Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.16.2008 жыл


Сенбі күнгі басылымдарда шыққан мақалалар кейбір облыс және Астана әкімдерінің жылдық есеп беруіне, биыл аталып өтетін Астананың 10 жылдық мерейтойына, Алматыдағы метро құрылысы және спорт, мәдениет тақырыбына арналыпты.

«Айқын» газеті «Бас қала туған күнін байсалды өткізеді» деген бас мақаласында «Елбасымыз Үкіметтің кеңейтілген отырысында Астананың 10 жылдығына көп мөлшерде қаржы бөліп, оны думанды мерекеге айналдырудың қажеті жоқ деп мәлімдеді» дей келіп, «осылайша мемлекет басшысы ысырапшыл үкіметке ескерту жасағандай болды. Бұлай дейтін себебіміз, Үкімет Астананың туған күніне бөлінген қыруар қаржыға жыл сайын сонау мұхиттың арғы жағынан жартылай жалаңаш сұлуларды алдыртып, бір сағат бойы халықтың алдында тайраңдатып билетіп қоятын» деп жазыпты. Осы орайда газеттің сенбі күнгі «көкейдегі сауалы» - «Аста-төк тойланбайтын Астананың 10 жылдығы басқа шығыны көп шараларға сабақ бола ала ма?» деп аталыпты. Оған жауап бергендер «шектен тыс айтшылап, тойшылап кеткеніміз рас. Дарақылық мәдениетке жатпайды» деп, «сабақ болса игі еді» деген үміті барлығын айтыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті «Жалпыұлттық жоспар бекітілді» деген мақаласында Президент «Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны туралы айта келіп, ол қандай шаралар екеніне тоқтапты.

«Время» газеті «Судьялар қайда?» деген бас мақаласында «Қазақстанда тұңғыш рет жоғары лауазымды заң қызметкерлері сотқа тартылды» деп, онда облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитет департаментінің құжаттары негізінде, Ақтөбе облыстық сот төрағасының үстінен «парақорлық» және «қызмет бабын асыра пайдаланған» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазыпты. Осы газеттің «Біз Астанада да метро сап беруге әзірміз» деген мақаласында, Алматы әкімі мен Оңтүстік Кореялық Hundai Rotem компания президентінің арасындағы келісімге сәйкес Алматы метросы үшін 28 вагон сатып алынатындығы туралы жазыпты.

«Айқын» газеті «Алматы метро-құрылыс» АҚ бас директоры Мұрат Өкшебаевпен сұхбатын беріпті. Онда бас директор Алматыдағы метро құрылысы келер жылы аяқталады депті. Осы газет «Президент Әкімшілігіне әлеуетті жастар келді» деген мақаласында, кімдер, қандай лауазымға жаңадан келгендігі туралы айта келіп, президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлім бастығы боп, белгілі саясаттанушы Ерлан Кариннің келгендігі туралы айтыпты.

«Литер» басылымы «Қазақстанда мәшина жасаудан кенжелеп қалғандығы соншама, оның үлесі ішкі жалпы өнімнің 0,35 пайызын ғана құрайды» деп, осы саланы жандандыру керектігі туралы айтыпты. Сондай-ақ осы газет «Өлі тұзақ» атты мақаласында, биыл Қазақстан қарулы күштерінің қатарына әскерге шақырылғандар арасында асылып өлу оқиғаларының қайтадан көбейіп отырғаны туралы айта келіп, «оның себебі әскердегі тәртіптің жоқтығы мен әлімжеттілік әлі басылмай отырғанынан» деп жазыпты.

«Эксперсс К» газеті «Арматурагеддон – 8» деген мақаласында Қытайдан әкелінетін арматура сапасының нашарлығын арнайы зерттеу барысында Алматыдағы «Гидромаш» зауытының мамандары анықтағаны және бұл мәселеге енді депутаттар да көңіл бөлгені туралы жазыпты. Бірқатар басылымдар Павлодар қалалық мәслихаттың депутаты Вячеслав Руф дегенде Ресей, Германия және Қазақстанның төлқұжаттары бар екендігі анықталғанын жазыпты.

«Время» газеті «Өлең айтудың орнына ұлығың келеді» деген мақаласында, Қарағандыдағы «Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұжымы мәдениет саласындағыларға жалақыны көтермейінше ешқандай концерт қоймайтындығы туралы мәлімдеме жасады» деп жазыпты. «Алтын сөз» айдарымен осы газет Кәрім Мәсімовтың «Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды» деген сөзін беріпті. Онда Мәсімов: «Тәуелсіздік кезеңінде құрылған экономикалық жүйе өзінің өміршеңдігі мен тұрақтылығын танытты. Ол жүйе «Назарбаев моделі» деп аталады» депті. Сондай-ақ «Время» газеті «Алматы маңайында апат болған ұшақ былтыр ғана Украйнада жөндеуден өткен, сондықтан апатқа Украйн мамандары кінәлі болуы мүмкін» деген болжам айтыпты.

«Литер» газеті кәсіпқой боксшы Марат Мәзімбаевтың бауыры ауыратыны анықталғаны себепті, 14 наурызда Астанада әлемге танымал жұлдыздар Василий Жиров, Виталий Демьяненколардың қатысуымен өтпекші шоу кейінге қалдырылғаны туралы жазса, «Айқын» басылымы «Қайрат» футбол клубының директоры Құралбек Ордабаевпен ауқымды сұхбатын жариялапты.
XS
SM
MD
LG