Accessibility links

Қазақстандық бір топ қоғам өкілдері академик Мұхтар Әлиевтің денсаулық жағдайына байланысты Қазақстан президентіне үндеу жолдады


Қазақстан президенті Н.Назарбаевқа, парламенті сенатының төрағасы Қ.Тоқаев пен мәжіліс төрағасы А.Мусиннің атына жолданған аталмыш үндеуде қазақстандық ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің бір тобы биыл жасы 75-ке толған академик Мұхтар Әлиевтің қазір денсаулық жағдайы жақсы еместігінен оның шетелге барып емделу қажеттігін айтып, бұл мәселеге мемлекет басшыларының ерекше көңіл бөліп, адамгершілік тұрғысынан қараса деген өтініш-тілектерін білдіріп отыр.

Үндеуге қол қойғандардың бірі «Табиғат» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов өзінің академик М.Әлиевті ұзақ жылдардан бері жақсы білетінідігін, оның дәрігерлік шипалы қолынан 20 мыңдай қазақстандықтың сауығып кеткендігін, өзінің де бір кезде осы адамның көмегімен дерттен сауыққанын айтады.

- Егер баласы Рахат Әлиев қылмыстық істер жасаған болса, ол үшін әкесі кінәлі болмауы керек. Өйткені Р.Әлиев кәмелет жасына толмаған жас бала емес қой, сондықтан баласының қылмысы үшін әкесі жауап бермейді. Ал егер билік солай болуы керек десе, бұл дұрыс шешім емес, - дейді М.Елеусізов.

Осы үндеуді қолдаушылардың тағы бірі Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин академик М.Әлиевпен бір жылдары парламентте бірге жұмыс істегенін, тіпті көрші болып тұрғанын айта келе, М.Әлиев кезінде Қазақстаннның денсаулық сақтау министрі қызметіне дейін атқарғанын және Қазақстанның денсаулық саласының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан адам деп есептейтіндігін жеткізді.

- Адам болған соң түрлі мінез де болады, бәлкім ол кісі тәккаппар, менменсіген адам болуы да ғажап емес. Алайда, оның денсаулық саласында істеген еңбектері мен көптеген шәікрттер дайындағанын және жасының келіп қалғанын ескеріп билік оны шетелге емделуге жіберу керек, - дейді С.Әбділдин.

М.Әлиевке қатысты үндеуге қосылғандардың тағы бірі - Мұхтар Әуезов қорының президенті Мұрат Әуезов баласының ел ішінде істеген тірліктеріне байланысты әкесін үй тұтқынында ұстау адамгершілік қағидасына жатпайтын іс деп есептейді.

- Баласы үшін әкесі жауап беретін заман келмеске кеткен. Сондықтан академик М.Әлиевтің денсаулық жағдайы расында шетелге шығып емделуді қажет ететін болса онда ол ақсақалды жіберген дұрыс болмақ, - дейді М.Әуезов.

Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, бұдан бұрын Қазақстан сотының үкімімен 20 жылға сырттай түрме жазасына кесілген Рахат Әлиев биылғы ақпанның 13-күні интернет арқылы таратқан мәлімдемесінде, денсаулығы дімкәс әкесінің шетелге шығып емделуіне Қазақстан билігі кедергі жасап отыр деп, адам құқығын қорғаушылар мен журналистерден бұл мәселеге байланысты жәрдем сұраған болатын.

Ақпанның 19-күні Қазақстанның бірқатар ақпарат құралдары академик Мұхтар Әлиев өзінің үйде құлап басын жарақаттап алған соң, ауруханаға түскенін, алайда елде де, шетелде де өзіне шұғыл операция жасау қажеттігі жоқ екендігін, ондай әңгімені ұлы Рахат әкесін шетелге алып кеткісі келіп шығарғаны туралы айтқаны жөнінде ақпарат таратты. Алайда, «Табиғат» қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов дәл қазіргі уақытта Алматыда ауруханада емделіп жатқан академик М.Әлиевтің ешкімге ондай мағынада сұқбат бермегенін айтып отыр.

Әзірге бұл қарама-қайшы ақпараттың ешқайсысын академик М.Әлиевтің өз аузынан растау мүмкін болмай отыр.
XS
SM
MD
LG