Accessibility links

Гүлшара есімді алматылық мұғалім қазіргі Қазақстан мектептерінде шәкірттерге білім беру жүйесі және ұстаздардың еңбегі туралы пікірін айтады


Қазіргі күні Қазақстан қоғамы жылдан жылға алға басқан сайын азаматтарға қойылатын талап та жоғарылап отыр. Соның ішінде, білім беру саласында да оқушылардың алған білімі де өте жоғары деңгейде болуы талап етіледі.

Мен 17 жылдан бері мектепте оқушыларға білім берумен айналысып келемін. Сонда байқағаным, білім беру бір деңгейде қатып қалмай, жылдан жылға жаңаша әдіс-тәсілдер қолдану, мысалы, жаңа оқыту технологиясы, модульдік оқыту, интерактивті оқыту жүйесі тәрізді жаңалықтар еніп жатыр.

Алайда, мектепте осылармен айналысқанменен, оқушының оны қабылдауы баланың қабілет деңгейіне байланысты деген түйін жасадым, яғни балаларды сол деңгейіне қарап даралап оқытқан дұрыс деп санаймын. Өйткені, сабақты бір оқушы тез қабылдайды, екінншісі – орташа деңгейде, ал келесі біреуі өте баяу қабылдайтыны кездеседі. Сондықтан олардың сабақ тақырыбын қабылдауы да әрқилы деңгейде болады, яки біркелкі емес.

Сол себепті өте жақсы оқитындарды бір бөлек, орташаларды өз алдына жеке, ал баяу қабылдайтын оқушы балаларды бөлек оқытатын жүйені қарастырса деген ұсыныс айтқым келеді. Бұндай жүйенің тиімділігі сол – дарынды балалардың білім деңгейі тоқтап, тоқырап қалмай, үнемі даму үстінде болады. Сол секілді орташа топтағылар да өз деңгейімен оқытылса болашақта олардан жақсы маман шығады. Ал баяу қабылдайтындар тобындағыларға мамандықты өз деңгейіне қарай таңдау жасау жүйесін енгізген дұрыс секілді.

Бір жағынан, мұның барлығы тек оқушыларға ғана байланысты нәрсе емес, мұғалімдердің біліктілігіне, оны алып кете алатындай білім-тәжірибенің молдығына байланысты болмақ. Ал қазіргі кезде ондай мұғалімдер, өкінішке орай, ұстаз еңбегіне төленетін ақшаның мардымсыз болуы себепті білім беруден басқа салаларға кетіп жатқаны жасырын емес.

Сондықтан біздің үкімет ұстаздардың мәртебесін қазіргі деңгейден көтеріп, оларға қаражат жағын көбірек бөлсе деген ұсыныс-тілегіміз бар.
XS
SM
MD
LG