Accessibility links

«Қазақмыс» кеншілерінің екі күнге жалғасқан ереуілі аяқталды


«Қазақмыс» компаниясының Сәтпаев қаласында орналасқан шахталарында жаппай ереуіл аяқталды. Жұмысшылар кәсіпорын әкімшілігі кеншілердің негізгі әлеуметтік талаптарын қабылдауға келіскен соң ереуілді тоқтатты. Сенбі күні басталған ереуілге қатысқан жүздеген кенші еңбекақыны көтеруді талап етіп жер астынан шықпай қойған. Олар басқа да әлеуметтік талаптарды қойды. Сатпаевтағы ереуілді бақылауға келген оппозиция белсенділерін Жезқазған қаласының полициясы ұстап, бір сағаттан кейін босатты дейді тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясы.

Өткен қаңтар айының 22-сі күні «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Жезқазғандағы «Южный» кен орнының кеншілері корпорация басшылығы алдына айлық жалақыны өсіруді, еңбек қауіпсіздігін жақсартуды, ауырған кезде кеншілерге төленетін өтемақыны 100 процент төлеуді, зейнетақыға шығатын жасты қайта қаруды және тағы басқадай барлығы 13 түрлі талап қойған-ды. Бұған корпорация басшылығы 10 күннің ішінде, яғни ақпанның 2-сіне дейін жауап беруді сұраған жұмысшылар егер өз талаптары орындалмаса ереуілге шығатындарын ескерткен болатын.

Алайда айтылған мерзімде корпорация басшылығынан ешқандай жауап болмаған соң Жезқазғандық кеншілер ақпанның 2-сі күні жұмыс орындарында ереуілдерін бастаған. Әуелі ауысым бойынша жер астына түскен кеншілер жұмыс уақыты біткен соң жер бетіне шығудан бас тартқан. «Оңтүстік» кен орнының кенші-жұмысшыларының бұл акциясын «Дала», «Батыс» және «Шығыс» кен орындарының кеншілері қолдап, ереуілге лар да қосылған.

Жексенбі күнгі жағдаймен жұмыс тастаған ереуілшілер саны бір мың адам шамасында болған. Сол күні кешкісін ереуілші кеншілер талабына байланысты «Қазақмыс» корпорациясының басқарма бастығы Эдуард Огай мен кеншілердің кәсіподағы комитетінің бастығы Асылбек Нұралин арасында келіссөз жүріп, ұзақ келіссөзден кейін корпорация басшылығы кеншілер талаптарын орындауға келіскен сыңай білдірген соң барып жер астындағы кеншілер жер бетіне шығып үйлеріне тарасқан.

Дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына сұхбат берген «Оңтүстік» кен орнының кеншілер ауысымының жетекшісі Қанатбек Мырзатов жағдайдың тұрақтанып, жұмысшылардың ереуілді тоқтатып, жұмысқа шыға бастағанын айтты.

Қатардағы кенші Сейтанбек Нұрқожаев корпорация басшылығының кеншілердің еңбекақысын 250 мың теңгеге дейін көтеруге келіскені жөнінде хабардар етті. Сатпаев қаласы әкімінің орынбасары Марал Сағынайқызы қалада және кен орындарында барлық жағдайдың тұрақтанғанын, кен орындары бұрынғы қалпынша жұмыс істеп жатқандығын айтты.

Бірақ кеншілер талабының қалай орындалатындығы туралы «Қазақмыс» корпорациясының әкімшілігінен нақты бір ақпарат алу мүмкін болмады, басшылық баспасөз өкілдерінің бұған қатысты қойған сауалдарына әзірге қандай бір түсініктеме бермей отыр.
XS
SM
MD
LG