Accessibility links

Алматыда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырыла бастамақ


Алматы қалалық әкімшілігі үкіметтің 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Осыған орай, Алматы қаласы мен облысында 10700 пәтер салу жоспарланып отыр. Алайда қатардағы халықтың белгілі бір бөлігі бұл бағдарламаға сенімдерінен гөрі күдіктері басым екендіктерін айтуда.

Алматы қаласының тұрғыны Оңалбек Ниязов зейнет жасына жетсе де әлі күнге баспанасыз. Кезінде кәсіптік білім игеріп, жұмысшы болған Оңалбек ақсақал бүгінде жеке фирманың қарауылы болып еңбек етеді.

- Студенттік шағымнан бері осы қаладамын. Кезінде ата-анамыз жер үй әперген болатын. Сол үйден 10 бала өсіп-өндік. Бүгінде сол жер үйді екі жағынан тесіп екі жанұя тұрамыз. Олда әне-міне қиратылады деп отыр. 40 жылға жуық Алматы қаласында тұрсам да, өмірден баспасыз өтер ме екенмін деген қауіп бар, - дейді Оңалбек ақсақал.

Қазір үкімет қолға алып жатқан тұрғын үй бағдарламасына Оңалбек Ниязовтың құжаттары сай келмейді. Табысы да мардымсыз. Үй сатып алуға қаржы жоқ. Жасы да жер ортасынан ауған. Сондықтан тұрғын үй бағдарламасынан оның күтері жоқ.

Алматы қалалық әкімшілігі болса сейсенбі күні орта топқа жататын азаматтардың әлеуметтік жағдайын қарастыратын 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеткендіктерін жариялады. «Алматытұрғынүй» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Ілияс Нарғозиевтің айтуына қарағанда, ағымдағы жылы Алматы қаласы мен облысында 8,3 миллион шаршы метр немесе 10700 пәтер салу жоспарланып отыр екен. Орта топқа арналған бұл пәтерлердің көлемі 80 шаршы метрден аспауы тиіс. Сондай-ақ, бұл үйлердің 1 шаршы метрінің құны 56515 теңгеден жоғары болмайды делініп отыр.

Қазір сұраныстың артуына байланысты үкімет қол жетімді тұрғын үйлерді салуға жеке құрылыс компанияларын тартуды қолға алып жатыр екен. Солардың қатарында «Век» корпорациясы бар. Бұл корпорация тендердің шарты бойынша, өзі салып жатқан үйлердің 1 пайызын тегін беретінін айтады. Сондай-ақ, Алматы қаласында 50 пәтерді өзіндік құнына сататынын мәлімдеді. Бұл пәтерлер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша кезекке тұрған адамдарға берілмек. Корпорация биыл Алматы қаласы бойынша 3000 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бермек. Коммерциялық мақсатта салынған пәтерлердің әр шаршы метрі 3500 долларға бағаланып отыр.

Өткен жылы тұрғын үй бағдарламасының алғашқы кезеңінде төменгі пайыздық ипотекалық несие арқылы 200 мыңнан астам отбасы баспаналы болыпты.

- Үкіметтің мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы халықты әрі-сарыға салып қойды. Бұл жерде де жемқорлық, сыбайластық кең етек алды. Сондықтан халықтың белгілі бір бөлігінің бұл бағдарламаға сенімінен гөрі күдігі басым. Өйткені бағдарламаның алғашқы кезеңінде былықтар өте көп болды. Мысалы, қазірдің өзінде 25-30 мың доллар берсең үйдің кілтін қолыңа ұстатамыз деген адамдар жүр. Олар өздеріне сенімді, - дейді Алматы қаласының тұрғыны Болатбек.

Бұдан бұрын 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламаның жүзеге асырылуына тексеру жүргізген тиісті органдар Алматы қаласы бойынша 100-ден астам отбасының қол жетімді пәтерлерді заңсыз иемденгенін анықтап, олар сот шешімімен пәтерлерінен қуылған болатын. «Алматытұрғынүй» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Ілияс Нарғозиев: «Болашақта ондай заңсыздыққа жол берілмейді. Құжаттар қатаң сараптаудан өтеді», деп отыр.

Ал жас маман Әйгерім: «Үкіметтің тұрғын үй бағдарламасы қолдауға тұратын бағдарлама. Бірақ бұл жерде қайшылықтар бар. Мемлекет өз азаматтарын екіге бөлмеу керек. Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейді, істемейді деп бөлу дұрыс емес. Қайда істесе де олар осы Қазақстанның азаматы. Бәрібір қалталылар сыбайласу арқылы алып жатыр. Бұл жерде тағы да қара халық далада қалып отыр. Жағдайы жете ме, қалтасы көтере ме - азаматтардың барлығына берілу керек деп ойлаймын», дейді.

Ақпанның 6-сынан бері Алматы қаласында мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйге құжаттар қабылдау жүріп жатыр. Тұрғын үй департаменті бастапқыда төрт мыңдай үміткер жаңа бағдарлама бойынша баспана кезегіне алынады деген болатын. Ал содан бері үй алуға арыз-өтініш берген азаматтар саны 20 мыңнан асып кетті.
XS
SM
MD
LG