Accessibility links

Оңтүстіктегі Сырдарияның жағалауындағы елді мекендерге су астында қалу қаупі төніп тұр


Бұл туралы дүйсенбі күні «Азаттық» радиосына хабарлаған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, әкімдіктің басқаруымен ішінде төтенше жағдайдың мамандары бар арнайы комиссия Сырдарияның жағалауында орын тепкен 15 мыңнан астам адамы бар 20 шақты елді мекеннің су астында қалу қаупі бар екендігін анықтапты.

- Ең алдымен тоғыз жарым мыңдай адамды басқа жаққа көшіру жоспары жасалды, олардың негізі Арыс ауданының азаматтары ал қалғандары басқа үш аудандікі, - деді Б.Тәжібаев.

Оның айтуынша, осы мақсатқа арнап облыс бюджетінен 500 млн теңгенің қаражаты бөлінген, ал жалпы Сырдария өзені деңгейінің жоғарлауынан болуы мүмкін су тасқынының алдын алу үшін Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына үкімет 2 млрд жуық теңгенің қаржысын бөлмекші. Мамандар сондай-ақ Шардара су қоймасынан ағып жатқан судың көлемін қазіргі секундына 700 текше метрден арттыру судың жағалауға шығып кетіп, неше мыңдаған гектар аумақты су астында қалдыруы мүмкін екендігін тағы айтып отыр, деді ол.

Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар басқармасының шұғыл кезекшісі Мары Сейдахмет дүйсенбі күні радиомызға берген сұқбатында соңғы бір-екі күннен бері облыс аумағында ауа райының қайтадан суытуына байланысты Сырдария өзені деңгейінің жоғарламағанын айтты. Әзірше қандай бір төтенше жағдай бола қойған жоқ, алайда су тасқыны болуы мүмкін делінген елді мекендерден тұрғындарды көшіруге арналған дайындық жұмыстары жүріп жатыр, жалпы жағдайды мемлекеттік төтенше жағдайлар министрлігінен келген адамдар мен облыстық төтенше жағдайлар басқармасының адамдары бақылауларында ұстап отыр деді ол.

Оңтүстік Қазақстан облысында Сырдария өзенінің деңгейі жоғарылап, су тасқыны болу қаупі барлығына байланысты үкіметтің вице-министрі Өмірзақ Шүкеев басқарған комиссия апта соңында екі күні бойы осы облыста жұмыс істеп жағдайды өз көздерімен көріп, анық қанығын білді дейді облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бейсен Тәжібаев. Оның айтуынша, осы комиссияның тиісті адамдары соңғы бір-екі күннің ішінде Қырғызстан және Өзбекстан жағымен келіссөз өтікізу арқылы Қырғызстан мен Өзбекстанның Сырдарияға су жіберуді азайту жөніндегі келісімдерін алған.

Қырғызстан жағы Сырдарияға су жіберуді секундына 150 текше метрге дейін азайтуға келіскен болса, Өзбекстан жағы секундына 200-250 текше метрге дейін азайтуға келісіп отыр. Бұл жағдайды біраз тұрақтандыруға сенім бере алады деседе жағдайдың өте күрделі екенін айтуымыз тиісті, деді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің жетекшісі.
XS
SM
MD
LG