Accessibility links

Қазақстанның Коммунистік партиясы «Сайлау туралы» заңға өз ұсыныстарын жариялады


Коммунистік партия өз ұсыныстарында ҚР Конституциясы мен «Cайлау туралы» заңдағы қазіргі президенттің шексіз мәрте президенттікке түсуіне мүмкіндік беретін бапты алып тастап, сайлауда саяси партиялардың дауыс жинау көрсеткішін 7 пайыздан 3 пайызға дейін төмендету керек деп отыр. Алайда, бұл ұсыныстарды қазіргі биліктің ескере қоюы екіталай дейді кейбір азаматтар.

Орталық сайлау комиссиясының сұрауы бойынша, «Сайлау туралы» заңға Қазақстанның Коммунистік партиясы төмендегідей бірнеше өзгерістер енгізілу керек деп отыр. Атап айтқанда, ҚР Конституциясы мен «Сайлау туралы» заңдағы қазіргі президенттің шексіз мәрте президенттікке түсуіне мүмкіндік беретін бапты алып тастау; парламенттің бір партиялық болмауы; парламент сайлауында 3 пайыздан астам дауыс алған саяси партияларды бюджет есебінен қаржыландыру; депутаттардың 50 пайызын бір мандатты округтардан, 50 пайызын партиялық тізім бойынша сайлау. Әрбір сайлау комиссиясына барлық саяси партиялардың мүшелерін кіргізу, сондай-ақ, құрамында әртүрлі саяси партиялардың 5 өкілі, соның ішінде оппозициялық партиялардың өкілдері болмаса сайлау комиссияларын жұмыс істеуге қабілетсіз деп тану.

Бұл ұсыныстарды «Сайлау туралы» заңға енгізудің еш қиындығы жоқ деп санайды Коммунистік партия жетекшісі Серікболсын Әбділдин:

«Тәуелсіз парламентсіз коррупциямен күрес еш нәтиже бермейді. Ал халықтық билік болмайынша, қоғамдағы тұрақтылық та бос сөз боп қалады. Сондықтан өз ұсынысымызды ОСК-ға, парламент Мәжілісіне, ЕҚЫҰ-на, сондай-ақ Бас прокуратураға жібердік. Қазіргі билік жоғарыдағы ұсыныстарды 2010 жылы ЕҚЫҰ-на лайықты төраға болу үшін ескеруге тиіс».

Алайда Коммунистік партияның бұл ұсыныстары билік тарапынан ескерілетіндігіне күмәнмен қарайтындар да бар. Солардың бірі тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбай:

«Компартияның ұсыныстары тек қағаз жүзінде қалуы әдбен мүмкін. Өйткені, билік заңды өздеріне ыңғайлы етіп жасап шығарады. Олардың осы уақытқа дейін саяси партиялардың ұсыныстарымен санасқандығын естіген емеспін. Өзгеріс болады деп тіпті ойламаймын. Көрші елдердегі болып жатқан жағдайларға қарағанда, бір өзгеріс болуға тиіс. Бірақ оған менің сенімім аз», - дейді.

Ал кейбір азаматтар болса, Қазақстан халықаралық қауымдастық алдында берген уәдесін орындауға тиіс деп санайды.

«Сайлаудың ережелері, сайлау туралы заң қазір тек билеуші топтың мүддесіне ғана жұмыс істеп отыр. Билік тұтастай бір адамның ғана қолына өтті. Билікті уақытында сынап отыратын оппозиция болмаса қоғамда ілгері жылжушылық, даму деген болмайды. Ондай жүйе тоқырауға ұшырайды. Сондықтан сайлау барлық партиялардың қатысуымен өтіп, халық өз таңдауын жасауы керек. Парламентте өзгеде саяси күштердің өкілдері болуы керек. Мен сайлау туралы заңға енгізілуі керек деп айтылған ұсыныстардың барлығын қолдаймын», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Көпбосын Панзабеков.
XS
SM
MD
LG