Accessibility links

«Болашақ» республикалық қозғалысының қыздар қанатының жетекшісі Алтынай Нұрдыбекқызы


- Қазақ қызы деген бір кезде имандылық пен ибалықты бойына сіңірген, ар-ұятын керемет сақтаған еді. Бүгінгі қазақ қоғамында сол қазақ қызының бет-бейнесі өзгеріп бара жатыр. Көшелерде темекі шегіп, арақ ішіп дарақыланып жүретін де осы қазақ қыздары болып барады. Сондықтан бізді күйіндіретін де, намысымызды жандырып өкіндіретін де осы жағдай болып тұр.

Қыздың арының кеткендігі, ұяттан алшақтағаны қазақ халқы үшін үлкен қасіретті жағдай деп есептеймін. Қазақ қоғамындағы, Қазақстан еліндегі бұл жағдай бәрімізге де аян жағдай. Сондықтан бүгінгі қазақ қоғамындағы осы келеңсіз жағдаймен күресу мақсатында Республикалық «Болашақ» қозғалысының жанынан «Қыздар» атты кілең қыздардан тұратын топ құрып, қоғамда әлгіндей бет-бейнесі өзгеріп бара жатқан қыздарды дұрыс жолға салудың қандай мүмкіндіктері барын зерттеуге кірістік.

Қарап отырсақ, қазіргі қоғамдағы қазақ қыздары тұрмысқа шығуға асықпайды, ең алдымен жақсы білім, жақсы кәсіп, жақсы жұмыстың артынан кетіп өзінің өмірге перзент әкелуге тиісті болашақ ана екендігін ұмыта бастаған. Қазіргі қазақ қыздары арасында аборт, яғни жасанды түсік жасату көбейгеніне дәрігер мамандар да алаңдаушылық білдіріп отырғаны мәлім. Сондықтан біздің мақсатымыз - қазақ қоғамындағы қазақ қыздарына қатысты осындай келеңсіз жайттармен күресу арқылы иманды, ибалы, ар-ұятты сақтайтын қазақ қыздарының санын көбейту.

Әрине, «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» дегендей, отбасында анасының тәрбиесі қандай болуына байланысты көп жағдайда қыздардың тәрбиесі де солай болатындығы түсінікті жағдай. Оған қоса қазіргі қоғамдағы қазақ тілі, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарға жеткілікті назар аударылмай жатуы бұл біз күресетін проблеманы одан әрі көбейтіп отыр. Сондықтан сіз болып, біз болып осы қазақ қыздарының ата-баба салтымен иманды, ибалы, ар-ұятты сақтайтын қыз болып өсуіне ат салысайық демекпін.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG