» деп. Іріп-шіріген құйрықты тазалаудың қажеті жоқ, оны тек шауып алып тастау керек. Ал тегінде «балық басынан шіриді» деп айтады қазақ. Сондықтан мына коррупцияны тию үшін онымен күресті төменнен емес, жоғарыдан бастау керек.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG