Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.12.2008 жыл


Сейсенбі күнгі бірқатар басылымдар Алматыда Республика алаңындағы жердің жарылғанына алаңдаушылық білдірген мақалалар басыпты. Ресми басылымдар Президент Әкімшілігіндегі құрылымдық өзгерістер мен кеше Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Ричард Баучерді қабылдағаны туралы жазыпты.

«Айқын» газеті «Қара жер қақ айырылды...» деген мақаласында «Алматы Республика алаңының әкімшілік ғимараты жағындағы асфальт жолдың (Желтоқсан мен Сәтбаев көшелерінің арасы) шамамен 500 метрге дейінгі жері қақырап кетіпті. Бірнеше жігіт алаңның жарылған жеріне жанталаса бетон құйып жатыр. Ал енді біреулер ұзындығы 5-6 метрлік білеудей темірді арнайы құрылғының көмегімен жердің айырылған бөлігіне сыналап, енгізуде. Ал автокөліктердің арлы-берлі жүруіне тосқауыл жоқ» дей келіп, «Алматының бас даму жоспарына сәйкес, Республика алаңының астынан шамамен 14-20 метрлік тереңдікте көлемі 100 мың шаршы метрлік алаңқайға үш қабатты «Алмалы» деп аталатын көп салалы орталық кешен салынуда. Әрине, бұл қала сәулеті үшін дұрыс та шығар. Дегенмен ел аман, жұрт тынышта Республика алаңы асфальтінің жарылуы табиғаттың жасаған ескертуі тәрізді көрінді бізге» деген болжам айтыпты.

«Әкімшілік реформаның нақты қадамы» деген мақаласында «Егемен Қазақстан» газеті «Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің саны 22-ден 13-ке, ал қызметкерлерінің саны 10 процентке қысқартылды» деп хабарлайды.

Бірқатар басылымдар «Нұр Отан» партиясының Парламенттегі фракция жетекшілігінен Бақытжан Жұмағұловтың босатылып, орнына Орал Мұхамеджанов келгенін хабарлапты. Сондай-ақ кейбір басылымдар «қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туылған күні қарсаңында жыл сайын өтетін дәстүрлі «Мұқағали оқулары» туралы жазуды жалғастырыпты.

«Время» газеті «Алтынбексіз екі жыл» деп аталатын мақаласында «Алтынбек Сәрсенбайұлы шын мәнінде Саясаткер деп атауға лайықты тұлға еді. Міндетті түрде осылай - үлкен әріппен. Неге десеңіз, онсыз өмір сүрген екі жылымызда, оның осыдан үш, төрт, бес жыл бұрын айтып кеткендері осы күнгі біздің тіршілігімізде, Қазақстан үшін маңыздылығын жоғалтпаған» деп жазыпты.

«Жас алаш» басылымы Алтынбек Сәрсенбайұлының қаза болған күніне арнап Алматыда оның рухына құран бағышталып, соңынан «2006 жылдың 11 ақпанындағы Ұлттық қасырет: оқиғалар, салдары, талдау» тақырыбы бойынша өткен дөңгелек үстелде келелі әңгіме қозғалды» деп жазыпты.

«Казахстанская правда» газетінің «Ғылыми метаморфозалар» атты мақаласында «КазАгроИнновация» акционерлік қоғамының президенті Төлеутай Рахымбеков «Ауыл шаруашылық Ғылыми зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері жаңа жылдан бастап 90 мың теңге алады, ал кіші ғылыми қызметкер – 50 мың теңге алады» деп жазады.

«Тұран» университеті жанындағы Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеу институтының директоры Тоқтар Есіркепов «Жас алаш» газетіне берген сұхбатында «Ауыл шаруашылығы академиясының ғылыми зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер - 25 мың теңге, ғылым докторлары әртүрлі үстемелерін қосқанда 48 мың теңге жалақы алады. Ал Қазақстанда орташа айлық қазір 55 мың теңге» дей келіп, «Отандық ғылымның ешкімге керегі болмай тұр» деген тұжырым айтыпты.

«Сіздерде не, өздеріңіздің мемлекеттеріңіз жоқ па?» деген «Время» газетінің мақаласында Қазақстандық туроператорлардың атынан сөйлеген Бақыт Тлеспаева «Арабтар шынын айтқанда біздерді алдап кетті. Соның кесірінен қажылыққа барған азаматтарымыз қиналды» деп, «алдын-ала қаржысы төленіп қойғанына қарамай, арабтар дер кезінде ұшақ бермеуі салдарынан Алматылық кейбір туроператорлар Ирандықтардан көмек сұрағаны» туралы жазыпты.

«Экспресс К» газеті «Еуропаға терезе ашып» деген мақаласында «ҚазМұнайГаз» компаниясы Румындардың «Ромпетрол» компаниясының 75 пайыз акциясын сатып алуы арқылы Еуропа нарығына нақты түрде шықты деп айтса болады. Бұл келісім «ҚазМұнайГаз» тарихындағы ең ірі келісім-шарт» деп жазады.

«Мегаполис» апталығы «Оңтүстік газбен қамтамасыз етіледі» деген мақаласында «Бейнеу – Бозой – Сексеуілді – Самсоновка» газ құбырының 2011 жылы іске қосылуы оңтүстікті Өзбекстан газына тәуелділіктен құтқарады» дей келіп, «екінші дәрежелі банктер құрылысқа деп бөлінген қаржыны беру шарттарын қиындатып жіберуі себепті, кейбір құрылыс компаниялары жұмысты бастай алмай отырғаны» туралы жазыпты.

Бірқатар басылымдар Шығыс Қазақстандағы Американдық AES тобына кіретін кейбір компанияларға Қазақстандағы антимонополиялық заңдарды бұзғаны үшін үлкен мөлшерде салық салынғаны туралы жазыпты.

«Литер» газеті «Күйеу баланы бере алмаймыз» деген мақаласында, Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың қызы Бермет Ақаеваның күйеуі Әділ Тойғанбаевтың ісінің қайта қаралып жатуына орай, Қазақстан жағы: «Егер Қырғызстан тергеушілері Әділ Тойғанбаевтан жауапты Қазақстанда алатын болса, оны Қырғызстанға қайтару қажет болмай қалады» деп жауап бергені туралы жазыпты.
XS
SM
MD
LG