Accessibility links

Іле өзенін Қытайдың ішкі жағынан бөгеу жұмыстарына байланысты Қытайда тұратын Мұраттың пікірі


- Қытай Халық Республикасы Қазақстан елімен шекаралас Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы екі елдің территориясынан ағатын ең үлкен мемлекетаралық өзен - Іле дариясының Қазақстанға өтетін арнасының негізгі бөлігін Қытайдың ішкі жағынан бөгеп, бұру жұмысын Қытайдың көктем мерекесінен кейін іс жүзінде бастауға дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Осы орасан мемлекеттік қаржымен жасалғалы жатқан су-инженерлік жобасы бұған дейін жүзеге асырылған тағы бір жоба – екі елдің аумағын басып өтетін Ертіс өзенінің суын Қытайдың Қарамай бағытына бұруынан да басымырақ межеленген. Бұл жобалар Қытайдың батыс өңірінде барған сайын күрделеніп бара жатқан ауыл шаруашылық суының жетіспеушілігі мен электр энергиясы тапшылығын айтарлықтай деңгейде жеңілдетуге бағытталған.

Алайда, ең алаңдатарлығы – бұл жобаларды іске асыруда Қытай жағы халықаралық заң талаптарын ескеріп отырған жоқ деуге болады. Қытай өкіметі өзінен өзге де мемлекеттерге ортақ өзен-суларды тек өз мақсат-мүддесі мен біржақты пайдасына бола, өз ойларына келгені бойынша бөгеп-бұруы Қазақстандағы өзен арнасының күрт азаюына бірден бір себеп болмақ.

Іле дариясын бұру - Қазақстан Республикасы территориясындағы осы өзен арнасындағы су ағысының көп мөлшерде азаюына және соның салдарынан тұтастай аймаққа экологиялық апат қаупін төндіріп, ондағы тұрғын халықтың денсаулығы мен әлеуметтік-экономикалық хал-жағдайын қайғылы күйге түсірері анық.

Мұндай саясаттың ақыры Қазақстандағы Қапшағай су қоймасындағы судың қайтып орны толмастай азаюына әкелетіндіктен, Қазақстан үкіметінің Қапшағайды халықаралық туризм және ойын-сауық орталығына айналдыру жөніндегі жоспарын да жоққа шығарады.

Сондықтан Қазақстан елі бұл қауіптің алдын алу мақсатында кезек күттірмейтін жұмыстарды қола алуы керек санаймын. Яғни, біріншіден, өте тез арада Қытай Халық Республикасының Іле дариясын бұруға қатысты нақты жоспар-жобаларын анықтау қажет; екіншіден, бұл мәселеге халықаралық қауымдастықтың назарын бұрып, Қытай үкіметінің халықаралық келісімдерде көрсетілген шарттарды өрескел бұзуына жол бермеу керек; үшіншіден, дарияның бүгінгі күні шекарадан ағып өтіп жатқан мөлшерін анықтап, оның шеткі деңгейден кеміп кетпеуін халықаралық ұйымдардың қатысуымен бақылауға алу.

Және де бұл айтылған шараларды жақын арада тезірек қолға алу қажет. Себебі, осы мәселе Қытай жағы өзенді бұрып болғаннан кейін, яғни 2008 жылдың ортасына дейінге қалса кеш болады, ол кездегі шаралардың ешқандай да нәтижесі болмақ емес. Өйткені, өзенді бұрып болғаннан кейін ұлы Қытай халқы ешкімнің де ақыл-кеңесін қажет етпейді.

(хат электронды поштамен келді)
XS
SM
MD
LG