Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.08.2008 жыл


Жұма күнгі ресми басылымдар ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауына сарапшылардың пікірлерін, тұрғын үй бағдарламасына сәйкес Алматыда құжаттар қабылдау науқанының қалай өтіп жатқаны туралы мақалалар басыпты.

«Республика» апталығы президенттің жолдауына арнаған мақаласында «биыл президент жолдауын жылдағыдан ерте жариялады. Оның себебі - үкімет бізді «бәрі де жақсы» деп сендіруге тырысып отырғанымен, шын мәнісінде жағдай онша мәз емес болғандығынан шығар. Сондықтан президент елді одан әрі уәдемен алдарқатудың еш реті жоқ деп шешкен ғой» дей келіп, «жолдаудан байқалатыны – президенттің жаңа ахуалға байланысты жаңа саясаты жоқ екені. Ал оның айтқандары өңін өзгерткен ескіні қайталау» деп жазыпты.

«Деловая неделя» апталығы «президент жолдауы көптің көкейіндегі негізгі сауалдарға жауап бермеді. Мысалы, банк саласы мен тоқтап қалған құрылысты жандандыру үшін тағы да қосымша қаржы бөліне ме, не кеншілердің ереуілін тудырған жағдай туралы, не жақында ғана суық кезде энергетика саласының қақалып қалғаны туралы ешнәрсе айтпады» депті.

«Айқын» газетіне берген сұхбатында, Мәскеу мемлекеттік университетінің посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық және саяси процестерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталық бөлімінің жетекшісі Алексей Власов: «Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы әдеттен тыс болды. Соған қарағанда Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикадағы дағдарыстың Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері әсер ету мүмкіндігіне қатты қобалжыған сыңайлы. Осыдан-ақ мемлекет басшысының өз Жолдауында амбициялық және шығыны көп бағдарламалардан неге бас тарту керектігіне мән бергені түсінікті» деп айтыпты.

«Новое поколение» апталығы «президенттің жемқорлыққа қарсы күйрете берілетін 10 соққы» бағдарламасын «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты да қолдап, пара алатын мұғалімдерді жоғарғы оқу орындарынан қуу туралы ұсыныспен шықты. Бірақ ешкім де осы мұғалімдердің жалақысын көтеру арқылы жемқорлық әзәзілінен арашалау керектігі туралы айтпады» деп жазады.

«Куб» сайты «Жемқорлық ахуалында кім жақсы өмір сүреді?» деген мақаласында «ЖаңаСУ» атты қоғамдық жастар ұйымының жоғарғы оқу орындарындағы жемқорлық туралы тәуелсіз зерттеу жүргізуіне сол жоғарғы оқу басшыларының өздері кедергі келтіріп отырғаны туралы жазыпты.

«Казахстанская правда» газеті «Білім беру саласының қызықты арифметикасы. Отандық жоғарғы оқу орындарының мән-жайы» («Красноречивая арифметика образования. О состоянии отечественных вузов») атты мақаласында республикада қанша оқу орны бар, онда қанша студент, қандай ұлттардан, қаншасы қыз бала, қаншасы ер бала деген сияқты көптеген қызықты мәліметтер беріпті.

Әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасына сәйкес, Алматыда құжаттар қабылдау науқанының басталуына арнаған материалын «Айқын» газеті «Бас қалада үлкен талас басталды баспанаға» деп атаса, «Караван» апталығы «Пәтер үшін шайқас» деп атап, онда «кейбір азаматтар талон алу үшін ертеңгі кезекке кешкі уақыттан бастап тұрғаны» туралы және басқа да қиындықтар жайына тоқталыпты.

«Республика» апталығы осы мәселеге арнаған мақаласында «кезектегі тәртіпті сақтауға полиция күштері тартылып, тапталып қалған азаматтарға көмек көрсетуге жедел жәрдемнің бес бригадасы қалалық тұрғын үй департаментінің қасында дайын тұрды» деп жазыпты.

«Айқын» газеті «Инвесторлармен келіссөз жүргізуді тоқтата тұрамыз» деген мақаласында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «Біз қыркүйек айында Парламентке жаңа Салық кодексімен, жаңа Бюджеттік кодекспен және 2009-2011 жылдарға арналған тұңғыш үшжылдық бюджетпен келуге тиіспіз. Осы орайда мен ескі шарттарға негізделген инвесторлармен арадағы барлық келіссөздерді тоқтатуға тапсырма беремін. Яғни біз, ең алдымен, жаңа Салық кодексінде жаңа «ойын ережелерін» мейлінше нақты белгілеп, нақтылап алуға тиіспіз. Сосын барлық жаңа келісімдер жаңа шарттар негізінде бекітілетін болады» деп айтқаны туралы жазады.

«Литер» газеті Үкімет басшысының сөзіне сілтемелеп, «жер қойнауын пайдалану саласында контракт шарттарын орындамаған барлық кен орындарымен контрактыны бұзып, ол кен орындарын президент тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтару қажет» деп жазады.

«Экспресс К» газеті «аборт жасау салдарынан республикада жыл сайын 170 мың нәресте дүниеге келмейді» деп елдегі осы мәселені екшелеп көріпті.
XS
SM
MD
LG