Accessibility links

«Болашақ» жастар қозғалысының мүшесі Ақмарал Тоғызбайқызы қазіргі қоғамда әйелдердің жасанды түсік жасауы жайында өз ой-пікірін ортаға салады


- Қазіргі кезде экономикалық жетістіктерге қол жеткізіп отырған біздің қоғамдағы күрделі проблемалардың бірі – демография жағдайы. Статистика деректеріне сүйенсек, Қазақстанда қазіргі таңда 7,8 млн әйел заты тұрады екен. Бірақ солардың көбі Шығыс ұстанымдарын тастап, батысқа еліктеп кеткен. Біздің Шығыста айтатындай, «әр бала дүниеге Алланың әмірімен келеді». Бірақ та, өкінішке орай, Қазақстанда жыл сайын мыңдаған әйел аборт жасатады.

Бұл біздің демографиялық жағдайымыздың көтерілуіне негізгі кедергінің бірі. 2002 жылғы санақ бойынша, елімізде 124500 әйел жасанды түсік жасаса, қазіргі күнге дейін олардың саны 300 мыңға дейін жетті. Бұл бізде қаншама ұл-қыздың дүниеге шыр етіп келмей қалғанын көрсетеді.

Жасанды түсік жасау – адам өлтіргенмен тең. Әлемнің көптеген елдерінде, өркендеп отырған мемлекеттерде жасанды түсік жасауға заңмен шектеу қойылған. Ал біздің Қазақстанда жағдай мүлдем басқаша, соны біз түсінбейміз. Біздің мақсатымыз - өсіп келе жатқан әрбір жасөспірім қыз, бойжеткендер, келіндер мен аналар қазақ халқының санын көбейту үшін жасанды түсікке бармаса екен дейміз.

Себебі, жасанды түсік жасатушылар көбінесе оның салдары туралы ойламайды. Жүкті болып қалғанына әке-шешеден жасқанған олар аборттың арты көп жағдайда қандай қайғылы күйге душар етерін – өмір бойы ұрпақ сүймейтін бедеулікпен бітерін білмейді.

Демографиялық жағдай аса мәз емес Қазақстанда халық санын 2015 жылға қарай 20 млн-ға дейін жеткізу туралы ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде айтқан болатын. Бірақ сол мақсатқа қалай, қайтып жетеміз, егер қоғамда аборт тиылмай өсіп бара жатса?!

Мен қазақстандық жастарға, қазақ қыздарына, әпкелерімізге мынаны айтқым келеді: құрметті қандастарым, замандастарым, жасанды түсікке бармаңыздар, оны жасатып өз денсаулықтарыңызды құртпаңыздар, өз денсаулығыңызға қоса дүние есігін ашар жас ұрпақтың өміріне балта шаппаңыздар! Қазір ойламай жасаған іске кейін өмір бойы опық жеп өтеріңізді естен шығармаңыздар!
XS
SM
MD
LG